Қазақстандық әрбір жаңа буын үлкендердің даналығынан, олардың тәжірибесінен және ең жақсы қасиеттерінен үйренеді, тәлім алады. Соғыс жылдарындағы батырларымыз бейбітшілікті қорғады, жеріміздегі бейбіт өмірді құтқару үшін талай аштық пен шығынға ұшырады, кейінгі жылдары қираған халық шаруашылығын қалпына келтірді, өз еңбектерімен экономиканың дамуына лайықты үлес қосты. Бұл – бүгінгі таңда мемлекеттік әлеуметтік саясаттың бір бөлігіне айналған күнделікті қамқорлықпен, қолдаумен ғана төлеуге болатын қарыз. Қалыптасқан мынадай ескі қағида бар: адам жасы өмір сүрген жылдар санымен емес, адам жанының жай-күйімен анықталады. Белсенді, өмірден шаршамайтын қарттарды көргенде, олардың қаншалықты бақытты екенін түсінесіз. Олар белгілі бір жасқа жеткенде жалғыздық сезімін бойдан кешіреді, олардың әлеуметтік шеңбері барған сайын тарыла бастайды, ал оларға еңбектерінің, төккен терлерінің ұмытылмағанын, туыстарына, жақындарына, қоғамға әлі де қажет екенін еске салудан маңызды ештеңе жоқ. Жақсы дәстүр бойынша қазанның бірінші күні халықаралық қарттар күні атап өтеміз. Қарттар күні – даналық, мейірімділік пен құрмет күні! Бұл мереке бәрімізге, аға ұрпаққа біздің сүйіспеншілігіміз, қамқорлығымыз бен назарымыз қажет екенін тағы бір рет түсінуге мүмкіндік береді.
Осы орайда 4 қазан күні №110 мектеп-гимназияда «Қарттарым – асыл қазынам» атты кеш өтті. Мерекелік шараға шағын ауданымыздағы ардагерлер, қариялар мен мектеп оқушыларының ата-әжелері, ардагер ұстаздар қатысты. Бүлдіршіндеріміз ән-бимен өнерлерін тарту етіп, мектеп ұстаздары арнайы әзірленген сахналық қойылым мен ансамбльде хор ұсынып, қарттарымыздың жүректерін елжіретті. Әрине, қарттарды құрметтеу және оларға алғыс айту тек мереке күні ғана емес, күнделікті жасауға міндеттіміз. Себебі біздің алған тәрбиеміз, біліміміз, көрген жарық күніміз солардың жастық шағымен бізге жетті, кемел қоғамды бүгінгі ұрпаққа табыстады. Дәл осы мерекеде барлық қарт адамдар алғыс сөздерін және ең шынайы, жүрекжарды құттықтауларды қабылдай отырып, оқушыларға да алғыс-тілектерін айтып, еңбек ардагері Бажиров Серік Ембергенұлы атамыз батасын беріп, балаларымызға балалық және жастық шақтың қадіріне жетуге үндеп, жарқын болашақ тіледі. Ардақты аталарымызға тақия мен шапан кигізіліп, аяулы әжелерімізге жаулық жабылып, мәре-сәре болып қайтысты. Қазыналы қарттарымызды әр күнімізде жалғызымыздай ардақтайық!
Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№110 мектеп-гимназияның
информатика пәні мұғалімі
Каракулова Женискуль Болатбековна