Home » Мақалалар » МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІНІҢ ЖҰМЫС ІСТЕУ  БАҒЫТТАРЫН ЗЕРТТЕУ

МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІНІҢ ЖҰМЫС ІСТЕУ  БАҒЫТТАРЫН ЗЕРТТЕУ

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
6В11102 Мәдени-тынығу жұмысы
мамандығының 3-курс студенті

Орынбай Әсел Дәулетқызы
Ғылыми жетекшісі: Қоспағарова Әсем

Мемлекеттік құрылымның негізінде билік пен халық арасындағы байланысты нығайтатын, әлеуметтік ара-қатынасты реттейтін және идеологиялық жұмыстар жүргізетін мемлекеттік мекеменің бірі – мәдениет үйі. Географиялық тұрғыдан қарастырған республика бойынша облыс, аудан, ауылдық округ құрылымдарында мәдениет үйлері жұмыс істейді. Білім саласындағы аудандық білім бөлімі сияқты, ауданның жетекші бөлімдерінің бірі болып табылады. Тек қана аудандық емес, қалалық, облыстық деңгейде де осындай негізде қарастырылған. Тек географиялық-әлеуметтік аумағы кеңейген сайын, құрылымдық деңгейі жоғарылаған сайын атқаратын қызметтік функциясында қосымша міндеттер көбеюуі мүмкін. Сондықтан, мәдениет үйлерінің жұмыс істеу бағыттарын зерттеу мемлекеттік мекеме ретінде және иедологиялық-шығармашылық қызметі тұрғысынан қарастырылады.

Кез келген мемлекеттің саяси билік жүргізу негізі халықаралық саясат негіздеріне сүйене отырып қалыптасады. Қазақстанның мемлекеттік құрылымы осыған дейінгі әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, мемлекеттік институттарға бөліп қарастырылған. Мемлекеттік биліктің басқару бағытындағы халыққа билік жүргізу көздерінің бірі – идеологиялық болып табылады. Идеология – бұқара халыққа биліктің ықпал етуінің құралы ретінде пайдаланылады. Бұқара санасының жанды жерлерін идеологиялық тұрғыдан өңдеу, оларға назар аудару, осы проблемаларды өз мақсатына пайдалану үшін идеялық-теориялық кестені қалыптастыру және бұқараның осыған тиісті мінез-құлқын дағдыландыру – биліктің осы көзінің қызметіне жатады[1.67-б]. Яғни, идеологиялық басқару негіздерін жүргізетін мемлекеттік билік мекемелері – бұқаралық ақпарат құралдары, мәдени мекемелер, білім беру мекемелері. 1991 жылы тәуелсіздік алған Қазақстанның мемлекеттік басқару құрылымы, саяси институттары, мемлекеттік мекемелерінің қызметі КСРО-ның басқару тетіктеріне тікелей сүйенген болатын. Сондықтан, еліміздің идеологиялық саясатын жүргізу тетіктерінің бірі мәдени мекемелердің атқаратын қызметі, жұмыс істеуі – бір орталықтан басқарылатын мемлекеттік жүйеге негізделеді. Мәдениет үйлерінің жұмыс істеу бағыттарын зерделегенде еліміз бойынша маңызы бар қалалардың мәдениет басқармаларын мысалға ала отырып қарастыруды жөн санадық. Өйткені, республикалық маңызы бар Алматы, Шымкент қалалары тікелей идеологиялық әрі мәдени шаһарлар болып табылады.

