Home » Білім және тарих » ӨНЕРДІҢ ӨРЕН ЖҮЙРІГІ

ӨНЕРДІҢ ӨРЕН ЖҮЙРІГІ

      Алаштың арысы Мағжан ақынның «Әр адамның ынтасы түрлі нәрседен оянады: біреудің музыкадан, біреудің суреттен, енді біреудің поэзиядан. Өнердің бір түрінен ләззат алмайтындай, біреуіне құмар болмайтындай адам болмайды» — дейтін нақылы бар.  Осы бір даналық сөз менің 40 жылдан бергі үзеңгілесім Әуесбай Бақбергенұлының өнермен өрілген өнегелі өмірін айқындап тұрғандай екен. Тіршілікті музыкасыз елестету мүмкін емес. Музыка – адам санасын еріксіз билеп алатын құдіретті күш. Осы құдіретті күш ел-жұрт Әукең деп сыйлап кеткен аға досымның өне бойын билеп, санасын жаулап алғанына жетпіс жылдан асыпты. Өйткені, сиқырлы саз, әуезді әуен ананың ақ адал сүтімен, текті бабаның қанымен даритыны ақиқат.

Әукең екеуміздің арамыз небәрі 3 жас. Үзеңгілес аға дос деп құрметтеп-қадірлейтінім де сондықтан. Бұл азаматты 1978 жылдан бері, атағы жер жарған «Алатау» ән-би ансамблінің бишілеріне баяншы-аккомпаниатор болған кезінен біледі екенмін. Екеуміз де қатар жүріп даңқты өнер ұжымында еңбегіміз жанды. Аты аңызға айналған ансамбль туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 2018 жылдың 8-қазанындағы санында журналист Хамит Есаман «Алатауды асқақтатқан өнерпаздар» мақаласында былай жазыпты:

«Жет­пісінші жылдары композитор Са­дыхан Әубәкіров, сол кезде Жамбыл облыстық халық шы­ғар­машылығы орталығының ди­ректоры қызметін атқарып жүрген ақын Жақсылық Сәті­беков сияқты ел азаматтары бас­тамасымен құрылған ансамбль құрамында отызға тарта өнерпаз қызмет еткен екен. Ал­маты қаласындағы «Гүлдер» ансамблінен Әулиеатаға арнайы келіп, өнер көрсеткен балетмейс­тер Елдос Усин, «Гүлдер» ан­самблінен келген режиссер Серік Елеусізов, виолончельде ойнаған шебер Шекер Ах­метжанов, әнші, Таластың тумасы, Манарбекше шырқайтын марқұм Алтынбек Оразбеков, Құттыбай Тілеумұратов, Гүлнәр Өтепова, Асылбек Жанғарин сияқты өнерпаздарды халық әлі күнге дейін іздейді. Ал көпшілік үшін күйші Сақып Әбдірәсілов, қобызшы Бекет Жетпісов, сырнайшы Әуесбай Тоқпанбетов сияқты азаматтардың орны бір­ бөлек. Сағындырған сахна саң­лақтарының кейбірі бүгінде тағ­дырдың жазуымен өмірден өтіп кеткен болса, кейбірі тіршіліктің бұйрығымен өзге салада қызмет атқаруда».  Елдің аға газетінде жазылған әуезе деректер жастық шақтың шуақты сәттерін көз алдымызға келтіріп, алыста қалған сағым жылдарға деген сағынышымызды оятты. Әукеңмен «Алатау» ансамблінен басталған таныстығымыз өмір бойғы әріптестік сыйластыққа, уақыт өте достық пейілдегі қимастыққа ұласып жатыр.

Аға досым Абай атындағы педучилищедегі оқытушы болып жүрген жерінен 1982 жылы жаңа құрылған Красногор ауданына мәдениет бөлімін басқаруға қызмет ауыстырды. Ол кісінің босаған орнына Макаренко мектебінде ән сабағының мұғалімі болып жүрген жерімнен мені ұлағатты ұстаз, саз өнерінің саңлағы Қаршыға аға Стамқұлов шақырды. Қазір ойлап қарасам, Әукең Красногорға кетпегенде мен училищеге келер ме едім?! Тағдырдың маңдайымызға жазып берген сара жолымен жүріп отырып, Абай атындағы қара шаңырағымызда қызмет қылғаныма содан бері қырық жыл зу етіп өте шығыпты. Красногор ауданының мәдениетін көтеруде табысты еңбек еткен Әукең араға 3 жыл салып училищеге қайта оралды. Содан бері өнер сахнасында да қызмет бабында да зейнет жасына шыққанша сабақтасып қатар жүріп келеміз. Басымыздан небір қызықты дәурен өтті.

