Талғатқызы Самал
Ақтөбе қаласы физика-математикалық
бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
музыкалық көркемдік жетекшісі
Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік кештің сценарийі
Сахна сыртынан (Жер-жаһанды сері самалға өткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, «Самарқанның көк тасын ерітіп», алтын күрекпен жер жүзін жібітіп, тас жүректерді мейіріммен үгітіп, Наурыз келді.
Наурыз — жыл басы, Ұлыстың ұлы күні! Күн мен түннің, ыстық пен суықтың, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін Табиғат мерекесі!
Салтымен Ата-Бабаның,
Жаңғырды жаңа заманым!
Тіршілік басы, о, Наурыз!
Қайырлы болғай қадамың!) деген мәтіндегі дауыс шығады.
Кимешек киген Әжелер хоры. «Дедімай-ау» халық әні. (Сахнада кимешектегі әжелердің жүн түтіп, ұршық иіріп отырған көрінісі)
Дастархан басындағы әже мен немеренің диалогы
Оқушы қыз бен немересі: Әже, әже!
Әже: Айнаааалааайын! Келе ғой! Сабағың бітті ме? Қайдан жүрсіңдер?
Бірінші немере: Иә, әже. Әжеее бүгін неге ерекше сұлу, әдемі болып отырсыздар, ааа? Киімдеріңіз қандай әдемі. Дастархан да жайнап тұр… Ммм…..
Әже: Айналайын, ақ қозым. Бүгін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы. Мінекей, Осы жыл басы Наурызда баршамыз жаңарып, жадырап, жақсылықтың жаршысы болған мерекені қуана қарсы аламыз. Қарның ашып қалған шығар, көжеңді іше ғой.
Екінші немере: Әже-ау, ал мен Наурыз жайында аңыз білемін.
Әже: Ақылдым сол, Наурыз жайында халық арасында аңыз әңгімелер көп. Ал менің батырым қандай аңызбен бөлісейін деп отыр екен, ааа…?
Бірінші немере: Наурыздың келгенін жандыда — балық, жансызда — Самарқанның көк тасы біледі деседі. Оның сыры мынада: ертеде патшалар көп балықты үлкен ыдысқа салып бақылап отырады екен, мал біткен сол сәтте шалқалап жатып бауырлары жарқырап аунап түседі. Жұрт сол кезде дүрліге отырып, «Ескі жыл кетті, жаңа жыл келді» деп той жасаған. Ал Төле бидің кезінде Наурыз құны астан, тойдан да қадірлі болған деседі.
Әжелер: Ой, жарайсың! Әп… Бәрекелді! Өркенің өссін! Еліміздің ертеңгі ақылдылары өсіп келе жатыр.
Екінші немере: Әже, наурыз көже өте дәмді шығыпты. Бірақ неге тек наурыз айында ғана ішеміз? Басқа тамақтардан бұл тағамның ерекшелігі қандай?
Екінші әже: Наурыз көже — дәстүрлі ұлттық тағам, балам. Бұл мейрам күндерінде ас мол дайындалады, бұл — «Келер жылда молшылық, құт-береке болсын» деген тілектің көрінісі. Наурыз көже деп аталатын ғұрыптық асты дайындауға зор мән беріледі, оның құрамына міндетті түрде жеті дәм қосылады. Наурыз көже – ұлттың қонақжайлығы мен жомарттығының көрсеткіші іспетті.
Арпа, бидай, тары бар,
Қатық, малта, ағы бар.
Ішілетін, жейтіннің
Бұл көжеде бәрі бар.
(Күліп, немерелеріне наурыз көжеден дәм татқызады)
Бірінші немере: Ал, наурыз көжеге тойсаң далада түрлі ойындар, көңілді ән шашулар болып жатыр. Тездетпесек бар қызықтан қалайын деп тұрмыз. Жүре ғой, кейін еркелерсің әжеге.
Екінші әже: Балалар, дастарханнан батасыз тұрмаңдар. Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер. Қазақ халқында батаның түрлері көп. Соның бірі – осы Наурыз бата. Қолымызды жаяйық, сөзі дуалы атамыздан Наурыз батасын алайық!
Ата «Наурыз бата» береді.
Немерелер: Қане, ана жақта «Нұр шашу»-дан би шашу болып жатыр. Жүр, бірге тамашалайық!
Екінші немере: Жүр!
Әжелер: Бара қойыңдар. Экранға қарап: Құрметті көрермен, Наурыз тойын сіздерде бізбен бірге тамашалаңыздар!
«Нұр шашу» үлгілі би ансамблінің орындауында «Наурыз» биі.
Бірінші немере: Қандай, керемет, мереке, иә? Көңіліміз шаттыққа толып, дастарханымыз жайнап, жанымыз жадырап, асыр салып билеп, барша халық болып тойлатып жатырмыз.
Екінші немере: Мен осындай сәтте өзімнің батыр, дана халқыма риза болып, қазақ болғаным үшін кеудемді қуаныш кернейді.
Бірінші немере: Менің де! Ананы қарашы, біздің оқушылар «Наурыз» әнін бірге шарқайын деп жатыр. Қане, бірге тамашалайық!
«Наурыз» әні
Бірінші немере: Құрметті, білім ордамыздың басшысы!
Екінші немере: Біздің екінші анамыз мектеп басшысы, Сізді де келіп жеткен Әз-Наурыз мерекесімен барша оқушылар атынан құттықтаймыз!
Мектеп басшысының құттықтау сөзі.
(Соңында білім ордасындағы басқа ұлт өкілдері де мерекемен құттықтайды.)
Әжелер: Ұлыс бақты болсын, Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін, Бәле-жала жерге енсін! Ұлы халқым тоқ болсын, Көйлектерің көк болсын! Қайғы-уайым жоқ болсын, Қуаныштарың көп болсын! Әмин!
Соңы…