Home » Жаңалықтар » «Отбасы — бақыт мекені»

«Отбасы — бақыт мекені»

                                    «Отбасы — бақыт мекені»

Күштісі әлсізін тарпа бас салып, жұтып жіберуге дайын тұрған мына жаһандану заманында қандас, туыстас елдер бірігіп, өзара одақ құру арқылы әлдебір агрессиялық ұстанымдағы елдердің тізе батыруынан, жұтылып кетуден сақтануға болатындығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Осы орайда, өткен жылы қандас Түрік Республикасының Президенті Реджеп Таип Ердоған бауырымыздың «Түркі тілдес мемлекеттер Одағын» құрып, Тәуелсіз Қазақстан Республикасы сол Одақтың толыққанды мүшесі болғаны зор қуаныш. Одақ былтыр ғана құрылғанымен, түркі тілдес мемлекеттердің экономикалық байланысы, ел қауіпсіздігі, білім мен ғылым, әдебиет пен мәдениет сияқты ұлттық құндылықтарды дамыта, өрістете отырып, өзара тығыз байланыс орнату бағытындағы маңызды идея кешелі-бүгіндер ғана емес, оның бастамасы осыдан отыз жылдай бұрын қолға алынған болатын. Дәлірек айтқанда, білім беру саласында Тәуелсіз Қазақстан Республикасында сонау 1994-жылы «қазақ – түрік лицейі» ашылып, содан бері жемісті еңбек етуде. Бұл білім ордасының іргетасын қалауда түрік бауырлардың үлесі зор. Еліміз егемендігін жариялаған кезде, әлем елдері ішінде ең бірінші болып Тәуелсіздігімізді мойындаған түрік ағайындар қазақ бауырларының біліміне тамшыдай болса да үлес қосу мақсатында ашылған бұл лицей содан бері толассыз, зор құлшыныс, соны ізденіспен білім беріп, үлкен жетістіктерге жетуде. Сөзімнің дәлелі ретінде мына цифрларды айтып өткен лазым. Осы 1994-2021-жылдар аралығында лицей оқушыларының әлемдік, Республикалық, облыстық олимпиадаларда алған медальдарының жалпы саны 26053. Салыстыру үшін айтсақ, осы медальдарды бірінің үстіне бірін қаласақ 97 метрге жетеді екен. Бұл дегенің Астанамыздағы Бәйтеректің биіктігі. Ал, олардың салмағы 1820 килограм, яғни екі тоннаға жуық…

Бұл қазақ-түрік лицейі кейіннен ребрендингтен өтіп, «Білім-Инновация» деген атаумен қызметін жемісті жалғастыруда. Аталмыш «Білім-Инновация»

Халықаралық қоғамдық қорының Президенті, зияткер ұрпақ тәрбиелеуде сүбелі үлес қосып келе жатқан білікті басшы Дархан Ермаханұлы Өте мырза болса, Алматы қаласындағы  «Білім-Инновация» лицейінің директоры Пириев Эльбрус Камалұлы атты тәжірбесі мол пайымды педогог.

…Лицей оқушыларының алаңсыз терең білім, тәлімді тәрбие алып, олардың интеллектуалдық, мәдени, танымдық, творчестволық деңгейлері мен денсаулықтарының мықты да, шымыр болып қалыптасуы үшін қолдан келгеннің барлық мүмкіндіктер жасалуда. Тіпті оқушылардың білімге, ізденіске деген құлшынысын арттыру үшін материалдық ынталандыру шаралары молынан қарастырылған. Мысал ретінде айтайын: Халықаралық Олимпиадаларда Алтын медаль алған оқушыға 4 миллион бес жүз мың, күміс медальға 3 миллион бір жүз мың, қола медаль жеңіп алған оқушыға1жарым миллион теңге ақшалай сыйлық беріледі. Бұл өте жақсы стимул емес пе?!

Жоғарыда «денсаулықты нығайту» деп айтып кеткенімдей, қаламыздағы «Мамандандырылған «Білім-инновация» лицейінде өткен аптаның сенбісі, дәлірегі, 17 қыркүйек күні Отбасы күні және отбасылық ынтымақтастықты арттыру аясында 7-8 сыныптар арасында «Отбасы — бақыт мекені» атты отбасылық эстафета өтті. Спартакиаданы лицей директоры Пириев Эльбрус Камалұлы құттықтау сөзімен ашып:

-Құрметті ата-аналар мен оқушылар, сіздерді жаңа оқу жылындағы беташар ретіндегі денсаулық мерекесімен құттықтаймын. Қазақта: «Отан отбасынан басталады» деген орынды тәмсіл бар. Жақсы отбасында тәрбиеленген оқушыдан Отанын, елін-жерін, тілі мен ділін, салт-дәстүрін сыйлап, сол қасиетті қағидаларды берік сақтайтын патриот азамат қалыптасып шығатындығы даусыз. Сондықтан, алтын үштік:«мектеп-ата-ана-оқушы» сабақтастығын жалғастырып, тізе қоса дамыту мақсатында бүгінгі игі шараны өткізіп отырмыз – деп, қатысушы отбасы командаларға сәттілік тіледі.

Жарысқа келген отбасыларды қолдауға келген жанкүйерлер өте көп жиналды. Футбол добын кедергілер арқылы тоқтаусыз өткізіп, мәреден кері қайту, әр команда мүшелері теннис қалақшасыме теннис добын жерге түсірмеуге тырысып, қақпақылдай отырып жарысу, допты екі аяқтың арасына қысып жүгіру сияқты 6 кезеңнен тұрған эстафетаға 5 топ қатысты. Әсіресе, қазақтың ұлттық сайысы: арқан тарту қызықты да, тартысты өтті. Ата-ана мен оқушылардан құралған әр команда жанкүйерлердің шуласа демеуімен барлық жігерлерін салып, жеңісті қолдан бермеуге тырысып бақты. Спорттың аты спорт! Дайындығы күшті, ауызбірлігі мен жігері мықтылары жеңіп шығатындығы белгілі. Намысты қолдан бермей өз мүмкіндіктері мен айла, тәсілдерін орынды қолдана білген жігерлі команда — 8 «С» сынып жарыс чемпионы атанды. 2 орында — 7 «С» сынып,  3 орынды 7 «Б» сыныптың оқушысы Бақыт Жансұлтан бастаған ұйымшыл команда иеленді. Жеңіске жеткен сыныптарға дипломдар және спорттық сыйлықтар табысталды. Қалған қатысушы отбасыларға алғыс хаттар берілді.

Жарыс соңында лицей директоры Эльбрус Камалұлы Пириев сайысқа қатысып белсенділік танытқан отбасыларға, қолдаушы болып келген отбасылар мен жанкүйерлерге алғыс білдіре отырып, әр отбасыға бақ-береке, ынтымақ, сәттілік тіледі.

Іс-шара соңы естелік фотоға түсіп, қатысушылар бір- бірін құттықтап , қуаныштарымен бөлісті.
Эстафеталық жарыстың ұйымшылдықпен жоғары деңгейде өтуіне  директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұртаев Жантөре Нұржауұлы, ата-аналармен байланыс жетекшісі Шарафитдинов Зияхужа зор еңбек сіңірді. 

Ғабдул-СәбитЮсупов,
ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.