Home » Мақалалар » БІЗДІҢ МҰҒАЛІМДЕР ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН

БІЗДІҢ МҰҒАЛІМДЕР ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН

Алдағы жексенбі Ел президентін сайлайтын күн. Бұл біздің болашақ дамуымыздың бағытын айқындайтын маңызды сәт болмақ. Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басқалы тұрғанда Қазақстандағы әрбір азаматтың дауысы шешуші мәнге ие болады. Сондықтан да біздің мұғалімдер, яғни, 85 жылдық тарихы бар қастерлі білім шаңырағы — №59 мектеп-гимназияның ұлағатты жандары, жексенбі күні өтетін президенттік сайлауға белсене қатысып, барша азаматтарды «Әділетті Қазақстан» үшін дауыс беруге шақырады.
Иә, біз «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жариялап жатырмыз. Тұғырлы ел, әділетті қоғам орнатамыз деп ниет етудеміз. Көп нәрсеге қолымыз жетті де, алайда әлі де көп нәрсені тындыруға тиіспіз. Бұл мақсатта біздің күшіміз – ынтымақта, береке-бірлігімізде болсын дейміз.
«Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда әділеттілік орнату. Ол үшін өткеннен сабақ алып, өткеннің қателігін түзетіп, қордаланған мәселелерді шешу керек» дейді біздің президенттікке үміткеріміз Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлауалды бағдарламасында. Әрине, өткеннен сабақ алу маңызды. Қателіктерді түзетіп, қордаланған мәселелерді біріге отырып шешу одан да маңызды. Біздің текті қазағымыз қай кезде болмасын, өзінің өткенінен сабақ алып, бүгінгісіне береке дарытып, өзінің ақыл-ойымен, рухани және адамгершілік қасиеттерімен кемел болашағын құра білген ұлт емес пе?.. Солардың бәрі қымбат та қасиетті боп қала беруі үшін олардың қажеттілігін мойындай білуіміз керек. Ата-бабамыздан қалған барша рухани мұра мен ұлттық құндылықтарды санамызда жаңғыртуға тиіспіз. Тоқаев мырзаның әділетті қоғам орнатуда ұлттық құндылықтарға барынша маңыз беруінің мәні де осында болса керек.
«Қолынан іс келетін еңбектенем деген әр азамат өзіне лайықты жұмыс тауып, көмекке мұқтаж кез келген азамат мемлекет пен қоғамнан қолдау көреді» дейді сондай-ақ. Көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын беру, бір-біріне болысу бұл ертеден бар ізгі қасиеттеріміз. Ағайындық таныту, асарлату, еңбектенем деген адамға күрек беру- бұл іргелі ел болудың белгісі.
«Мемлекет өскелең ұрпаққа білім беру үшін осы салаға инвестиция құя береді. Білім саласының барлық деңгейінде қордаланған мәселе шешіледі. Бала тәрбиесі мен олардың алаңсыз өмірі біздің жіті назарымызда болады» деп ұрпақ білімі мен тәрбиесіне де аса зор мән береді. Мына жарық дүниеде бағасын жоғалтпайтын бір үлкен байлық бар болса, әрине, ол- білімдарлық, білуге деген құштарлық. Егер сен қараңғыда жүрсең – жарығың, көкке самғасаң – қанатың. Ұрпақ біліміне салынған қаржы болашақта еселеп қайтатын болады. Біз үшін қазақтың әрбір қызы мен баласы қымбат. Олардың рухани бай, жан-жақты жетілген тұлға болып қалыптасуы мемлекет үшін де, қоғам үшін де маңызды. Болашақ экономист, инженерлер бүгін мектеп партасында отыр. Болашақ президенттер де осы балалардың арасында. Тек оларға қолайлы орта қалыптастырып, толыққанды білім алуына мүмкіндіктер жасалса, келешекте ел тұтқасын ұстайтын нағыз азаматтарға айналады. Елінің тағдырына жауап беретін тұлғалар негізінде осы жас кездерінде қалыптасады. «Баланы – жастан» деп бекер айтпайды ғой. Ұрпақ тәрбиесіндегі басты мақсат – баланың өз өміріндегі орнын, атқаратын міндетін, бүгінгі және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігін түсіну және жеке тұлға ретінде өзін қалыптастыруға баулу болып табылады.
Тоқаев мырза «Әділетті мемлекет», «Әділетті қоғам» және осы секілді Жаңа Қазақстанды барша қоғам болып құрсақ деген ниет-тілегін жариялады. Негізінде бұл идеялар жаңалық еместі. Өткен замандарда талай дана бабаларымызды толғандырған дүние. Айталық, әл-Фараби бабамыз қайырымдылық пен игіліктің қалай келетінін және бұл нәтижеге қандай жолмен жетуге болатындығын «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Азаматтық саясат» секілді трактаттарында кеңінен баяндап кеткен. Бабамыздың әсіресе қайырымды, ойшыл қоғамды адамның мүшесіне теңестіретіні бар. Қайырымды қала тірі ағзаның өмірін сақтау үшін барлық мүшелері бір-біріне көмектесетін тән тәріздес. Егер бір мүшесі дұрыс жұмыс істемей, ауру болса, онда бүкіл ағзаға зиянын тигізеді дейді. Иә, біздің қоғамымыз да осы ағза секілді. Оны сауықтырып, емдейтін жерін емдеп, бір жөнге келтірмесек, тағы болмайды. Ең бастысы, бір-бірімізге көмек беруіміз керекпіз. Жүйелі жұмыс керек. Қайырымды болуға тиіспіз. Қоғамдық маңызды мәселе туындады ма, онда ел болып, ағайын болып, атсалысу тағы қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлының бабалар арманын жүзеге асырсам деген ізгі тілек, асыл арманы әрине қолдауға лайық.
Қайырымды, әділетті, білімді, еңбексүйгіш қоғам қалыптастыруды барынша ниет етіп отырған бүгінгі біздің үміткеріміздің алға қойған мақсат-мұраттары қайсымызға болмасын жанымызға жақын, әрі сенім ұялатады. Бұл игі мақсаттарды жүзеге асыруға барша халықтың қолдауы аса қажет. Халық береке-бірлік сақтап, көзделген игі өзгерістерді жүзеге асыруға атсалысса, нәтижеге де соғұрлым тезірек жетеміз.
Береке мен бірлік, татулық пен достықты ұстаным етіп келе жатқан мұғалімдер қауымы өзінің қасиетті қызметін адал атқара жүріп, әділетті қоғам орнатуға барынша мүдделі екенін айта кетуге керекпіз. Өлшеусіз еңбегімен, ел баласын өз баласынан артық көріп, бойындағы бар игі қасиеттерді шәкірттер бойына дарытып, ізгі мақсат жолында еңбек ете беретін мұғалімдер елдік жұмыстар мен қоғамдық іс-шаралардың алдыңғы шебінен көрініп, ел-жұртты жақсылыққа, жарқын болашаққа қарай қадам басуға, әділетті қоғамды бірлесе орнатуға шақыра бермек.

Қанат Едігетегі,
Алматы қаласы
№59 мектеп-гимназияның мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.