Географиялық құрылым бойынша мегаполис санатындағы бұл қалалардың әкімдігіне қарасты мәдениет басқармалары – шаһардың мәдени мекеме қызметтерін үйлестіруге, түрлі қоғамдық-мәдени іс-шаралар өткізуге міндетті. Атап айтар болсақ, Алматы қаласының мәдениет басқармасы мынадай бағыттар бойынша жұмыс істейді:

  • Бейнелеу өнері – кескіндеме, мүсін, фотография;
  • Дизайн және сәндік-қолданбалы өнер;
  • Сахна өнері – театр және би;
  • Музыка;
  • Мәдени мұра, мұражай ісі, мәдени туризм;
  • Кітапханалар, әдебиет, баспа ісі;
  • Кинематеграфия;
  • Мәдени демалыс – цирк, хауанаттар бағы[2].

Мәдени астана саналатын Алматы қаласының мәдени инфрақұрылымында 160-қа жуық мәдениет нысандары мен ұйымдары бар[3]. Олардың жұмысы аталған бағыттар бойынша жүргізіледі. Мәдениет басқармасының электронды үкімет сайтында жариялаған 2021 жылдың 9 айына арналған жылдық есебінде мәдени астанадағы өткен іс-шаралар мен өзгерістер туралы баяндалған. Оның ішінде, өткен жылы орын алған өзгерістер: ALATAU CREATIVE HUB ашылғаны, 4-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер тегін жұмыс істейтінін, үйірмелерге қаланың 8 000-нан астам балалары қатысатынын, жыл ішінде 520 іс-шара өткізілгенін және т.б. атқарылған істерге тоқталған[3]. Мәдени мекемелердің жұмыс істеу бағыттары тікелей бұқара халықтың мәдениетін арттыру, балалар мен жастарды шығармашылыққа баулу, мемлекеттік маңызы бар мерекелерді атап өту, қала қонақтары мен тұрғындары үшін мәдени-демалыс аймақтарының жұмысын үйлестіру мақсатында екені аңғарылады. Оның ішінде, кітапханадан бастап, театр, цирк, демалыс парктері, тарихи ескерткіштер, мұрағаттар мен музейлердің жұмысы қамтылған. Мәдени мекемелердің жоспарлы тізімін төмендегідей бөлуге болады:

  • Мемлекет қайраткерлерінің мерейтойлық іс-шаралар;
  • Тарихи ескерткіштерге ғылыми зерттеу жұмыстары;
  • Республикалық және халықаралық мерекелерге орай іс-шаралар;
  • Халықаралық, республикалық фестивальдер мен көрмелерге қатысу;
  • Жыл сайын театр, циркте жаңа қойылымдарды дайындау;

Бұл жылдық есеп негізінде бөлініп отырған, мәдени мекемелердің жұмыс істеу жоспары осындай негізде жүргізіледі. Сонымен қатар, демалыс парктері мен хайуанаттар бағы тұрақты түрде келушілерге қызмет көрсететін мекеме болып табылады. Жалпы, білім мекемелерінің негізгі қызметі оқушыларға білім мен тәрбие беру болса, мәдени мекемелердің негізгі қызметі – халықтың мәдениетін қалыптастыру, әр адамның рухани-шығармашылық дамуына жол ашу. Сондықтан, ауылдағы мәдени клубтан бастап, округ, аудан, қалалық және облыстық мәдениет үйлері аталған мақсатта халықтың көңілін көтеруге, мерекелерді атап өтуге, тарихи тұлғалардың мерейтойлық жылдарын өткізуге, тарихи ескерткіштерді қорғау және гүлдендіру бойынша жұмыс істейді.

