Home » Мақалалар » ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

Исмагулова Алия Абилсеитовна,
Қазақ бас-сәулет құрылыс академиясы,
Құрылыс мамандығы бойынша
МСтр-20(2)-1 тобының магистранты

Мен Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Зерттеу Университетінің түлегімін. Тек еліміз ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де таныс осы оқу орнын «Құрылыс» мамандығы бойынша осыдан он жыл бұрын бітіріп шыққанмын. Содан бері Қазақстан Республикасының құрылыс саласында еңбек етіп келе жатырмын.

Мен құрылыс инженері болып қызмет атқаратын «BI URBAN CONSTRUCTION» жауапкершілігі шектеулі серіктестік еліміздің құрылыс саласында кеңінен танылған үлкен құрылыс компаниясы болып табылады. Біздің компания сонымен қатар құрылыс саласына мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарымен де тығыз байланыста.

Соның бірі — Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы. Осы жоғары оқу орнымен шығармашылық ынтымақтастық барысында, жоғары курс студенттеріне дәріс оқу, студенттердің өндірістік және кәсіби практикадан өтуі, бітірушілердің біліктілік жұмысына жетекшілік ету, оларға сын-пікір беру сияқты жұмыстар жолға қойылған.

Осындай жұмыстар барысында жалпы құрылыс факультетінің ұжымымен тығыз байланыста болдық, және бұл байланыстар екі жаққа да тиімді болатын. Біздің қызметкерлер арасында факультет оқытушылары кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізетін, әсіресе Ажгалиева Бану Аккуанқызының бірнеше қайтара жүйелі түрде жүргізген жұмысының нәтижесінде, біздің бірнеше мамандарымыз, қабылдау комиссиясына магистратура және докторантура бойынша құжаттарымызды өткіздік.

Сәті түсіп, барлық емтихандарды жақсы тапсырып, мен Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистрлерді дайындайтын 7М07321-Құрылыс мамандығына оқуға түстім. Биыл, осы мамандыққа мемлекеттік грант бойынша оқуға түскен 70 адам болса, солардың 85 пайызы ҚазБСҚА түлектері болып шықты.

Бүкіл әлемдік пандемияға байланысты құжат қабылдау, магистрант қатарына өту, сабақтарды өткізу онлайн тәртіпте жүргізілетіні белгілі болғасын менде қобалжу пайда болды. Себебі, он жылдан кейін әлдеқашан ұмыт болған студент партасына қайта отырып отырып, білім алу мәселесі қалай болар екен деп ойладым. Кейін уақыт өте келе бұл қобалжулар толықтай сенімділікке ауысты.

Бізді жалпы құрылыс факультетінің ұжымы сондай жақсы көтеріңкі көңілмен қарсы алды. Бірінші күннен бастап-ақ, факультет деканы, профессор Райхан Сальтайевна Имамбаеваның ұйымдастыруымен біздер бір бірімізбен, бізге тәлім беретін оқытушы ұстаздармен, деканат құрамымен тез танысып алдық. Біздерді үш топқа бөліп, топ басшылары тағайындалды және магистрлердің жалпы кураторы болып т.ғ.к., ассоц.профессор Аубакирова Бахыт Майнышевна белгіленді. Қазір бұл кураторымыз біздің барлық мәселемізді бөлісетін ең жақын адамға айналды.

Академиялық күнтізбелік жоспарға сәйкес уақыт созбастан, өзіміз қалаған бағыттағы өзекті ғылыми бағыттар айқындалып, оған жетекші профессорлық құрам қатарынан ғылыми жетекшілер тағайындалды. Осындай дұрыс ұйымдастырылған жұмыстар арқасында, біздің алға қойған мақсаттарымыз айқындалып, табысқа жетелейтін іргелі жоспарлар пайда болды.

Сонымен қатар, алғашқы күннен бастап қолымызға оқу кестесі берілді және   7М07321 — «Құрылыс» білім беру бағдарламасының оқу жоспарымен таныстық. Осы жоспар бойынша жүргізілетін оқу пәндерінің қандай көлемде және қандай мақсатта оқытылаты бізге толықтай таныстырылды.

Қазір бірінші оқу жылының 1 семестрін еңсеріп аяқтап қалдық. Осы семестрде жүргізілген ғылыми-зерттеу дүниетанымы негізіндегі және инженерлік-техникалық бағыттағы 8 пәнді игеруге көмектескен профессорлар Р.Х.Кабилова, С.К.Беркимбаева, И.В.Колесникова, А.А.Дубинин, А.Д.Келемешев, Р.К.Садыров сияқты ұстаздарға ерекше алғысымды білдіремін. Осы ұстаздардың тәлімі арқасында көп нәрсеге басқаша көзбен қарауға үйреніп келеміз.

Онлайн тәртіпте қашықтан оқыту әдісін толық мүмкіндігінде дұрыс қолданса, ештеңеден құр қалмай көптеген мақсаттарға қол жеткізуге болатынын түсіндім. Оған осы оқу орнында өткізген алғашқы семестрлік жұмысымыз  толық дәлел бола алады. Тағы бір назар аударатын мәселе – өзің оқитын топ магистранттарының белсенділігі. Жоғарыда атап өткендей, олардың көпшілігі осы университеттің түлектері, олар үшін оқу ережелері мен талаптары өте таныс, және оқуға құлшыныстары мен ұғып түсініп қабылдау  қабілеттері жоғары бұндай жастар мақтауға да мақтануға да тұрарлықтай екен.

Мен өзімнің осындай білімді ортаға тап болғаныма қуаныштымын, өзімнің өмірлік жоспарларым мен ұстанымдарды басқа қырынан қарап қайта құрдым. Және менің бұл батыл жоспарларымның орындалуына сенімдімін, себебі – Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында білім алу — менің жарқын болашағымның кепілі!

Шынында да, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы, көпшілік мойындаған, заманауи жастарды білім нәрімен сусындатар,  шоқтығы биік, алғы саптағы жоғары оқу орны!

Осы жоғары оқу орнының жетекшілігіне, жалпы құрылыс факультетінің ұжымына, ұстаздарымыз бен бір топта оқитын магистрант жастарға келе жатқан жаңа жылдарыңыз құтты болсын, қандай мақсат болса да жете беріңіздер деп шын ризашылығымды білдіремін!

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.