Home » Мақалалар » Білімгердің танымдық белсенділігін арттырудың ғылыми-теориялық негіздері

Білімгердің танымдық белсенділігін арттырудың ғылыми-теориялық негіздері

Ақерке Бақытқызы
Алматы қаласы
Қазақ Ұлттық қыздар
педагогикалық университетінің
7M01505-Биология мамандығының
2 курс магистранты
Ғылыми жетекшісі:
Қалиева Анар Нургаиповна
PhD, қауымдастырылған
профессор міндетін атқарушы

Түйіндеме. Білімгердің танымдық белсенділігін арттыру мәселелері қазіргі педагогикалық ғылым мен практиканың ең өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Танымдық белсенділік — бұл оқу іс-әрекетіне, білім алуға, ғылымға деген қызығушылық.

Түйін сөздер: таным, іс-әрекет, танымдық әрекет, танымдық белсенділік, танымдық әрекеттің белсенділігін мотивтендіру, түрткі, модернизация — қазіргі жағдайға сәйкестендіру, бағдарламалап оқыту.

XX ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап, оқу процесін белсендіруге бағытталған жұмыстар қолға алынды. Оқыту процесіндегі үлкен өзгерістерді Ж.Пиаже (Швейцария), Б.Блюм, Д.Ж.Бруннер, Ж.Ганье, C.Эриксонның (АҚШ) т.б. еңбектерінен байқасақ болады. Ж.Пиаже былай дейді: «мектеп — жаңаша ойлайтын, көзі ашық, көкірегі ояу, қабілетті адамдарды дайындауы қажет, бұрынғы ұрпақтың істеген еңбектерін ғана қайталап қоймай, шығармашыл, ізденгіш және ойлап тапқыш адамды әзірлеуі қажет» деген.

Белсенділік дегеніміз не десек —  ол қарқындылық, беріктік, төзімділік, сенімділік. Білімгердің белсенділігін байқау, басқару, тексеру белсендіру деп аталады. Ал белсендіру – білім берушінің белгілі бір мақсатқа, мұратқа негізделіп алынған іс-әрекеті, мазмұнды, көлемді, мағыналы оқу жүйесі қолданылатын және қызығушылықты тудыратын, шығармашылығын арттыратын, білімді меңгерудегі білімгердің өзіндік үйренуі, дағды мен шеберліктің қалыптасуы және оларды тәжірибеде қолдану әрекеті. Бұл тұрақты, күнделікті ағымдағы процесс болып табылады. Себебі, білім алушының терең ойлауының тоқтап қалуын немесе құлдырауын, енжарлық танытудан сақтап, жігерлі түрде, мақсатпен оқуға зерделенген процесс. Белсенділіктің мақсаты – біріншіден білімгердің белсенділігін қалыптастырып қалу, екіншіден оқу процесі мен тәрбиенің сапасын жоғары деңгейге көтеру [1].

Осы кезеңде танымдық белсенділік туралы екі мән қалыптасқан. Біріншісі — танымдық белсенділікті іс-әрекет ретінде қараса, ал екіншісі — сапа, деңгей, жетістік, тұлғалық білім деп қарастырады. Осыдан «танымдық іс-әрекет» және «танымдық белсенділік» деген екі ұғым ажыратылады. Оның теориялық жағынан да, тәжірибелік жағынан да мақсаты зор. Білімгердің оқу белсенділігінің мәселесі – педагогикалық зерттеулердің маңызды бөлігі. М.А.Данилов, Р.Г.Лемберг, И.Я.Лернер, М.И.Махмутов, М.Н.Скаткин, И.Ф.Харламов, Т.И.Шамова, Г.И.Щукина, А.Х.Аренова және т.б. осы оқу белсенділігін зерттеуде үлестерін қосты. Оқу белсенділігі – таным теориясымен тығыз байланысты болып табылады. Танымның негізгі мақсаты – білімгердің санасындағы объективтік шындықтың бейнеленуі болып табылады. Танымдық белсенділіктің сапасы төмендегідей компоненттермен ерекшеленеді: оқу тапсырмаларын орындауға дайындық; өзіндік іс-әрекетке ұмтылуы; тапсырма орындаудағы саналылық; оқытудың жүйелілігі, өзінің тұлғалық деңгейін көтеруге ұмтылысы және т.б.

Белсенділікпен қоса білімгердің білім алуға деген құштарлығының тағы бір маңызды жағы ашылады, яғни ол оқытушы мен ата-ана, әпке, ағасының көмегінсіз қандайда болсын іс-әрекетке бағытталған затты, құрал-жабдықты анықтап, зерттеуге байланысты іс-әрекетті жүзеге асырудағы дербестігі. Дербестік – танымдық белсенділік пен білім алушы арасындағы бір-бірінен ажыратқысыз ұғым. Неғұрлым белсенді білім алушы, соғұрлым тәуелсіз, өздігінше ізденеді; оқушылардың жеткіліксіз өз бетінше ізденбеуі, басқаларға тәуелді етеді және дербестіктен айырады [2].