Тоқсаныншы жылдардың тоқырау жылдарында «байдалы түгіл, бас қайғы» дейтін заман еді ғой. Ұстаздардың жалақысы айлап кешіктіріліп, маңдай тердің ақшасы заттай берілген сарыуайым кездер әлі есте. Отбасыны асыраудың қамымен мұғалімдер саудаға шығып, базар жағалап кеткен елең-алаң шақ бүгінде  көрген түстей елес боп қалды. Сананы тұрмыс билеген тұста қара қазан, сары баланың қамында жүрген Әукең екеуімізді бәсі биік өнеріміз асырады. Мен баянымды ол домбырасын асынып, дуэт құрып, талай тойдың сәнін келтіріп, асабалық еттік. Қуанышына ортақтасқан елдің ыстық ықыласына бөленіп, ақ батасын алдық.

Уақыт машинасы әрқайсымызда бар: өткен шаққа – естелік, болашаққа – арман апарады,  – деген екен бір данышпан. Арманымыз болашаққа жетелеген өткен шағымызды қазір аңдап қарасақ, жылылықпен айтар жақсы естелігіміз көп. 80-90 жылдары училище студенттерін ауыл шаруашылығында еңбектенуге әйгілі «сельхозкаға» апаратынбыз. Ол студенттік ауылшаруашылығы қосындары (орысша ССО – студенческие сельхозяйственные отряды ) деп аталатын. Училищенің студент жастарын Шайқорық ауылындағы жүзімдікте жүзім жинауға жұмылдыратынбыз. Егістіктің бойында улап-шулап, думандатып жүріп түннің бір уағында жастармен бірге жаппай ұйқыға кетеміз. Сонда таң қалатынымыз – қанша кеш жатсақ та ол уақта кафедра меңгерушісі боп істейтін Әукең сағатсыз-ақ таңғы алтыда сергек тұратын еді.  Таңғы ас әзірлеуге аспаз қыздарды оятып, өзі де шай қойып, күйбең тірлікке ерте араласып кетуші еді. Студенттерді таңғы лездемеге тұрғызып, тапсырма беріп, жүзімдіктегі жұмыстарына жіберіп те үлгеретін. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген ұстанымдағы басшымыздың бұл әдетінің бәрімізге өнегесі мол болды. Екеуіміз кейде түн батқанша күнкөріс қамымен тойда жүреміз. Сол кездері қанша жерден кеш боп кетсе де түнделетіп жүріп отырып, тек қана «полевой станға» жетіп қонатын еді. Сондағысы –  жастар жалғыз қалып қойып, ойына келгенді істеп, бірдемені бүлдіріп жүрмесін деген уайымы екен. Студенттерге жанашырлықтан туған Әукеңнің тағы бір қыры – шексіз жауапкершігіне талай куә болғанбыз сонда.

80 жылдардың орта кезі. Карамадин Қожабаев есімді қарапалпақ жігіттің шақыруымен Қарапалпақстанға, Нүкіс қаласына Әукең екеуіміз тойға шақырылдық. Ол кездері Жамбылдан Нүкіске қарай ұшақпен тікелей рейс бар еді. Сол ұшақпен салып отырып,  қарапалпақ жерінен домбыра мен баянымызды көтеріп, бір-ақ шықтық. Оларда бірінші күні тойдың өзі өтеді екен де, екінші, үшінші күндері қонақасы беріледі екен. Сол үш күннің үшеуінде де қарақалпақ жерінде өнерімізді паш етіп, абыройымыз асқақтады. Төртінші күні қонақ қылған тарап үйге базарлық алғызу үшін Нүкістің ЦУМына алып барды. Әмбебап дүкенді емін-еркін аралап жүрсек кенет аудиотаспа сататын дүңгіршектен таныс әуен құлағымызға шалынғандай болды. «О тоба!» дедік, қателесуіміз мүмкін емес, аудиотаспада Әукең екеуіміздің айтып жүрген әндеріміз өз орындауымызда шырқалып жатыр. Аузымыз ашылып, аңтарылған күйі қалшиып тұрдық. Әйтсе де сыр білдірмеуге тырысып, жақындап барып, таспадағы орындаушылар туралы сатушыдан сұрадық. Ол шімірікпестен «бұл аудиотаспалар кеше ғана Алматыдан келді, халық талап алып жатыр. Қазір алмасаңыздар қалмай қалады» деп соғып жатыр. Әукең екеуіміз мұндай қызыққа тап боламыз деп ойламасақ керек, бір-бірімізге қарап, түкке түсінбей, состидық та қалдық. Кейін зерделеп қарасақ, Қарақалпақстанда үш күн тойда шырқатып жүргенде бір пысықайлар әндерімізді магнитофонға жазып жүріпті. Артынша дереу базарға апарып сатып, елге таратып жіберген екен. Сөйтіп, қарақалпақ жерінде Әукең екеуіміздің өнеріміз қара нарықта саудаланып кеткен осындай қызықты бастан өткергеніміз бар.

