Home » Мақалалар » Саналы ұрпақ – жарқын болашақ

Саналы ұрпақ – жарқын болашақ

Макажанова Динара Тлеуовна
Қарағанды облысы білім басқармасы
Приозерск қаласының білім бөлімінің
«№2 жалпы білім беретін мектебі» КММ
бастауыш сынып мұғалімі

 Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға
Абай Құнанбаев

 

Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алар ісіміздің бірі – ұрпақ тәрбиесі болды. Халқымыздың болашағы – бүгінгі ұрпағы. Бүгінгі таңда мемлекетіміз өз тәуелсіздігін алып, өзінің дербес мемлекеттілігін қалыптастыруда.

Кез келген ұлтты қалыптастыратын орта – оның ұлттық мектебі. Сондықтан қазақ мектебінің тағдыры – ел тағдыры.

Ұлтымыздың болашағын ойлаған алаштың ардақтылары мұны әрқашан ескеріп отырған. Қазақ халқының ұлы перзенті Мұстафа Шоқай «Ұлттың мәдениеттен жұрдай рухпен тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жақтайтын пайдалы азамат шықпайды» — деп, ұлт болашағын ұлттық мектепте, ұлттық рухта тәрбиелеу керектігін көрсеткен.

Бүгінгі алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастырар артында өсіп келе жатқан жастар екені даусыз. Еліміздің ендігі дамуы мен өркендеуі, келешегі жастарға тікелей байланысты.

Ақын, педагог М. Жұмабаев айтпақшы мына қоғам «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға иек артады, соларға сенеді. Еліміздің өсіп өркендеуі үшін, жас мамандардың ойының ұшқырлығы, тың идеялары өте маңызды. Қандай мамандық иесі болса да, өз істеріне жауапкершілікпен қараған адамның, жетер жетістігі де өте көп болмақ.

«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Қайсар рух пен қара күшті қару етіп, еркіндік үшін күрескен бабаларымыздың ерлік жолындағы күресі бүгінгі таңда айбыны аспан тіреген тәуелсіздік тұғырын биіктетті.

Бүгінгі жастардың қоғамдық өмірден еш уақыт қол үзбей, өз елін сүюге, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын білуге тәрбиелеуге бүгінгі педагогика ғылымдарының алдында тұрған зор міндеттердің бірі. Қай ғасырда болсын ұлт өмірін өркендетуші саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі.

Ендігі кезекте тәрбие мазмұны мен жастарды тәрбиелеу ісі олардың дүниетанымын қалыптастыру және ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге баса көңіл аударуға тиіспіз. Әрбір қазақ жастары өздерін ұлтжандымын деп ұғынып, өн бойларында ұлттық намысын жоғары қою керек. Еліміздің бейбіт аспанында қазақ жастары тәуелсіз елдің айқын мақсаттарымен жігерленіп, тек қана алға ұмтылуға жұмыс жасаймыз. Ел сенімін, үмітін ақтау – жастардың қолында.

Сонымен қатар, қазіргі кезде «Жастар – еліміздің жарқын болашағы» деген қанатты сөздерді жиі айтамыз, ал сол жастардың  болашағы, Отанымыздың ертеңгі тағдыры болса,  соған дәнекер өзіміздің бүгінгі қызметіміздің қалай атқарылып жатқаны, қоғамға қандай үлес қосып жүргенімізге тікелей байланысты.  Жас күш, жас толқын болып толқып, ана тілінде сайрап, өзге тілді меңгеру арқылы болашақ елдің кемел келешегін биіктерден көруге үлес қоспақ, саналы ұрпақ…!

Сөз соңында айтарым, мына өтіп жатқан жаһандану, ғаламдану үрдістеріне жұтылып, ұлт ретінде жойылып кетпейік десек, ұлымызды рухты, қызымызды ғұрыпты етіп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелейік дегім келеді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.