Home » Мақалалар » Шәкірттер жетістігі- мектеп мерейі

Шәкірттер жетістігі- мектеп мерейі

Ақмола облысы,
Целиноград ауданы,
Қаражар ауылының орта мектебі
Директордың ғылым ісі жөніндегі
орынбасары Жадыра Ғазиз

Қазіргі таңда, оқушыны жан-жақты, ізденімпаз, шығармашыл, жаңашыл  тұлға етіп тәрбиелеу-  білім саласында  жұмыс жасап жатқан педагог атаулының  қасиетті парызы болса керек.  Ал мектеп қабырғасынан оқушы білімді болып  түлеп ұшып, еліміздегі айтулы жоғарғы оқу орындарында грант ұтып ап, кейіннен бәсекеге қабілетті , білікті маман болып жатса, мектеп үшін бұдан артық қандай жетістік бар?

Целиноград ауданына қарасты Қаражар ауылының орта мектебіндегі ұстаздар қауымы жоғарыда аты аталған білімқұмарлық сынды асыл қасиеттерді шәкірттеріміздің бойына шама- шарқынша  сіңіртуде. Әрине, бұл жұмыстар директорымыз Б.Б.Туяковтың біліктілігімен қатар, жүйелі басқара білуінің арқасында екенін айтып өткен абзал болар.

Мектебімізде жоспарға сәйкес, жыл сайын пәндер бірлесігіне қарай апталықтар, оқушылардың білімін кеңейту мақсатында түрлі зияткерлік ойындар өтіп жатады. Заман талабына сай білім беру мақсатында, білікті ұстаздардың ұйымдастыруымен түрлі коучингтер, тәжірибе алмасу мақсатында  аудандық деңгейде семинарлар өткізіліп тұрады.

Өткен оқу жылындағы мектебімізде өткізіліген ашық сабақтардан көрініс

Жалпы, білім сапасының жоғарылауына ат салысып, үнемі ізденіспен, жаңашылдықпен жас өркендерді білім нәрімен сусындатып жатқан әріптестеріміздің арқасында, ашылғанына небәрі үш жыл толмаған мектебіміз қазіргі таңда  біршама жетістіктерге жеттті десек, артық айтпаған болар едік. Атап айтар болсақ, бүгінгі күнде, оқушыларымыз түрлі олимпиадаларға қатысып, биіктерден көрінуде. Қазіргі қашықтықтан оқыту кезеңіндегі қашықтықтан өткізілген олимпиадалардың жүлдегерлері бір төбе дейтін болсақ, мектеп қабырғасында оқытылыған өткен оқу жылдарындағы жетістіктеріміз де аз емес. Атап айтар болсақ,  2018- 2019 оқу жылында  ауыл балаларын көтермелеп, қолдау мақсатында ұйымдастырған «IQanat» олимпиадасына математика пәні бойынша қатысып өз білімін сынаған еді. Нәтижесінде, оқушымыз, оқу озаты Оспандияр Қамила грант иегері атанып, қазіргі таңда  Бурабай қаласында орналасқан «High school of Burabay» білім ошағында білім нәрімен сусындауда.

Айқанат олимпиадасының жеңімпазы Оспандиярқызы Камила шара ұйымдастырушысымен

Ал өткен 2019-2020 оқу  жылында  да   мектебіміздің мақтанышы, 9 сынып оқушысы Хызырхан Жанерке математика пәні бойынша «IQanat» олимпиадасына қатысып, аудан және облыстық турдан өтіп, Қапшағай қаласында орналасқан «Балдәурен» лагерінде демалып қайтқан еді. Мектебіміздің тағы бір мақтанышы, «Алтын белгі» иегері  Бұланбай Асыланның жетістігі жайында баяндар болсақ, сегіз қырлы ,бір сырлы бұл оқушымыз нағыз дарын иесі деп атасақ артық айтпаған болар едік. Мысалға, Асыланның «Мұқағали оқулары», «Алпамыс оқулары» сынды аудандық өлең оқулары сайысында бірнеше рет шашасына шаң жұқтырмас сәйгүліктей мәреге бірінші болып келгені бір сүбе дейтін болсақ, ұлттық ойынымыз асықтан елімізде бірнеше рет жүлде алып, өткен жылы Ресейдің Якутск қаласында өткен Халықаралалық асық ойыны сайысында бірінші орынды иемденуі мектебіміз үшін ғана емес, еліміз үшін мақтан болғаны анық еді. Және де, Асыланның бағындырар биіктері алда деген үміттеміз.

Мектебіміздегі тағы бір оң үрдіс -соңғы кездері мектептегі жоғарғы сынып оқушыларының жаратылыстану-математикалық бағытқа көп көңіл бөліп, техникалық мамандықтарға қызығушылықтарының артуы дер едік. Қазіргі заманды «технократтар заманы» деп атап жүргені жасырын емес. Сұранысқа ие мамандық таңдау мәселесі жайында  мектеп директоры Б.Б.Туяков та шәкірттерге айтудан қашан да жалыққан емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, техникалық мамандық иелері қазіргі таңда  елімізге ауадай қажет екенін байқаймыз. Мектебімізді «Алтын белгімен» бітіріп, Еуразиялық Ұлттық Университетінде  техникалық мамандық бойынша гранд негізінде білім алып жатқан Бұланбай Асыландай дарынды шәкірттеріміз ертеңгі күнде жарқын болашаққа жол тартқан білімді жастармен бірлесе, еліміздің гүлденуіне ат салысып, Ұлтымызға қызмет етер тұлға болып өсеріне бек сенімдіміз.

Әрине, бір мақалаға аядай ауылымызда жұмыс жасап жатқан бүкіл мектеп мақтаныштарын тізіп жазу мүмкін емес. Бірақ негізгі айтпақ ойым, білікті ұстаздары бар білім ошағынан  қашан да білімді шәкірттер түлеп ұшары сөзсіз.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.