Home » Мақалалар » УНИВЕРСИТЕТПЕН ҚҰРДАС КАФЕДРА

УНИВЕРСИТЕТПЕН ҚҰРДАС КАФЕДРА

А.А.Сатбекова
Қазақ ұлттық қыздар                                                                                        педагогикалық университеті,
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор,
«ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері

Тарих көшінің сан белесінен абыроймен өтіп келе жатқан республикамыздағы жоғары оқу орнының ішіндегі бірегейі – Қазақ ұлттық  қыздар педагогикалық университеті. Бұл – қазақтың қара шаңырағының берекесіне айналған қылықты қыз бен ұлағатты аналарға білім мен тәрбие нәрін егетін, 80 жылға жуық тарихы бар киелі білім ордасы. Ұлттың ар-ожданы, кемел келешегі, ұлтжанды арулар мен азаматтарға байланысты. Тектілік те тәрбиеге қарайлас қасиеттердің бірі, тегінде адамдықтың бастауы- ананың мейірімі мен ыстық ықыласында.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тарихы терең, мазмұны бай.  Ол өзінің 80 жылға жуық тарихында қалыптасу мен дамудың әр түрлі кезеңдерінен өтіп, қоғамның өзгерістеріне сәйкес көкейкесті мәселелерді шеше алатын жоғары білікті мамандар даярлап келеді.Ұрпақ тәрбиесі ана ұлағатынан, әже әлдиінен  бастау алатыны ешкімге жаңалық емес. Ертеңгі ұл мен қызды тәрбиелейтін ана – бүгінгі бойжеткен, аяулы аруларымыз. Тал бойына қайсарлық пен өжеттік, нәзіктік пен мейірімділік қатар дарыған дала қыздарының тектілігін ешкім де жоққа шығара алмас. Ел басына күн туғанда, ерлермен бірге қан кешкен Әлия мен Мәншүктің, ел намысын өз намысы деп ұққан кешегі Ләззат пен Сәбираның ерлігі сөзіміздің айқын дәлеліндей. Кең ойлап, тең кесетін дала перзентінің даралығы дарыған Қыздар университеті бүгінгі күні де білім кеңістігінде білімді де білікті мамандарды даярлаумен ерекшеленіп отыр. Ауылда, әсіресе, шалғай ауылдардағы елді мекендерде тұратын қазақ қыздарынан жоғары білімді педагог даярлауға арналған білім отауының тұсауы Ұлы Отан соғысының шешуші кезеңінде, 1944 жылы кесілген.

«Ел-бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», — деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бүгініне емес, ертеңіне зейін қойған,   университеттің ашылуына күш салған азаматтардың, атап айтқанда, мұның басында сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Жұмабай Шаяхметов, республика  Халық  Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов және Дінмұхаммед Қонаев, Жұмабай Тәшенов сынды ел ағалары — республика басшылары, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров секілді зиялыларымыздың тілек-талабы ескеріліп, 1944 жылдың 15 тамызында өткен Қазақстан Партиясы Орталық Комитеті Бюросының бір мәжілісінде Республикада қыздар педагогтік институтын ашу қажет деп табылып, осы мәселе бойынша Қазақ ССР-інің Халық Комиссарлар Кеңесі арнайы Қаулы қабылдады. Онда: «Алматы қаласында 1944 жылғы 1 қыркүйектен бастап физика-математика, тарих, тіл және әдебиет факультеттері бар Қазақтың қыздар педагогтік институты және құрамында мектеп және мектеп жасына дейінгі бөлімдері бар Қазақтың қыздар педагогикалық училищесі ұйымдастырылсын» деп көрсетілді.  Осы жаңалықты қуанышпен қабылдаған кемеңгер жазушы, ғұлама ғалым М.Әуезов: «Тәңір жазса, бұл институт қазіргі және болашақтағы қазақ қыздарының шамшырағы болады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі ешқашан сөнбесін дейік»,- деген екен.

