Home » Мақалалар » Lesson study – жаңалыққа жол ашатын жоба

Lesson study – жаңалыққа жол ашатын жоба

Нурлибекова Елена Бауыржановна
Ақтөбе қаласындағы
физика-математикалық бағыттағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Зерттеу жұмысы оқушылардың жазылым дағдысын қалыптастырудың тиімді жолдарын іздестіру мен мұғалімнің оқыту үрдісіне өзгерістер енгізіп, оны жетілдіріп отыруына мүміндік береді.

Мемлекетті мемлекет ететін ең маңызды фактор – тіл. Сондықтан мемлекеттік тілдің өзіне лайықты дәрежесін ие болу мәселесін бір сәтке де назардан  тыс қалдырмай, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, дамыту және жетілдіру мәселелерін қолға алуымыз керек. Осы мақсатты жүзеге асыру барысында мектебімізде тілді кіріктірілген бағдарлама негізінде оқыту жобасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – оқушылардың сөйлеу әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым) дағдыларын қалыптастыру. Алдымен дағды ұғымына тоқталатын болсақ, дағдыға «автоматты түрде жасауға дейін жеткізілген әрекет; көп рет қайталау жолымен қалыптасады» деген анықтама беріледі. Қазақ тілі сабақтарында 4 тілдік дағды өзара  тығыз байланыста дамиды. Оқушының бұл дағдыларын қалыптастыру үнемі ізденісті, үздіксіз жаттығуды қажет етеді және әрбір дағдыны жетілдірудің өзіндік әдіс-тәсілдері, техникасы бар.

Қазақ тілі екінші  тіл ретінде оқытылатын топтарда оқытудың əдістемелік мəселелерін зерттеу əлі де жүйелі түрде зерттеуді қажет етеді. Соның бірі – оқушылардың жазылым  дағдысын  дамыту. «Жазылым» термині «жазу» деген мағынаны емес, «жаза білу», «ойыңды басқа біреуге түсінікті болу үшін сауатты жеткізе білу, қағаз бетінде түсіру» дегенді білдіреді.

Жазылым – тілдік 4 дағдының ішіндегі ең өнімді дағды болып табылады. Бұл жазылым дағдысын өзге тілдік дағдылардан бөліп алып, ерекшелеу дегенді білдірмейді. Қай уақытта болса да 4 тілдік дағды өзара тығыз байланыста дамиды. Ең басты нәрсе — оқушының осы дағдыны өмірде қолдана алуы, яғни оқушыны  өмірлік жағдайларға бейімдеп оқыту, болашақ өмірге дайындау. Осы орайда «Оқушыларды жазылым дағдысына қалай қызықтыруға болады?» деген сұрақ туындайды. Сұраққа жауап табу үшін жазылым барысында кездесетін қиыншылықтарды анықтап алған дұрыс.

Жазылым барысында кездесетін қиыншылықтар: көбінесе оқушылардың жазу барысында жіберілетін қателіктерден, сынға қалудан қорқуы; оқушылардың тілдік міндеттерді түсінбеуі; мақсатқа жетуіне сөздік қор жетіспеушілігінің кедергі болуы; ең бастысы – жазылым тапсырмаларының оқушылар үшін қызық болмауы. Осы  мәселені зерттеп, анықтау үшін  «Lesson study» жобасы аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері шығармашылық топ құрып, ізденіс жұмыстарын жүргізді. Зерттеу тобы «Оқушыларды жазылым дағдысына қалай қызықтыруға болады?» деген сұраққа жауап іздеді.

Ол үшін топ оқушыларына арнап құрастырылған түрлі тапсырмалар беріліп, өмірмен байланысты жағдаяттық тапсырмалар  берілгенде ғана оқушылардың қызығушылықпен жаза бастағанын байқадық. Жазылым дағдысын қалыптастыру барысында дұрыс құрастырылған тапсырмалар оқушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, білімдерінің тереңдеуіне, ой-өрісінің кеңейіп, қоғамдық өмірде кездесетін түрлі жағдаяттарға бейімделе білуге, белсенділік танытуларына септігін тигізетініне көзіміз жетті. Жазылым жұмысының сәтті шығуы ең алдымен сөздік қордың мол болуына тікелей байланысты. Сөздік қор оқылым арқылы келеді. Сондықтан оқушыларға жазылымға негіз болатын оқытуға іріктелген мәтіндер сәтті таңдалуы тиіс.

Жағдаяттық тапсырмаларды таңдауда нені ескеруіміз керек?

1.Тапсырманы дұрыс құрастыру. Тапсырма құрастыру барысында ескірген, баланы жалықтыратын, балаға жағымсыз әсер ететін тақырыптар (өлім, айырылысу, бақытсыз жағдай және т.б.) таңдалмаған дұрыс. Себебі мұндай тақырыптар баланы шаршатып, жағымсыз әсер қалдырып қана қоймайды, қызығушылығын төмендетеді. Оның орнына өмірмен тікелей байланысты, бала психологиясына лайық   белгілі бір жағдаятқа құрылаған мәтіндер оқушылардың жазылым  дағдысының дамуын жеделдетіп, сабаққа қызығушылығын және жазуға  деген ынтасын арттырады. Егер сіз сәтті тапсырмалар құрастыра алсаңыз, бала өзі білетін ақпаратты жеткізіп қана қоймайды, сіздің жақсы сұхбатшыңызға айналады.