Әукеңді музыка әлемінің майталманы десек шындықтан қағыс кетпейміз. Кез-келген әнді 4 дауысқа бөліп, нотаға түсіріп, өзі жаза береді. Шамамен 2007 жылы Әукеңнің бастамасымен колледжіміздің музыкант ұстаздарынан құралған квартет жасақтадық. Әуесбай Бақбергенұлы, Серік Қалмағамбетов, саксофоншы Мұхит Мулкаразов және өзім бар, бірге жүрген төртеуіміз талай рет сахна сәнін келтіріп, түрлі бағытта ән шырқадық.  Әукеңнің жетекшілігімен қалалық, облыстық орта және жоғары оқу орындары арасындағы көркемөнерпаздар байқауында үнемі ең жоғары 10 ұпай жинап, бірінші орын алатынбыз. Спортқа да ширақ Әуесбай Бақбергенұлы қашан да алдыңғы орын қатарынан көрінді.

1990 жылдардың басында Жақсылық аға Сәтібеков Әукең екеуімізге хабарласып, «баян мен домбыраңды алып, обкомның бірінші хатшысы Өмірбек Байгелдиевтің үйіне тез жетіңдер, жарапазан айтасыңдар» деді. Тосын ұсынысқа таң қалсақ та білдей обкомның бірінші хатшысы шақырып жатырған  соң не тұрыс, жарапазанды әнге салып айтып көрдік те шұғыл жеттік. Ол кезде обком хатшылары қазіргідей зәулім коттеджде емес, Абай көшесіндегі қазіргі облыс әкімдігі ғимараты артындағы көпқабатты пәтерде тұратын. Бірінші хатшының үйіне барсақ аста-төк дастархан жайылған, ет асылған. Сол жерде тұрып, тұңғыш рет баян мен домбыраға салып, жарапазан айттық. Тосыннан келген өнерпаздарға Өмірбек ағамыз дән разы болып еді сол жолы. Ол үйден шығып, сол подьезде тұратын бірінші хатшы Әлмұхан Исақ ағамыздың пәтеріне де жолай соқтық. Ол жерде де жарапазан айтып, үй ішін азан-қазан етіп ән мен күйге бөледік. Жарапазан айтып, ұлттық ғұрпымызды жаңғыртуға өзімізше үлес қосқанымызға  іштей қатты қуанғанымыз бар.

     …Хас жүйрік бәйге басталғанша бойын жасырып ұстайды деген бар. Кіл сәйгүлік арасында ол қызбалыққа салынбай, оғаш мінез көрсетпей, моп-момақан күйде тұрады екен. Сөреде сәйгүліктер сап түзеп, тұлпар тұяғының дүбірін ести сала жанарында от ойнап, ширап-ширығып шыға келеді. «Міне, сол кезде көрсең ғой, сәйгүліктің сымбатын» деуші еді үлкендер. Тұла бойы тұнған  талант, сегіз қырлы, бір сырлы Әуесбай Бақбергенұлын ендеше өнердің өрен жүйрігі десек қисынды. Қашан көрсең қарапайым қалпынан айнымай,  халқына өресі биік өнерімен, ұлағаты зор ұстаздығымен, адами азаматтығымен де қоғам игілігі үшін қызмет етуден танбай келеді. Солай бола да берсін.

Асылбек Жанғарин,
ҚР Білім беру ісінің үздігі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.