1944 жылы институттың ашылуымен бірге қабырғасы қаланып «Тілдер кафедрасы» деп  атанған біздің кафедраның да 80 жылға жуық тарихы бар. Қазіргі таңда университетпен бірге жасасып келе жатқан Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы – қабырғасында қазақ тіл ғылымының марқасқалары дәріс берген тарихы бай, іргелі кафедралардың бірі.

Университет дамудың басым бағыты ретінде білім беру қызметінің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті халықаралық және ұлттық аккредиттеу агенттіктерімен жоғары бағаланады. Университет Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінде институционалды аккредиттеуден сәтті өтті. Университеттің білім беру бағдарламалары ACQUIN (Германия) және IAAR (Қазақстан) сияқты аккредиттеу агенттіктерімен 3 жылдан 7 жылға дейін аккредиттелген. Аккредиттеу нәтижелері ҚазҰҚПУ-дың білім беру бағдарламаларының сапасының жоғары және олардың халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкестігін растайды. Аккредиттеу және Рейтингтің  Тәуелсіз Агенттігінің ақпары бойынша, рейтингті анықтау барысында студенттердің, оқытушылардың, зерттеушілердің сапалық құрамы, академиялық мобильдік байланыс, түлектердің сұранысқа ие болуы, мамандық бойынша оқытушылардың, магистранттардың, докторанттардың ғылыми мақалаларының бәсекеге қабілеттілігі ерекше назарға алынған. Бұл жетістіктер – университеттің білім беру деңгейі мен белсенділігінің арта түскендігінің және әлемдік стандарттарға сай дамып келе жатқандығының нақты көрінісі. Бұл жетістікке жетуге кафедра ұстаздары мен ғалымдарының қосқан үлесі өте жоғары.

Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы «6В01702 –қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» және «6В02302 – Филология» білім беру бағдарламалары бойынша білім бакалавры, сондай-ақ жоғары білімнен кейінгі білім беру саласында магистратура бойынша «7М01702– Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», «7М02301-Филология» мамандықтарында, ал докторантурада «6D020500»,  «8D02301-Филология(PhD)» БББ бойынша мамандар даярлайды. 6В01702-«Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» БББ-ның жетекшісі  ф.ғ.к., профессор м.а. С.А. Асанбаева, 6В02302-«Филология» БББ-ның жетекшісі ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Ғ.Б. Шойбекова.

Кафедра осы мамандықтарға байланысты оқу жұмыс жоспарын жасайды, өзіндік білім траекториясын құрастырамыз, мамандықтардың оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілуін бақылауда ұстаймыз, аккредитация талаптарының орындалуын қадағалаймыз. Шетелдік университеттермен академиялық мобильдік орнатуға, шетелдік білікті мамандарды дәріс өткізуге шақыртамыз. Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі саласындағы жаңа да өзекті мәселелерді көтеретін элективті курстар бакалавр, магистратура, докторантура бөлімдерінде оқытылады.

Біздің түлектеріміз ғылым мен білім жүйесінде (университеттер, колледждер, мектептер, ғылыми-зерттеу институттары), баспасөзде (газет және журнал редакциялары, баспалар, радио және теледидар), мемлекеттік қызметте (сыртқы істер, мұрағаттар, кітапханалар, мұражайлар) әр түрлі профильдегі фирмалардағы агенттіктер жүйесінде сұранысқа ие. Бізде бакалавр, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша жаңа білім беру бағдарламалары құрылуда; оқу зертханалары мен орталықтары жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда университет түлектері-өзінің кәсіби еңбектерімен еліміздің барлық тараптарында өз қабілеттерін танытып, ұлт мақтанышына айналуда.

Сыртқы академиялық ұтқырлық пен қос дипломды білім беру аясында біздің білім алушыларға әлемнің жетекші университеттерінде: Ресей халықтар достығы университетінде (Ресей), Қазан федералдық университетінде (Ресей), Силезия университетінде (Польша), Хубэй университетінде (Қытай), Нийде Өмер Халисдемир (Түркия) және т. б. білім алу үшін мүмкіндіктер қолға алынған.

