Дастанов Айдар Есетұлы
Қарақия кәсіптік колледжі
алғашқы әскери және технологиялық дайындық
пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы
Бауыржан Момышұлы — даңқты қолбасшы, әскери ғылымның білгірі, елдік намысқа нұқсан келер тұста ешімнің бет-жүзіне қарамай әділдікті ту еткен, тұңғыш түрік халықтары әскери әдебиетінің негізін қалаушы, әлем әдебиеті бойынша соғыс психологиясын суреттеп үлкен жаңалық ашқан жазушы.
Кеңес Одағының Батыры, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының ерлік даңқы таусылмайтын шежіре. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран. Бауыржан Момышұлы көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған адам. Батыр Баукең ерлігімен, сөзімен, даналығымен, болашақты болжайтын кемеңгерлігімен еліміздің есінде мәңгілік сақталар халқымыздың ұлы тұлғасы.
Тұңғыш елбасымыз, Нұрсұлтан Әбішұлы жауынгер-жазушы туралы, оның өшпес өсиеті туралы «Отанға деген сүйіспеншілік – еліміздің келешегіне оның кемел ұрпағына біздің аманат етер ең қасиетті өсиетіміз деп білейік. Отанын Бауыржан Момышұлындай сүюді өнеге етіп қалдырған басқа қаламгер жоқ» деп, баға берген.
Сұрапыл соғыста ұлты үшін ұран салып, ұлт намысын таптатпай, байрағын биік айбынды ұстаған Бауыржан атамыз ұлылықты дәмін «Ұшқан ұямен» ұғындырғандай. Иә, атамыздың әр сөзі өнеге «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр, — деп бесіктегі бала тәрбиесінен бастап, жауынгер жігіттің ел тілеген адал ұл ер болуы үшін еңбек етті.
Қазақстан Республикасының халық жазушысы Дмитрий Снеги: «Мен қазақтардың арасынан Бауыржанмен салыстыруға келетін жан таппай жүрмін. Бәлкім, таппайтын да шығармын» десе, мен именіп жүріп көрген игіліктен, қарсыласып жүріп көрген бейнетті, қара бет болып шыққанша, қайрат көрсетіп өлгенді артық санар азамат, батыр Баукең біртуар азамат — алаштың айбары дерем.
Бауыржан Момышұлының өмір жолы, сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі, өжеттігі мен өрлігі, алғырлығы мен көрегендігі – біле- білгенге ұлы тәрбие, үлкен өнеге мектебі.
Қорыта айтқанда, Бауыржандай алыбымызды ардақтай білейік, ұлтымызға ұран болған ұлы тұлғамызды ұлықтай білейік. Тек қана қара дүрсін сөзбен емес, батыр атамыздың атын дәріптейтін игі істермен, тиянақты тірліктермен дәлелдеуге тырысайық.