Қазақстанның оңтүстігіндегі мегаполис атанған Шымкент шаһарының қазіргі халық саны миллион тұрғыннан асты. Жергілікті халық саны мен құрамына байланысты мәдени мекемелер өз жұмысын атқарады. Республикалық маңызы бар қала статусынан көтерілгеннен кейін Шымкенттің мәдени инфрақұрылымына 12 нысан енгізіліп, жалпы саны 18-ді құрады. Оның ішінде 5 кітапхана, 5 театр, 3 орталық, цирк, музей, арив мекемесі бар. Аталған мәдени мекемелердің күнделікті тыныс-тіршілігі негізінен адамдардың демалу, көңіл-көтеру, таным көжиегін кеңейту, мәдениеттілік қалыптастыру болып табылады. Соның негізінде ай сайынғы, тоқсандық және жылдық жоспар негізінде мерекелер мен айтулы күндер, мерейтойлар қарсаңында идеологиялық іс-шаралар бекітіледі. Бұл – мемлекеттік биліктің мәдениет және спорт министрлігінің атқаратын негізгі қызмет үлгісі. Бір жылда индикатор бойынша көптеген іс-шаралар, конференция, кездесулер, концерттер өткізу арқылы халықтың қаншалықты қатысқанына да сараптама жасалады. Яғни, мемлекеттік мекеменің жұмыс істеу индикаторына сәйкес, жыл бойынғы іс-шараларға қатысушы адам саны жылдық есепте көрсетіледі. Мемлекеттік бюджеттен түрлі мақсатта бөлінген қаражаттың тиісті орындарға жұмсалуы мен оған қалың бұқараның қатысуын қамтамасыз ету де – мәдениет үйлерінің «жасырын» функциясы. Дегенмен, мәдени іс-шараларға, концерттерге адамдарды тартудың пайдасы – бұл халықтық мәдениетті көтерудің негізгі тетігі. Мысалы, Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының 2019 жылдық есебінде сол жылы өткізілген 11 ресми және 6150-ден аса мәдени көпшілік іс-шараға 574 158 адам саны қатысқан[4].

Мұндағы негізгі жұмыс бағыты: мәдениет, тілдерді дамыту, ономастика, архив салалары бойынша жүргізіледі. Осының ішінде мәдениет саласына 2019 жылы мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың көлемі және оның игерілгені турасында жазылады. Шымкент қаласының мәдени мекемелелі бұл жылы бұқараға көрсеткен қызметтеріне тоқталар болсақ, шаһардағы 5 кәсіби театрда 27 премьера, 1459 репертуарлық қойылым сахналанып көрерменге ұсынылған. Есепті кезеңде қала бойынша 3468 қайырымдылық іс-шарасы өткізілген. Қайырымдылық шараларының негізгі мақсаты үйден шыға алмай қалған қарт кісілерге, ауру дендеген науқастарға, балалар үйі мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен аз қамтылған отбасыларға көмектесу үшін ұйымдастырылған. Сонымен қатар, мәдениет басқармасына қарасты «Шымкент-Цирк» мекемесінде 2019 жылы 3 жаңа қойылым жарыққа шығып, жыл бойы 146 қойылым көрермен назарына ұсынылып, келушілер саны 62 мың адамнан асқан. Сондай-ақ «Шымкент-Цирк» ұжымының жыл бойындағы 100 гастрольдік қойылымын 23786 көрермен тамашалаған[4]. Шымкент қалалық саяси-қуғын сүргін құрбандарының музейі бұл жылы 9256 адам келушіні қабылдаған. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы 24 іс-шара өткізіп, 230 экскурсия жүргізген. Бұл деректер – Шымкент қаласындағы мәдениет үйлерінің, мәдени мекемелердің атқарылып жатқан жұмысы.