Қыздар университетінің миссиясы ретінде «Әлемдік үздік тәжірибелер негізінде  адами капиталды дамыту» деп нақты көрсетілгендігіне баса назар аударғым келеді. Біздің кафедраның мақтанышы – ол адами қор, интеллектуалдық байлық. Бүгінгі таңда кафедрамызда 20-ға жуық жоғары білікті  оқытушы-профессорлар қызмет істесе, соның ішінде Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар академиясының, Ресей Федерациясы Педагогикалық білім берудің халықаралық ғылым академиясының, Ресей Жаратылыстану академиясының академиктері, ғылым докторлары  бар. Олар туралы шын мәніндегі бірегей интеллектуалдық әлеуетпен қатар нағыз элита ретінде ұзақ толғауға, шежіре жазуға болады.

Барлық жетістіктердің көзі білімде екенін біліп, соны ұрпағына жеткізуді қазақ ұлылары мақсат еткенін Абайдың «Білім таппай мақтанба», Ахмет Байтұрсынұлының «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек» деген нақылдарынан көруге болады. Бұл – ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мәселе. Бүгінде ел мен елдің арасындағы даму алшақтығы туралы сөз болғанда міндетті түрде олардағы білім деңгейі есепке алынады. Осыған орай адам капиталының қуаттылығын арттырудың маңызды құралы ретінде жоғары оқу орындарына зор міндет жүктеледі. Республикада бірнеше педагогикалық жоғары оқу орындары  бар екені және бәсекелестік болғанына қарамастан, біздің мамандықтарға оқуға түсуге ниет білдірген талапкерлердің саны азайған емес. Ол – қазақ қыздарының 80 жылға жуық тарихы бар оқу орнында сапалы білім беретініне сенгендігі. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік және оны да абыроймен атқару алғышарттары бар. Оның ең бастысы білікті профессор-оқытушылар құрамы қалыптасқандығында. Олардың ішінде ғылым докторлары, профессорлар Атабаева М.С., Ермекова Т.Н., Сүлейменова Ж.Н., Сатбекова А.А., ғылым кандидаттары, профессор м.а. Абдирасилова Г.Қ. Отарбекова Ж.К., Қайдарова Г.Қ., Сембаева А.Ғ., Асанбаева С.А., Шойбекова Ғ.Б., Ибраймова Л.А., PhD қауымд.проф.м.а. Нұржанова Б.Н., PhD, аға оқытушылар Мурзинова А.С., Ескермесова Г.А., Рысқұлбек Д.Ж., Малдыбаева М.Ә. т.б. еңбектерін ерекше атауға болады.

Биылғы оқу жылында  кафедраның оқытушылары Г.Қ.Абдирасилова,  Ж.К. Отарбекова, Г.Қ. Қайдарова, Б.Н. Нұржанованың ҚР Білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетов мырзаның АЛҒЫС ХАТЫМЕН марапатталғандығы біз үшін үлкен  мақтаныш.

Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасында  «ЖОО ҮЗДІК ОҚЫТУШЫСЫ» мемлекеттік грантының жеті иегері қызмет етеді. Олар: Абдирасилова Г.Қ. — бағдарлама көшбасшысы, ф.ғ.к., профессор м.а.; Ермекова Т.Н.- ф.ғ.д., профессор, Ресей Жаратылыстану академиясының академигі; Сүлейменова Ж.Н.- п.ғ.д., профессор; Сатбекова А.А. — п.ғ.д., профессор, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар академиясының академигі; Отарбекова Ж.К.- ф.ғ.к., профессор м.а.; Шойбекова Ғ.Б.- ф.ғ.к., профессор м.а.; Ибраймова Л.А.- ф.ғ.к., профессор м.а. Осындай ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алған, өз елін сүйген, тілін, тарихын, әдебиетін, мәдениет пен өнерін ардақтаған келешек ұрпақ өткеннің тәжірибесінен тағылым алып, болашағына негіз қалары хақ.