Білімгердің танымдық белсенділігін арттыруда – оқытудың әдіс-тәсілдері мен құралдарын зерттеу ертеден бері басты мәселе болып табылады. Мысалға айтсақ, жас-ұрпақты тәрбиелеуде, философ Сократ эвристикалық тұрғыдағы әңгімені қолданған. XVII-XIX ғасырда өмір сүрген, педагогтар Я.А.Коменский, И.Г.Песталоцци, Ж.Ж.Руссо, A.Дистервег, К.Д.Ушинский және басқалары педагогтің міндеті – білім алушыға өз бетінше ойлаумен зерттеу ізденістеріне бейімдеу деп есептеген. Ең алғаш рет олар, дамыта оқыту дидактикасының негізін салды. Педагог А.Дистервег «нашар мұғалім шындықты өзі айтады, ал жақсы мұғалім оны табуға үйретеді». Өзіміздің ағартушыларымыз Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, педагогтар А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов өздерінің еңбектерінде, тәжірибелерінде жастарды шығармашылықты дамытуға, өз бетінше ойлай білуге шақырған. КСРО дидактері Л.С. Выготский, Б.Г. Есипов, Л.В. Занков, В.В. Давыдов, Р.Г. Лемберг, И.Я. Лернер, М.Н. Скаткин оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру мен дамыта оқыту тәжірибесіне зор еңбектерін қосты.

Қазіргі таңда білім алушының танымдық белсенділігін арттыруға негізделген бірнеше әдіс-тәсілдер пайда болды. Оларға тоқталатын болсақ:

Біреуі іс-әрекеттік тәсіл – ол білім алушыларды танымдық әрекеттің субъектісі ретінде қарастыруды көздейді. Іс-әрекеттік амал-тәсілдері негізіне әрекет теориясын жатқызамыз. Бұл туралы Қытай даналығында былай айтылған: «Маған айт – мен ұмытпаймын; маған көрсет – мен есімде сақтаймын; маған өзіме жасауға бер – мен үйренемін».

Екіншісі гумандық психология мен педагогиканың идеяларындағы тұлғалық-бағдарлық тәсіл. (К.Роджерс) былай деген: индивид үнемі өзгеріп отыратын қоғамның ортасында тіршілік етеді.  Яғни бұл тәсілде оқытушы ұйымдастушы болып саналады.

Келесі оқыту процесіндегі зерттеушілік тәсіл – жоғарыда айтқан тәсілдермен тығыз байланыста. Зерттеушілік тәсілді қолдану арқылы білім алушының нәтижелі түрде өзіндік танымдық іс-әрекетімен қамтамасыз етіледі, ойлау қабілетін кеңейтеді, ізденіп өзіндік білім алуға дайындайды [3], [4].

Қорытынды. Танымдық белсенділік – оқу-тәрбие процесін жетілдіру мен дамытудың маңызды шарты болып табылады, өйткені ол тәуелсіздіктің, бастамашылықтың дамуын, білім беру мазмұнын игеруге шығармашылық көзқарасты ынталандырады, білім алушының өзін-өзі жақсы жағынан көрсетуіне көмектеседі. Белсенділік әртүрлі қызмет түрлерінде көрінеді (оқу, еңбек, кәсіби, қоғамдық және басқалар).

Білім алушылар үшін жетекші қызмет түрі – оқу, білім алу. Сондықтан, бұл процесте оқушылардың белсенділігін арттыру мүмкіндіктерін іздеу қажет, бұл жалпы білім беру сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен бірге жалпы белсенді тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеді, яғни оқытудың негізгі принциптерінің бірі — белсенділік принципінің мәнін ашатын дидактикалық тұжырымдаманы құру қажеттілігі туындайды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. А.Е. Әбілқасымова. Студенттердің танымдық ізденімпаздығын қалыптастыру. Алматы, «Білім», 1994
  2. Ж.Б. Қоянбаев. Р.М. Қоянбаев Педагогика. Университеттер студенттеріне арналған оқу құралы. Астана, 1998
  3. З.А. Абасов. Познавательная активность школьников // Советская педагогика. — 1989. — №7. — С. 40-43.
  4. 4. Е.В. Белоусова. Рабочая тетрадь по дисциплине – средство развития познавательной активности и организации самостоятельной работы студентов // Педагогика: традиции и инновации. — Челябинск: Два комсомольца, 2014. — С. 106-108.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.