Home » Мақалалар » ҰЛТТЫҚ  СПОРТТЫ  ҰЛЫҚТАЙЫҚ

ҰЛТТЫҚ  СПОРТТЫ  ҰЛЫҚТАЙЫҚ

Әрбір ұлттың әдебиетімен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен бірге жасасып келе жатқан құндылықтары болады. Сондай құндылықтардың бірі  — ұлттық спорт. Бесіктен белі шыққан  баласының өзі асық атуға асығатын елдің ұлттық спортқа деген ептілігі қанына сіңген деп айтуға болады.  Көне тарих беттеріне көз жіберсеңіз, халқымыздың жігерін жанып, салауатты өмір салтына деген сүйіспеншілігін оятқан спорттық ойындардың көптеген түрлеріне кезігеріңіз анық. Атап айтсақ, ат спортының түрлері, ақыл-ой ойындары, күрес түрлері, жеңіл атлетика, күш сынасу сияқты адамға жігер беретін, санасын серпілтетін ұлттық ойындардың қай –қайсысының да руханият төрінен ойып тұрып орын алатындай қадірі мен қасиеті бар. Кеңестік саясаттың құрсауында қалған сонау жылдары әдеби-мәдени құндылықтарымызбен бірге ұлттық спортымыздың да «ұйыққа батып» кете жаздағаны рас. Аллаға тәубе дейік, Тәңір сыйы  — Тәуелсіздіктің арқасында «өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды», ұлттық спортты ұлықтайтын күнге де жеттік. Орда бұзар отыз жасқа келген Тәуелсіздіктің арқасында осынау спорт түрі де қанатын қомдады. Елімізде жыл сайын ұлттық спорт түрлерінен республикалық, халықаралық жарыстардың көптеген түрлері өтуде. Бір қуантарлық жағдай  — қазіргі жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығы мен құлшынысы.

Кейінгі жылдары ат жарыстары, көкпар, аударыспақ, құсбегілік, қазақша күрес, сонымен қатар тоғызқұмалақтан өтіп жатқан республикалық халықаралық жарыстарды жүйелі түрде өткізу жолға қойылды. Демек, біздің ұлттық спортымыз  — спорт саласындағы әлемдік қауымдастыққа кіре бастады.

Жалпы, қазақ баласының бесіктегі тербелісінен бастап, бүкіл ғұмыры ұлттық спортпен тығыз байланысты. Құрбы-құрдастарымен асық ойнауы  — мергендік пен дәлдікке, ептілікке, бес жаста ат жалын тартып мінуі  — батылдыққа, күресуі  — әдіскерлікке, көкпар тартуы  — күштілікке тәрбиелейтін құрал. Бүгінгі күні «салауатты өмір салты» деп жаңалық ашқандай болып жүргеніміз  — әбестік сияқты көрінеді маған. Мұндай салт атам заманнан бері біздің қанымызда бар емес пе?! Біздің көкпарды енді ғана көрген шетелдіктердің таң-тамаша болып, көкпардың жанында коррида мен регбидің түкке де тұрмайтындығын мойындауының өзі ұлттық спортымыздың қаншалықты бағалы, құнды екендігінен сыр аңғартса керек. Осындай сәттерде баға жетпес құндылықтарды бойына жинай білген баһаүр бабаларымызға деген шексіз құрмет пен мақтаныштың бойды кернейтіні рас.

Енді кейбір ұлттық ойындарға қысқаша тоқталып көрсек. Қарапайым ғана асық ойыны баланың ақыл-ойы мен дүниетанымын дамытып, дәлдік пен мергендікке баулитындығы белгілі. Балаларын жеті жастан бастап әскери өнерге баулып, ат құлағында ойнайтын жауынгер тәрбиелеп шығу  — әрбір қазақ азаматының басты мақсаты болған. Ал, мергендік  — атпен құйғытып келе жатып-ақ құралайды көзден ататын жігіттеріміз үшін аса маңызды болса керек. Ендеше, асық ойындарына тоқтала кетсек, Асық дегеніңіз, бір қарағанда, бар болғаны  — малдың сүйегі ғана. Біздің көшпенді бабаларымыз ысырапшылдыққа жол бермеген, малдың терісін, сүйегін, жүнін  — бәрін де пайдасына жарата білген. Тіпті, қойдың жауырынын ақ сөңке қылып тазалап, айлы түнде ақсүйек ойнауының өзінде қаншама ұлттық пәлсапа жатыр десеңізші!.. Белгілі мамандардың сөзіне сүйенсек, асық ойнау кезінде мида болатын процесс баланы тыныштандырады, ал, екіншіден, ол баланың логикалық ойлау қабілетін дамытады, үшіншіден, балаға кез келген жағдайда тың шешім қабылдауға дағдыландырады. Тағы бір пайдасы, Ұшып бара жатқан асықты кірпік қақпай бақылап тұру көздің бұлшық еттерінің дамуына жақсы әсер етеді екен.