Осы орайда айта кететін жайт, Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Атабаева Мереке Сатылғанқызының «Қазақ грамматикасы — жаңа бағыт арнасында» тақырыбындағы көшбасшылық дәрісін білімгерлер мен оқытушылар Қыздар университетінің Youtube арнасынан көріп, тыңдай алады.

Бүгінгі таңда ЖОО-лар жүйесін бітіруші түлектің бәсекеге қабілеттілігі, оқытудың мобильділігі, оқыту технологиясының инновациялығы, білімгерлердің академиялық мобильділігі, сапалы білімнің қызметке орналасудағы кепілділігі сынды мәселелер толғандырады.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Қазақ тілі және әлем тілдері институты Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы   оқыту жүйесіндегі оқу жоспарларына, білім беру бағдарламаларына енгізілетін уақыт талабынан туындаған инновациялық – технологиялық өзгерістерге, ең алдымен, кәсіби мамандар даярлаудағы мамандық құзіреттілігіне айрықша көңіл бөлуде. Бұл біздің кафедрадағы оқу жүйесі жаңаша бағыт алып, шын мәніндегі өз ісіне сай мамандар дайындауға бетбұрыс жасағандығының айқын көрінісі.

Университетте академиялық ауысыммен, басқа түрлі бағдарламалар аясында студенттерге шетелдерде білім алуға кең мүмкіндіктер қарастырылған. Қазақ тілі және әлем тілдері институты бірнеше шетелдегі ЖОО-мен шығармашылық және ынтымақтастық қарым-қатынас жасайды. Шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында биылғы оқу жылында Түркияның Башкент университетінің профессоры, PhD Сүйер Екер институт студенттері мен магистранттарына білім берудегі заманауи әдіс-тәсілдер мен үлгілер бойынша дәріс оқыды және институттың профессор-оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында «Қазақ тіл білімі және түркітанудың ғылыми-теориялық мәселелері» тақырыбында 72 сағаттық арнайы курс өткізді. Сонымен қатар Hacettepe университеті түрік халықаралық білімі бөлімінің профессоры Гүлін Оғут Екердің «Академиялық сауаттылықтың теориялық және практикалық негіздері» атты ғылыми өндірістік семинары да жоғары деңгейде өтті. Оқу үдерісіне шетелдік ғалымдарды тарту алдағы уақытта жалғасын таба беретіндігі сөзсіз.

2021-2022 оқу жылының  көктемгі  семестрінен бастап кафедраның   академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмысының нәтижесінде Түркия елінің Нийде Өмер Халисдемир университетінің 2 курс  студенттері Фуркан Северлер мен  Жейда  Гөчмен және  3 курс  студенті  Алпер-Туфан Дейірменжі «6B02302 Филология»  БББ (білім беру бағдарламасы)  бойынша оқып жатса, «7М01702– Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының   1-курс

магистранттары Мұрат Ұлжан мен Қасымқұл Айдана академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Түркия  елінің  Нийде  Өмер Халисдемир университетінде білім алуда.

Түбі бір түркі халықтары тарихтың сынынан сүрінбей өтіп, қазіргі уақытта тығыз қарым-қатынас орната бастауында халықтар арасындағы келісімнің, түрлі шаралардың алатын орны орасан зор. Түркі халқының мәңгі мақсат-мұраттарын көздейтін Күлтегіннің «Тұтас түрік елі» идеясы бүгінде жаңа белеске көтерілді. Бұған жоғары білікті педагог кадрларды даярлайтын іргелі жоғары оқу орны, білім мен ғылымның қарашаңырағы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті де өзіндік сүбелі үлесін қосуда.