2.Тапсырмалар оқушының сыни ойлауына негізделуі керек. Сын тұрғысынан ойлау – ашық қоғам негізі. Ол – өз алдына сұрақтар қойып және оларға жауап іздеу, әр мәселеге байланысты өз пікірін айтып, оны дәлелдей алу, сонымен қатар басқалардың пікірлерін дәлірек қарастыруды және сол дәлелдемелердің қисынын зерттеу дегенді білдіреді. Бұл оқыту «қарапайымнан күрделіге» деп аталады. Құрастырылған сұрақтар оқушының сыни ойлауына негізделуі керек.

3.Дерек көздерін дұрыс іріктеу. Қажетті дереккөздер ұлттық және аймақтық газеттер; қоғамдық-саяси журналдар, арнайы, салалық журналдар; төмен деңгейдегілер үшін балаларға, мектеп оқушыларына, жасөспірімдерге арналған журналдар; мақсатты, арнайы топтарға арналған журналдар; кітаптар, хаттар; газет оқырмандарының хаттары; комикстер мен әзіл-әңгімелерді қолдануға болады. Осы талаптарды сақтай отырып,  жазылымның   сабақ барысында қолданған үлгісін ұсынып отырмыз.

Ерекше хобби иесі

Коллекция жинау, суға жүзу сияқты хоббилермен ешкімді таңырқата алмайсыз. Дегенмен, маңыздысы біреуді таңырқату емес, алдымен жан қалауыңды тыныштандыру болса керек. Ал Лондондық Пол Ярроудың сүйікті ісі жанын тыныштандырып қана қоймай, біраз елді таңдай қақтырды. Оның сүйікті ісі — теледидардан көріну. Кез келген камера көрінсе болды, Пол жолындағыларды баса-көктеп камера алдына тұрмайынша, жан таппайды екен. Оны ешкім шақырмаса да, Пол журналистер сөйлеп жатқанда камераға түсіп қалғанды ұнататын көрінеді. BBC, ITV, Channel 4, Sky News арналарынан бой көрсетіп, «елге танылып» үлгерген Полдың түр-әлпеті бүгінде көп адамға таңсық емес. Әртүрлі жерде әртүрлі уақытта пайда болатын Ярроудың түсірілім қай жерде жүретінін қалай біліп қоятынын ешкім де анықтап айта алмады. Ол өзінің «тозбайтын» жейдесімен жүзден аса жаңалықтан көрініпті. Кейбіреулер Полдың бұл әрекетінің астында қулық жатыр деп сынайтын көрінеді. Дегенмен камера сүюші азамат бұл өзінің сүйікті ісі екенін айтады.

Жағдаят

Бір күні саған Пол Ярроумен кездесу  мүмкіндігі туды. Полмен ұзақ әңгімелесіп оның хоббиі туралы көп қызықты мәлімет білдің.

Тапсырма. Сен осы оқиғаны баяндау үшін достарыңа электронды хат жазуға шешім қабылдадың. Электронды хатың төмендегі мазмұнда болу керек:

Алғашқы кездесу қалай өтті? Қашан? Қай жерде өтті?

 

Қандай сұрақтар қойдың?

Сен үшін ең  қызықты болғаны не?

Электронды хаттың басталуын және аяқталуын ойластыр. Сөз саны: 130

Жоғарыдағы талаптарды сақтай отырып құрастырылған  тапсырмалар оқушылардың тілге деген қызығушылығын арттырып, тілдік дағдысын қалыптастыруға көмек болатынына көзіміз жетті. Біздің оқушыларымыз жазылым тапсырмасын аса қызығушылықпен орындады. Ең бастысы – оқушыларымызға мұндай тапсырмалар ұнайтынын байқадық.

«Сабақ беру — үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» — деп Жүсіпбек Аймауытов атамыз айтқандай, сабақ жоспарын бірігіп құру, сабақты бірігіп зерттеу, проблемаларды бірігіп шешу, яғни Лессон Стади жобасы мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтерудің, білімін жетілдірудің, тәжірибе алмасудың оңтайлы әдісі екеніне көз жеткіздік. Оқушы сабақты жақсы меңгеруі үшін бірнеше сабақ бойы түрлі әдістерді қолданып, бақылап, зерттеп, соңында тиімді әдісті анықтау арқылы жетістіккке жетуге болатынын түсіндік. Лессон Стади оқушыға саналы білім беруді көздеген, бір мақсатқа жұмылған ұстаздар шеберханасы деп айтсақ, артық айтпаған болар едік.

Пайдаланылған əдебиеттер тізімі:

  1. Оразбаева Ф. Тiлдiк қатынас: теориясы жəне əдiстемесi. – Алматы, 2000
  2. Абдразахова Ф.Ж. Қазақ тілін шетелдік студенттерге жазылым əрекеті арқылы үйрету əдістемесі (жоғары оқу орындарының филология факультетіне арналған): пед.ғыл.канд. автореф. – Алматы, 2003.
  3. Dudley, P. (2011). How Lesson Study orchestrates key features of teacher knowledge and teacher learning to create profound changes in professional practice [Кәсіби тәжірибеде түбегейлі өзгеріс жүргізу үшін Lesson Study мұғалімнің білімі мен дағдыларының негізгі мазмұнын қалай анықтайды]. Presented at the World Association of Lesson Studies Annual Conference, Tokyo.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.