Қазақта «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз бар. Соның негізінде мәдениет үйлерінің, ауылдық және аудандық мәдениет үйлерінде халық арасындағы өнерпаздарды жарыққа шығару, өнерін таныту мақсатында түрлі байқаулар мен жобалар жүзеге асырылады. Ауылдық мәдениет клубтарының негізгі жұмысы да мерекелік және мерейтойлық шаралар өткізу және жас таланттар мен ел арасынан өнерпаздарды сахнаға шығару. Соның бірден-бір дәлелі Қызылорда облысы Сырдария аудандық мәдениет үйлерінің жұмысынан көрінеді. Аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне жарық көрген «Мәдениет: мақсат пен міндет сараланды» мақаласына сүйене отырып, Сырдария ауданы бойынша 2020-2021 жылдары атқарылған жұмыстар легіне шолу жасауға болады. Мақалада «2020 жылы кент мәдениет үйінің ұйымдастырумен өткен «Дара жол», Іңкәрдария ауылдық клубының «Бестің шәйі», Бесарық ауылдық мәдениет үйінің «Ел іші – өнер кеніші» жобалары, Шаған ауылдық мәдениет үйінің еріктілермен жүргізген жұмысы, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Жұлдыз Lіke» телевизиялық байқауы көпшіліктің көңілінен шыққанын да айтып өтуіміз қажет», — деп жазылады[5]. Яғни, ауылдық және аудандық мәдениет үйлерінің өткізген жобалары халық арасындағы талантты жандарды қолдау мақсатында. Мектеп оқушыларынан бастап, ауыл тұрғындарын мәдени іс-шараларға тарту арқылы олардың бойындағы қабілеттерін дамытуды, танытуды көздейді. Оның айқын дәлелі аталмыш мақалада: «Аудандық мәдениет үйі жанында айтыскер ақын З.Ибадуллаев атындағы жас ақындар клубы ашылып, оған жергілікті жас айтыскер ақын М.Мансұров жетекшілік жасауда. Саланың жетістігі ретінде аудан өнерпаздарының 193 байқауға қатысып, 161 жүлделі орын, оның ішінде 37 бас жүлде, 55 бірінші орын және 69 екінші және үшінші орындарды жеңіп алғанын атап өтуге болады», — дейді[5].  

Қорыта келгенде, мәдениет үйлерінің негізгі жұмысы істеу бағыттары қоғамның әртүрлі қызығушылықтары бойынша шығармашылық дамыту және мәдени-тынығу жұмыстарын ұйымдастыру. Аталған бағыттардың негізінде атқарылар жұмыстардың идеологиялық тұрғыдан жоспарлы бекітілетіні рас. Бұл – мәдениет үйлері, мәдени орындар да мемлекеттік мекеме болып саналатыны. Мақалада жазылған деректер мен статистикалар негізінен электронды үкімет сайтының беттерінен алынып отыр. Яғни, қалалық мәдениет басқармасының жылдық есебі мен қызмет бағыттары көрсетілген деректер «Мәдениет үйлерінің жұмыс істеу бағыттарын зерттеу» деген тақырыптың ашылуына сүйекті негіз болды. Бір орталықтан басқарылатын мемлекеттік құрылым жүйесіндегі республикалық маңызы бар Шымкент пен мәдени астана Алматы қаласындағы мәдениет басқармаларының жұмыстарына тоқталу да бекер емес. Өйткені, еліміз бойынша жүргізілетін мәдени жұмыстардың басым көпшілігі аталған шаһарларда орын алады. Сондықтан, мәдениет үйлерінің жұмыс істеу бағыты республикалық маңызы бар қалаларға қалай жүргізілсе, өзге өңірлерде де аталған бағыттар бойынша жүргізіледі. Мәдениет үйлерінің жұмыс бағытында өлкетанулық қосымшалар болуы мүмкін. Негізінен, еліміз бойынша мәдениет саласында ғана емес, білім-ғылым саласы бойынша да бір мақсат, бір мүддені көздейтін идеология жүргізіледі.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Байділдинов Л.Ә. Теориялық саясаттану. Оқулық. – Алматы: Издательский центр ОФППИ «Интерлигал», 2005. – 264 бет.
  2. https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-madeniet/about?lang=kk
  3. Алматы қаласының Мәдениет басқармасының 2021 жылдың 9 айында атқарған жұмысы туралы есебі https://disk.yandex.kz/i/kN9AbboLdVTgHA
  4. https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkenttil/activities/2722?lang=kk
  5. https://tirshilik-tynysy.kz/zanalyk/16197-mdeniet-masat-pen-mndet saralandy.html

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.