Home » Мақалалар » Құстар біздің досымыз

Құстар біздің досымыз

Садырбаева Меруерт Мадыкановна
МКҚК №18 бөбекжайбалабақша тәрбиешісі
Білім беру саласы: «Әлеумет»


Оқу қызметі: Қоршаған ортамен танысу

Тақырыбы: Құстар біздің досымыз

Мақсаты: 1.Құстар  және  оларды  бір-бірінен  қалай  ажырату  керектігін  түсіндіру.

2.Құстарға  ғана  тән  ерекшеліктерді  түсіндіру  арқылы  есте  сақтау  қабілеттерін   дамыту.

3.Табиғатты  сүюге  және  оған  қамқор  болуға  баулу.

Қолданылатын  көрнекі  құралдар: сауысқан  имен  торғайдың  суреттері, үлестірмелі   материалдар.

Билингвальды   компонент:  құстар-птицы, торғай-воробей,

Қонақтармен амандасу.

Біздер жақсы баламыз,

Өсті ақыл санамыз.

Қонақтармен ең алғаш,

Амандасып аламыз.

Жарқырасын күніміз,

Жайнап тұрсын гүліміз.

Жақсы ниет тілекпен,

Бастайық сабақ бүгін біз.

Жұмбақ  шешкізу.

Қанаты бар талмаған
Аспанда ұшып самғаған
Жауы шыбын — шіркейдің
Табиғатты ол қорғаған.
(құс)

— Құстар нешеге бөлінеді?

— Екіге бөлінеді. Үй құстары және дала құстары.

— Қандай үй құстарын білесіңдер?

(Суреттер көрсетеді)

— Қандай дала құстарын білесіңдер?

— Балалар бүгін біз құстар жайлы әңгімелейміз.

Тәрбиешіні тыңдап, сұрақтарына жауап береді.

Құстар қанат және қауырсындарымен  ерекшеленеді. Олардың  ауыздарының  орнында тұмсық, қолдарының  орнында  қанат, екі аяғы бар, бірақ  олар көбінесе аспанда ұшып, қалықтап  жүреді.

— Құстардың қандай дауыс шығаратынын білесіңдер ме?

(Сиқырлы қалам арқылы  көрсетеді)

Балалар құстардың дауысын келтіріп айтады.

— Мына құстардың қалай аталатынын білесіңдер ме?

— Мынау не?

-Торғай

— Ал, мынау ше?

-Көгершін

— Балалар біз серуенге шыққанда торғай мен көгершінді бақылаған едік. Пішіні бойынша қайсысы үлкен?

-Көгершін

Балалар торғай туралы тақпақтарын айтады.

Торғай, торғай, тоқылдақ

Жерден дәнді шоқып ап,

Бөтегесі бұлтиып

Шиқ-шиқ етіп отырмақ.

— Құстар зиянды құрт-құмырсқалармен  қоректенеді. Сөйтіп, олар  көптеген  зиянды  жәндіктерді  құртады. Қыста  құстарға  жем  тауып  жеу  қиынға  түседі. Сондықтан  адамдар  жемсауыт  жасап,  оны  ағаш  бұтақтарына  іліп  қояды. Жемсауытқа  нан  қиқымдарын  және  т.б, жем  салады.

Нан қоқымын шашпаңдар

Жерде жатса баспаңдар

Теріп алып қастерлеп

Торғайларға тастаңдар.

Д\о «Үй және дала құстарын ажырат»

Екі бала шығып үй құстарының суретін бір себетке, дала құстарының суретін екінші себетке жинайды.

Сергіту сәті

Орманның біз емшісіміз

Тоқ,тоқ, тоқ.

Құрт біткенді жоқ етеміз,

Жоқ, жоқ, жоқ.

Тоқ,тоқ, тоқ.

Жоқ, жоқ, жоқ.

Балалар қимылмен көрсетеді

Көрініс «Бұлбұл мен Тоқылдақ»

Бұлбұл келіп бұлқынды,

Тоқылдақты жұлқыды.

«Күндіз де тоқ-тоқ,

Түнде тоқ-тоқ

Ойпырым-ай, өзің бір

Екенсің жан жоқ!

Сенің тоқылыңнан

Орман жаңғырып,

Таңертең тұрамыз

Басымыз мәңгіріп…»

Сонда тоқылдақ

Күлді де сақылдап,

Көрсетті оған бір құртты

Тұмсығымен шоқып ап.

«Бұлбұлмын дейсің

Дымды білмейсің.

Кезің келді сыналар,

Мен болмасам мыналар

Жоқ қылмай ма орманыңды,

Көрер ем сонда ән салғаныңды…

Құрт жеген соң гүліңді

Жұрт неғылсын үніңді»

Тоқылдақ орман құсы, ол орманда өмір сүреді. Ағаштарды құрттардан, шіруден сақтайды.

Бір күні ағашты тоқылдатып, құртын жеп жатқан тоқылдаққа бұлбұл келіп, өз ренішін айтады. Сонда тоқылдақ оған, егер ол болмаса құрттар ағаштарды жеп, орманды жоқ қылатынын айтады. Ал бұлбұл да орманда өмір сүреді. Егер орман болмаса бұлбұлға да қиын болады.

— Балалар құстар туралы қандай тақпақтар білесіңдер?

Құстар туралы тақпақтар айтады.

Қорытынды:

— Балалар құстар біздің досымыз екен. Өйткені олар құрт-құмырсқаны, зиянды жәндіктерді жейді. Құстар ән салып көңілімізді көтереді. Олар бақтың сәні. Сондықтан да біз құстың ұясың бұзбауымыз керек. Балапандарына тиіспеуіміз керек. Себебі олардың да аналары шырылдап балапандарын іздейді. Біздер балалар осы құстарға қамқорлық жасауымыз керек.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.