Достығымызды нығайтып, ортақ мәдени мұраны жұмыла дамытуға бағытталған шаралардың қатарында Университет бастамасымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Халықаралық Түркі әлемі зерттеулеріне арналған симпозиум әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасап келеді. Ғылымның сан қырлы саласын қамтып қана қоймай, рухани — мәдени байланыс та орнататын симпозиумның басты мақсаты: Түркі әлемінің өзекті мәселелерін талқылау: ғылым – білім саласындағы Түркі халықтары мемлекеттері университеттері арасындағы байланыстарды нығайту, студент, магистранттар, мамандар алмасуды жолға қою.

Қыздар университеті жылдан-жылға дамып, көркейіп келеді. Заманауи білім беруді қолға алып, озық білім беру жүйелерін енгізіп, қос дипломды білім беруді жүзеге асыруда. Қазіргі кезде «Арулардың ақ мекені» атанып кеткен парасатты білім ордасы-университетіміздің болашақ ұстаздардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына және еліміздің әлемнің дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің деңгейіне көтерілуіне өздерінің сүбелі үлесін қосып жүргендігін кейінгі шәкірттерімізге үлгі-өнеге етіп келеміз.

Жоғары оқу орындары бірыңғай білім берумен шектелмей, тұлға тәрбиелеу мен ғылымды қатар алып жүруі керек. Себебі мемлекеттің дамуы, елдің ілгері басуы қоғамның ақыл-парасатына, білімі мен ғылымына байланысты.

Университет қабырғасында тек білікті маман ғана емес, уақыт талабына жауап беретін тұлға дайындауды басты назарда ұстайтын ҚызПУ ректоры Гүлмира Әмірханқызы  Қанай педагогикалық білім беруді дамытудың тетіктерін атады: «…елімізде орын алып жатқан реформаларды жылдамдату және педагогикалық білім берудің сапасын арттыру мақсатында келесідей ұсыныстар бергім келеді:

Біріншіден, біз, жоғары оқу орындарының өкілдері, профессорлық-оқытушылық құрам дәрежесіндегі академиялық автономияны ары қарай кеңейтуіміз қажет.

Екіншіден, біз оқытушылардың эмпирикалық зерттеу жасау әлеуетін арттырып, зерттеу негізінде білім беру принциптерін іске асыруымыз қажет.

Үшіншіден, біз жұмыс берушілермен біріге отырып, инновациялық оқу бағдарламаларын дамытуымыз қажет.

Төртіншіден, біз келешек ұстаздарды оқытуда рефлексия, эмоционалдық зияткерлік, инклюзивтілік, әлеуметтік және шешім қабылдау сияқты дағдыларды дамытуымыз қажет.

Бесіншіден, біз кәсіби білікті арттыру орталықтарымен және жұмыс берушілермен біріге отырып, университеттерге практик мамандарды көптеп тартуымыз қажет.

Алтыншы, біз университеттердегі оқытушылар мен зерттеушілерді білім беру саласындағы реформаларды дамытуға және іске асыруға көптеп тарту маңызды.

Жетінші, біз педагогикалық білім берудің сапасын арттыру мақсатында ары қарай да университеттерді кәсіби бағыттарына сәйкес бейімдендіруді жалғастыру беруіміз қажет».

Өздерінің мақсатқа бағыттаушылығы, орасан зор жасампаздық қуаты, шығармашылық ізденісі мен жоғары кәсіби деңгейі арқасында кафедра  ұжымы қойылған міндеттерге қол жеткізуде тек табыс биігінен көрінуде.

Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасында тілші ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор С.М.Исаевтың ғылыми мектебі, белгілі қыпшақтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбжан Құрышжанұлының ғылыми мектебі, қазақ тіл біліміндегі синтаксис саласының белгілі маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбжаппар Аблақұлының өзіндік ғылыми мектебі қалыптасқан.

Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы ұйымдастыратын дәстүрлі шаралардың ішінен ғалымдардың туған күндері қарсаңында өтетін «Исаев оқулары» «Құрышжанов оқулары» атты ғылыми-практикалық конференцияларды, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбжаппар Аблақұлының құрметіне ұйымдастырылатын дәстүрлі педагогикалық идеялар жәрмеңкесін, мемлекеттік тілді дамыту мақсатында еліміздегі жоғары оқу орындарының өзгетілді студенттері арасында «Менің Отанымның мемлекеттік тілі» атты «Қазақ тілінен» республикалық  пәндік олимпиаданы атап көрсетуге болады. Кафедра оқытушыларының  аталған іс-шаралардың жоғары деңгейде өткізілуіне белсене атсалысуы шәкірттердің ұстаздары алдындағы борышының өтеуі әрі есімдеріне деген зор құрметтің бір белгісі болса керек.

Кафедра мамандары заман талабына сай жабдықталған 4 атаулы дәрісхананы студенттердің жүйелі де тыңғылықты білімін қамтамасыз ету мақсатында пайдаланады. Атап айтқанда, «Профессор С.М.Исаев атындағы атаулы дәрісхана». Дәрісханада ғалымның тіл теориясы мен әдістемесіне, тіл тарихы мен грамматикаға қатысты жазған барлық еңбектері, суреттері мен естелік кітапшалары, қолжазбалары жинақталған. «Профессор Әбжан Құрышжанұлы атындағы түркітану және тіл тарихы» кабинеті. Кабинет ұзақ жылдардан бері қазақ тілінің тарихы туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бұл сала бойынша көптеген кітаптар жазған, еліміздегі және шеттегі түркі тілдес елдерге аты белгілі түрколог, қыпшақтанушы ғалымның өмір жолы, ұстаздық қызметі, ғылыми-зерттеу еңбектерімен таныстыру мақсатында ашылған. «А.Байтұрсынұлы атындағы зертхана». Тіл білімі институты мамандарымен бірлесе ашқан  зертхана ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін салушы ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлының өмір жолы, ұстаздық қызметі, лингвистикалық мұрасымен студенттерді жете таныстыру мақсатында ашылды. Кафедра жанынан белгілі әдіскер-ғалым қазақ тілі әдіснамасының негізін салушылардың бірі, айтулы тұлға Шамғали Харесұлы Сарыбаев атындағы әдістемелік зертхана ұйымдастырылған. Зертхана мақсаты-Ш.Х.Сарыбаев еңбектерін зерттеп-зерделеу, болашақ мамандарды кәсіби шеберлікке шыңдау.

Еліміздің мектеп бітірушілері арасында қабілетті, дарынды оқушыларды қолдау мақсатында «А.Байтұрсынұлы» атындағы республикалық пәндік олимпиадасын өткізудегі мақсатымыз — зейінді, зеректі, ынталы, білімді жастарды ұрпақ тәрбиесіне, ұстаздық жолға ынталандыру, сапалы білім алуды қолжетімді ету.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары  нәтижелілігінің маңызды өлшемінің бірі –кафедра ғалымдары мен қызметкерлерінің рейтингі жоғары халықаралық ғылыми журналдарда мақала жариялауы. Ғалымдарымыздың мақалалары импакт-факторлық көрсеткіші мен индекстеу дәрежесі жоғары Thomson Reuters және Scopus базасындағы ғылыми басылымдарда шығарылады.

Біз қыздарымызға жоғары білім берумен қатар, олардың рухани адамгершілік болмысын зерттей отырып, ұлттық тәрбиенің қазақи мектебін жасауға ұмтыламыз.

