Home » Айтарым бар » Жүсіпбек Аймауытов

Жүсіпбек Аймауытов

Қасым Олжас Мейрамұлы
Жетісу ауданы,
№102 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің   мұғалімі

Қазақ халқында елі үшін туған ерлер аз болмаған. Үстіміздегі ғасырдың басында-ақ, елінің амандығын тілеп, тәуелсіздік жолында ерен еңбек етіп, тіпті қажетті тұста басын қатерге де тіккендер көп болды. Туған халқын бодандық езгі, түнек-қапастан шығарып, біртұтас тәуелсіз мемлекет құруды арман-мұратына айналдырғаны қаншама. Әйтсе де елі үшін туған, бірақ кінәсіз күсталанып, негізсіз тәркіленіп, жолсыз жазаға тартылған “Алаш” азаматтарының қиын кезеңдердегі қажырлы іс-әрекеттері халық жадында мәңгі сақталып қалды. Бұл реттен алғанда демократия тағылымдарының бірі – халқымыздың тарихы мен тағдырында, әсіресе мәдени-рухани әлеміне үлес қосқан тұлғалардың есімі мен еңбегінің қайта оралуы деп білеміз. Осы орайда, қазақ халқының рухани өміріне ақын-ағартушы, аудармашы-ғалым, іргелі жазушы ретінде үлкен үлес қосқан Жүсіпбек Аймауытұлының алар орны айрықша.

Ақиқатын айту керек, көрнекті қаламгердің өмірбаяны хақында әр алуан пікірлер бар. С.Мұқанов “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті” еңбегінде көптеген қазақ зиялылары – А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, С.Дөнентаев, Б.Күлеев, О.Қарашев т.б. бірге Ж.Аймауытұлының өмірі мен қаламгерлік қызметі хақында маңызды мәліметтер береді. Ж.Аймауытұлының әкесі, руы, ұрпақтары туралы дерек-дәйектермен қоса 1893 жылы туған деп жазады. Сондай-ақ, Ә.Тәжібаев: “Жүсіпбек – баянауылдық, 1896 жылы туған” десе, С.Сәдуақасовтың сұрақтарына қайтарған жауабында қаламгердің өзі сиыр жылының аяғында (1890)… тусам керек” дейді.

Жүсіпбек Аймауытұлының тағдыры ауыр, өмірі қысқа болғанымен шығармашылық мұрасы аса бай. Қаламгер сөз өнеріне ұстаздары мен тұстастары секілді өлеңмен келді. Ол туралы: “Ең алғаш менің өлең жазғаным 13 жасар кезім болса керек”, деп дұғалық кітапшасына боранда есігін ашпаған кемпірді, көшкенде байталға мінгісі келмеген қызды жыр жолына түсіргенін еске алады. 1913 жылы “Қазақ” газетінің бетінде болыс болу ниетімен шай саудасын жүргізген алыпсатар бейнесін жыр жолына түсірген. Оның қаламынан “Сарыарқаның сәлемі”, “Жазушыларға”, “Неғып жатыр?”, “Отағасы”, “Аха-ха-ха-хау”, “Ұршық”,  “Көшу”, “Ұран,” “Нұр күйі” сынды өлең, жырлар туды. Оның шығармашылығы әр жанрды қамтығанымен оның денін прозалық еңбектер құрады. Қазақ кеңес романының алдыңғы сапында тұрған – “Қартқожа”, қазақ қызының аянышты өміріне арналған —  “Ақбілек” романы мен “Күнікейдің жазығы” повесі, көптеген әңгімелері мен драмалары осының айқын айғағы.

Көрнекті қаламгер аударма өнеріне де үлкен үлес қосты. Мәселен, И.В.Гогольдің “Бақылаушы” (Ревизор),  А.С.Пушкиннің “Сараң сері”(Скупой рыцарь), “Тас мейман” (Каменный гость), В.Гюгоның “Бишаралар”,  К.Берковичтің “Өрбике”, “Әкесі мен баласы”,  Дж. Лондонның “Күштілердің күші” т.б. шығармаларын тәржімалауы оның аударма өнерін меңгеріп, дамытқанын көрсетеді.

Сондай-ақ, замана заңғары ғылыми-педагогикалық бағыттағы жекелеген мақалаларында, атап айтқанда, “Емлені өзгерту жобасы” (“Қазақ тілі”, 1924, №15),  “Әйелді мектепке алыңдар” (“Жаңа мектеп, 1924, 26 қаңтар”),   “Қазақша хат таныту әдістері” (“Жаңа мектеп”, 1926, №4), “Мектеп қандай болу керек” (“Еңбекші қазақ”, 1927, №21) т.т азаттық, теңдік, руханият тақырыптары мен ұлт тілі, сауатсыздықты жою секілді маңыз, мәнін еш уақытта жоймайтын мәселелерге, тәрбие тағылымдарына қалам тербеген.

Ақын-ағартушы, аудармашы әрі көрнекті қаламгер Ж.Аймауытұлы қоғамдық-әлеуметтік істерге, елдік мұраттарға, үлкен шығармашылық кезеңге бет бұрған тұста ұсталып, ату жазасына кесіледі. Бүгінде оның тәні семіп, дәм-тұзы таусылмағанымен рухы төмендеп, рухани өмірі аяқталған жоқ. Өйткені, ақын Абай айтқандай: “Өлмейтұғын артына сөз қалдырды”. Біз оны З.Ақышевтің естелігі арқылы келтіреміз:

“Кеудеде әзір жүрек бар,
Тілек бар. Соған сенем мен.
Артымда қыруар елім бар,
Өлсем де денем, мен өлмен…”

Жазушы шығармашылығын мектеп оқушыларына оқыту, рухани сусындату ісі тікелей елші қызметіндегі мұғалімдердің иығындағы беделді жүк, абыройлы іс. Ағымдағы жылдың қараша айында мектебіміздің 9-11 сыныптары арасында Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына 135 жыл толуына орай көркемсөз оқу сайысы болып өтті. Аталған іс-шарада оқушылар сахна мәдениетін сақтай отырып, қорғасындай салмақты жазушы шығармаларынан үзінді оқып, тыңдарман құлағының құрышын қандырды. Мұндай мәдени іс-шаралар оқушының мәдени сауатын ғана ашып қоймай, еліміздің тарихы мен әдебиетінде ерекше орны бар бірегей талант иелерін жаңа қырынан танып, қазақ өнерінің тереңіне бойлауға зор ықпал етеді десек болады.

Сөзімізді түйіндей келгенде, Жүсіпбек – әрдайым оқуды талап ететін жазушы. Оның түйдекті тіркестері мен әсерлі толғамдары жанымыздың рухани терезесін ашып, кең дүниеге өзгеше қарап, тың тебіреністерге жетелейді дегіміз келеді.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.