Тоғызқұмалақ  — ұлттық дүниетанымның бір бөлшегі, бұл дегеніңіз  — этноматематика, қазақ деген халықтың әлемдік мәдениетке қосқан сүбелі үлесі. Тоғызқұмалақ ойыны бүгінгі таңда елімізде өсу, өрлеу, даму дәуірін бастан өткеруде. Бұл ұлттық ойынымыз әлі күнге дейін адам ойы мен санасын дамытудағы өзінің әділ бағасын алған жоқ. Алдағы жылдары осынау ойынның беймәлім қырлары мен сырлары толық ашыларына сеніміміз мол. Ұсақ заттарды ұстағанда оның ми қозғалысына оң әсер ететіндігі, логикалық және түйсіктік ойлау жүйесін дамытатындығы ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.

Ат спорты  — қазақ халқының қанына сіңген, бабалардан баласына мұра болған қасиет. Жылқы мінезді қазақтың кешегі аңыздардағы Кентавр сияқты осынау қасиетті түлікпен біте-қайнасып кеткендігі белгілі.

Ақтамберді жыраудың:

Жылқыдан асқан мал бар ма,

Қымыздан асқан дәм бар ма? – деп жырлауы да бекер емес.

Дала қазағы үшін жауын аттан аударып тастап, астындағы тұлпарын алу, қарсыласқан жауының кеудесіне найзасын тіреп, аттың үстінен аудару ерлік пен батылдықтың ерен үлгісі болған. Баһадүр батырларымыздың даңқы осылай шыққан.

Қарапайым теңге ілудің де мәні мен маңызы өте зор. Мысалы, жаумен шайқас кезінде қорамсақтағы оғыңыз таусылып қалды делік. Амал жоқ, атпен шауып өтіп, жерде шашылып жатқан жебелерді жинап алуыңыз керек. Мұндай сәтте аттан түсіп, жебе жинауға мүмкіндіктің болмайтындығынан әлгінде айтқан теңге ілудегі тәсіліңіз іске асары хақ. Халқымыз осындай жағдайлардың бәрін ескере келе, осынау ойын түрін ойлап шығарса керек.

Енді қазақ күресіне біршама тоқталып өтсек. Күрестің де адамды аса ептілікке баулитын спорт түрі екені бүгінде бәрімізге белгілі. Тәубе дейік, бүгінгі таңда қазақ күресі елімізде қарқынды дамып келеді. Ең басты қуанарлық жағдай  — оның мемлекеттік қолдауға ие болуы. Атап айтар болсақ, «Қазақстан барысы» жобасы бойынша мықты палуандарымыз жыл сайын қомақты сыйақыларға ие болуда. Осы жайдың әсерінен, көптеген жастарымыз қазіргі таңда осы спорт түріне қарай бет бұруда. Тау көтерген Толағайдың, хас баһадүр Қажымұқанның, Балуан Шолақтың ұрпағы емеспіз бе, күреске деген құмарлық біздің қанымызда бар. Рас, қазақша күрес үйірмелерінің қалалардан бой көтеруі бәрімізді қуантады, дегенмен нағыз қара күш пен төзімділіктің ортасы  — айналайын ауыл емес пе? Біздің ауылдарымызда да заманауи спорт залдары ашылып, күрес саласының мықты мамандары тартылса, қазақ халқын әлемге танытар мықты палуандарымыздың көптеп шығатындығына сенім мол.

Иә, ұлттық спорт, оның даму сатылары туралы көп нәрсе айтуға да, жазуға да болар. Қазақ халқының маңдайына біткен көрнекті тұлғалары  — Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин секілді арыстарымыз ұлттық ойындардың балаларға білім мен тәрбие берудегі пайдасы мен мәнін жоғары бағалап, осынау құндылықтың өміршең болуына баса назар салу керектігін айтса, қазақтың талантты ақыны Мағжан Жұмабаев ұлттық ойындарды халық мәдениетінің бастау-бұлағы, адамның ойлау қабілетінің дамуына игі әсер ететін негізгі элементтердің бірі деп таныған.

Ұлттық спорт түрлері  — ұлтымыздың тәрбие негізіндегі алтын діңгегі. Халқымыз «Тәні саудың жаны сау» деп түсініп, қанымен, дәстүр-салтымен біте қайнасқан ұлттық спорт түрлерін бүгінгі ұрпағына мирас етті. Ал, осынау қастерлі құндылықты біз келешекке қандай негізде жеткізе аламыз? Ойланарлық мәселе…

Әйгерім БҰЛАНБАЕВА,
Қарағанды Техникалық Университетінің
екінші курс студенті

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.