Кафедраның жанында студенттердің ғылыми бірлестіктері тұрақты жұмыс істейді. Жыл сайын ғылыми конференциялар өткізіледі. Талапты студенттер үшін ғылыми-әдістемелік үйірмелер жұмыс істейді. Айталық, «SMART — PhiloloG» лингвистикалық ғылыми үйірмесінің жетекшісі PhD, аға оқытушы Мурзинова А.С. «SMART — PedagoG» педагогикалық үйірмесінің жетекшісі г.ғ.м., аға оқытушы Рысқұлбек Д.Ж. Осы орайда айта кететін жайт,  ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының мұрасы мен ұлт руханиятына қосқан үлесін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін алаң қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы ЖОО филология мамандығының 2-4 курс студенттері арасында өткізілген

«А.Байтұрсынұлы тағылымы» атты республикалық интеллектуалды сайысқа белсене қатысып, терең білім, ұтқыр ой және зияткерлік қабілетімен дараланған «МАСА» тобы: (Канлиева Аяжан, Орыспай Әнел, Нұржаубекова Аяла, Ізтілеу Ұлпан) ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. «Өнерпаз болсаң, арқалан» дегендей, біздің студенттер өздері қалаған үйірмелерге қатысып, ой-өрісін ұштайды, қабілеттерін шыңдайды.

Кафедраның жалпы білім беретін орта мектептер үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ғылыми-әдістемелік тұрғыдан жоғары білікті мамандарын даярлаудағы қызметі ерекше. Кафедра эдвайзерлері жастар тәрбиесінде отансүйгіштік пен саламатты өмір сүру салтын ұстануды назарда ұстайды, оларды үнемі бәсекеге қабілетті кәсіби шеберлік пен терең білім алуға бағыттап отырады.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде, негізінен, ауылдық жерлердегі мектептерге мұғалім мамандар даярланатындықтан, оқуға түсетіндер де – сол елді мекендерден келетін түлектер. Ауылдағы ең қажетті, әрі қасиетті шаңырақ, бар қазақтың алтын бесігі-мектеп. Сондықтан да қазақ халқының алтын бесігі-ұлттық мектептерге маман даярлау – біздің кафедра ұжымы үшін өрелі, әрі қастерлі міндет. Осы орайда  мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Көпбайқызының «Қазақ мектебі-қазақ ұлтының бесігі» атты еңбегінде айтылған мына ойын келтіргенді жөн көрдім: «…қазақ мектептерінің ұстаздары өздері таңдаған қасиетті мамандыққа адалдық танытып, жаһандану ғасырында өмір сүретін шәкірттерін болашақта бәсекеге қабілетті, өзін қазақ елінің, қазақ жерінің иесімін дей алатын, сол ұлы мақсатқа аянбай қызмет ете алатын тұлға, азамат тәрбиелеуі керек».

Ұстаздық мамандық ешуақытта ескірмейтін, қажеттілігін, маңыздылығын жоймайтын, жауапкершілігі де жоғары қасиетті мамандық. Себебі, ұстаздың алдында еліміздің болашағы, әр ата-ананың көз-қуанышы, үкілеген үміті отыр.

Ертеңгі ел аналарының тұлғаларын мәдени құндылықтарды игеру дағдысында тәрбиелеп, этномәдениеттік шығармашылыққа баулу арқылы ұлттық рухани биіктікке көтеруді мақсат етіп отырған, ұлттық ұжданымыз бен халықтық қасиетіміз дарыған Қыздар университеті келешегінің кемел боларына сеніміміз мол.

Ұлттың тілі, ұлт анасының тілі арқылы сақталатынын естен шығармасақ, қазақылығымызды ертеңгі күнге жалғайтын алтын көпір қаракөз қыздарымыз екені де ұмыт қалмайды. Себебі қыздың ары – ұлттың ұжданы, ана тілінің бағы — заманымыздың құты.

ӘДЕБИЕТТЕР:

1.Қанай Г. Педагогикалық білім беруді дамытудың тетіктері //

https://qazaq1913.com/2021/10/07/yzpu-rektory-pedagogikaly-bilim-berudi-damytudy-tetikterin-atady/ 07.10.2021.

  1. Беркімбаева Ш. К. Қазақ мектебі-қазақ ұлтының бесігі.-Алматы, 2006.

3.Шамшырақ сәулесі.-Луч светила.-Алматы: «Қыздар университеті» баспасы, 2014. Жауапты редактор А.А.Сатбекова.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.