Home » Жаңалықтар » Ауыл балаларын қуантқан Ақниет

Ауыл балаларын қуантқан Ақниет

Батысқазақстандық Ақниет Асқаров қардан жасаған мүсіндерімен ауыл адамдарын таң қалдырды. Шеберлігімен көзге түсіп жүрген оқушының қолынан шыққан ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері кішкентайлардың да ермегіне айналды.  

Облыс орталығынан шалғайдағы Қаратөбе ауданына қарасты Сулыкөл ауылынында тұратын Ақниет – Қалдығайты орта мектебінің 8-сынып оқушысы. Кішкентайынан еңбекқор болып өскен Ақниет – елгезек, үлкен-кішіні сыйлай білетін кішіпейіл. Оның үстіне темірден, шыбықтан, ермексаздан түрлі дүниелер жасайтын таланты да бар.

Кейіпкеріміз оқуда озат, алғыр. Мектепішілік мәдени, спорттық іс-шараларға белсене қатысады. Ұстаздары оның зеректігімен, шығармашылық қабілетімен, табанды қасиеттерімен мақтанады. Сынып жетекшісі Құндыз Төлеутаева шәкіртінің болашағынан зор үміт күтеді.

Ақниет үйінің ауласына қолтырауын, қонжық, барыс, сегізаяқ сынды ертегі кейіпкерлерін қардан қалап, жонып, оларды бояп, ойын алаңқайын жасады. Сулыкөл ауылының балалары Ақниеттің ауласына күнде жиналып, суретке түсіп, мәре-сәре болады. Кішкентайларға осындай жақсы көңіл күй сыйлаған Ақниет Тілектесұлының болашағы жарқын болуына біз де тілекшіміз.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ
«Bilim ainasy»
Батыс Қазақстан облысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.