Қазіргі уақытта Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында білім және ғылым жүйесін жаңғырту бойынша зерттеулер жүргізілуде. Нақты қандай мәселелер бойынша зерттеулер жүргізіліп жатқаны туралы бағдарламаның ғылыми жетекшісі, Алтынсарин академиясының бас ғылыми қызметкері Күлжанат Булатбаева айтып берді.
– Бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан зерттеулер туралы айтып өтсеңіз.
- Академияда БҒМ Ғылым комитетінің тапсырмасымен «Білім және ғылым жүйесін дамытудың ғылыми негіздері» нысаналы-қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. 2021-2023 жылдарға арналған бұл бағдарламаның 14 бағыты бар, оның 10-ын Алтынсарин академиясы жүзеге асыруда. Ал қалған 4 бағыт бойынша Академия Білім және ғылым министрлігіне қарасты төрт ғылыми-практикалық орталықпен бірлесіп зерттеу жүргізуде.
Бағдарлама аясында үш ауысымды мектептер мәселелері, үштілді білім беру, оқу үлгерімінің төмендігі мәселелері, эргономикалық білім беру кеңістігінің моделі, сондай-ақ педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын жобалау, үздіксіз кәсіптік педагогикалық білім беру, оқушылардың теңгерімді тамақтануы бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр.
- Үш ауысымды мектептер мәселесі бойынша зерттеу жүргізіліп жатқанын атап өттіңіз. Бұл мәселенің оңтайлы шешімі бар ма?
- Елімізде үш ауысымды мектептер саны жыл сайын көбейіп жатқанын премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Білім және ғылым министрлігінің алқа отырысында айтып өткен болатын. Бұл мәселе өз кезегінде білім алушылардың оқу үлгерімінің төмендеуі, оқу ресурстарының жетіспеушілігі сияқты кері әсерін тигізетіні белгілі. Үш ауысыммен оқытудың білім сапасына кері әсерін тигізбеуі үшін ең ұтымды шешімдерді анықтаудың маңызы зор. Сондықтан бұл бағытта да қарқынды зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта үш ауысымды оқыту мәселесін шешудің бірнеше жолын анықтап қойдық, атап айтқанда, типтік оқу жоспарына өзгеріс енгізу, оқушылардың мектепке келу кестесін өзгерту және аралас оқыту.
- Бұдан бөлек қоғамда өзекті қандай тақырыптар зерттелуде?
- Бағдарлама аясында зерттеліп жатқан білім саласындағы өзекті мәселелерге тоқталатын болсам, қазіргі уақытта оқу үлгерімінің төмендігі мәселесі де біздің назарымыздан тыс қалып жатқан жоқ. Қазіргі уақытта білім алушылардың оқу үлгерімінің неліктен төмендейтінін, қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтық, педагогтердің әдістемелік дайындығы мәселелерін зерттеу үстіндеміз. Зерттеу аясында білім алушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру және білім сапасын арттыру бойынша бағдарлама әзірленеді.
Аталған жобалармен қатар Академияда үштілді білім беру мәселелері зерделенуде. Осыған байланысты үштілді білім беруді дамыту мен таратудың тұжырымдамалық негіздері бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Көптілді тұлғаны қалыптастыру үшін тілдерді оқытудың тиімді әдістерін анықтау, заманауи оқу-әдістемелік жабдықтармен және материалдық-техникалық базамен қамту маңызды екені белгілі. Зерттеулер нәтижесінде мектептердің барлық типтері үшін үштілді білім беруді дамытудың тиімді әдістемелерін іріктеу бойынша әдістемелік ұсынымдар дайындалатын болады.
Нысаналы-қаржыландыру бағдарламасының тағы бір бағыты – Қазақстан мектептерінде білім беру кеңістігінің қолжетімділігі мен тиімділігіне зерттеу жүргізу және эргономикалық білім беру кеңістігінің моделін әзірлеу. Қазіргі уақытта эргономикалық талаптарға сай жаңа типтегі мектептің тұжырымдамалық модельдерінің бірнеше нұсқасы әзірленді. Білім саласындағы эргономика мектеп сыныптарының жайлы әрі қолайлы болуын қарастырады. Мұның бәрі білім алушылардың эмоционалды жағдайына және олардың үлгеріміне айтарлықтай әсер етеді.
- Бағдарламаның атауынан ғылым саласының да зерттеуден тыс қалмағанын аңғарамыз. Ғылым бойынша жүргізіліп жатқан зерттеулер туралы айтып берсеңіз.
- Бағдарлама аясында еліміздегі ғылым саласын жетілдіру бойынша да зерттеулер жүргізілуде. Негізгі бағыттарды атап өтсек, жоғары оқу орындарында оқу процесінде кездесетін проблемаларды талдап, оңтайлы ұсынымдар беру, сондай-ақ ғылым жүйесін материалдық қамтамасыз ету, ғылыми ұйымдар және университеттердің ғылыми белсенділігін және тиімділігін бағалау, Қазақстанда ғылыми зерттеулер нәтижелерін өндіріске енгізу және коммерцияландыру жолдарын анықтау бойынша қажетті тетіктерді әзірлемекпіз.
- Зерттеу жұмыстарымен кімдер айналысып жатыр?
- Аталған бағыттардағы зерттеу жұмыстары аясында педагогтер, психологтар, әдістемешілер, тіл мамандары, денсаулық сақтау мамандары мен экологтар, халықаралық дәрежедегі қаржыгер-экономистер сынды ғалымдар жұмыс істеуде. Жалпы бұл бағдарламаға 136 негізгі зерттеуші тартылып отыр. Соның ішінде 10-нан астам ЖОО-да арнайы ғылыми бағытта жүрген ғалымдар атсалысуда.
- Зерттеу нәтижелері қалай қорытындыланатын болады?
- Қазіргі уақытта зерттеу нәтижелеріне 400 елді мекен мен 1000-нан астам әр деңгейдегі білім ұйымдарында эксперимент жүргізу басталды. Бағдарламаның әрбір бағыты бойынша жүргізілген зерттеулердің қорытындылары тұжырымдамалар, модельдер және бағдарламалар түрінде ұсынылатын болады.
Ы.Алтынсарин атындағы
Ұлттық білім академиясының
баспасөз қызметі