Home » Мақалалар » Жетісу университетінің Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан үлесі

Жетісу университетінің Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан үлесі

Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,
І.Жансүгіров атындағы
Жетісу университетінің
Басқарма төрағасы  — ректор
г.ғ.д., профессор

Ғылым – экономикалық, әлеуметтік, техникалық дамуды қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды сала. Сол себепті әлемнің көптеген елінде ғылым саласын дамытуға, оның тиімділігін арттыруға жіті көңіл бөлінеді.

Біздің елімізде де ғылыми саланы дамыту мен тиімділігін арттыру жолында көптеген шаралар жүзеге асуда. Олар ғылыми-зерттеу қызметін жан-жақты ынталандыруға бағытталады. Атап айтсақ, жалпы ғылымды қаржыландыруды ұлғайту, ғылымды қаржыландырудың 3 нысанын енгізу (базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы), халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, әлемдік ғылыми орталықтармен бірлескен зерттеулер, зерттеу университеттерін ашу т. б.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті оқу орны ретінде студенттерге білім берумен шектелмей, ғылыми жетістіктер негізінде жаңа білімді игеруге күш салуда. Осылайша, ғылыми ізденіске тек оқытушылар ғана емес, университеттің көптеген студенттері, магистранттары мен докторанттары тартылған. Бүгінде Жетісу университеті ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілері аккредиттеуден өткен инновациялық типтегі университет болып саналады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев ғылымды қаржыландыруды едәуір ұлғайтуды тапсырды. Мәселен, 2020-22 жылдары ғылымды қаржыландыру  көлемі екі есеге ұлғайды, ал 2025 жылға қарай ғылымға жалпы ішкі өнімнің 1%-на  дейін  бөлу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ғылымды дамыту мәселесіне ерекше тоқталып, Үкіметтің алдына белгілі бір міндеттер қойды, оның бірі: жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымды тағылымдамадан өткізуге жағдай жасау.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде 2020-22 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру шеңберінде  жалпы сомасы 194,7 млн. теңге болатын 6 жоба орындалуда.

Университеттің оқытушылары жыл сайын халықаралық, республикалық және басқа да гранттық бағдарламаларға, ұлттық конкурстарға қатысады. 2022 жылдан бастап университет Horizon 2020 European Union funding for Research and Innovation бағдарламасы шеңберінде Еуропалық комиссияның қаржыландыруымен H2020 MSCA-RISE «Орталық Азия құқығы: Орталық Азиядағы құқықтық мәдениет және бизнес орта (Central Asian Law: Legal Cultures and Business Environments in Central Asia)» жобасына қатысатын болды. Жоба Орталық Азиядағы құқықтық мәдениет, басқару және іскерлік орта арасындағы өзара байланыс туралы жаңа білім мен саяси идеяларды игеруге бағытталған. Оны Еуропа мен Орталық Азияның 11 еліндегі 14 мекеме жүзеге асырады. Жоба шеңберінде шетелдік іссапарлар, зерттеулерді орындау мақсатында жоба орындаушыларының Қазақстанға келуі, семинарлар мен конференциялар өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2022 жылы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті базасында QS World University Ranking 2022 рейтингісінде үздік 70 жоғары оқу орны қатарына кіретін Цюрих университетінің Әлеуметтік және мәдени антропология департаментімен (Швейцария) бірлескен орталық  құру жоспарлануда.

Педагогика және психология жоғары мектебінде Қ.Ыбырайымжановтың жетекшілігімен Таяу Шығыс университетінің (Түркия) профессоры, доктор Хусейн Узунбойлумен бірлескен «Білім берудің жаңартылған мазмұнына бейімделген болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру» гранттық қаржыландыру жобасы орындалуда. Жоба шеңберінде Web of Science немесе Scopus базасындағы басылымдарға мақала жариялау, жаңа технологиялар бойынша оқу құралдарын әзірлеу, бірлесе халықаралық конференция ұйымдастыру жоспарлануда.

Сондай-ақ, Смоленск мемлекеттік университеті (РФ) және Горно-Алтайск мемлекеттік университетімен бірлескен «Білім және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастық бағдарламасы» атты білім беру жобасы іске асырылуда. Жобалар шеңберінде: магистрлік және докторлық диссертацияларға ғылыми жетекшілік; профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттердің академиялық ұтқырлығы сияқты жұмыстар атқарылуда.

Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен ғалымдары, ғылыми-зерттеу тобының мүшелері, ғылыми кеңесші ретінде бөгде ұйымдардың ғылыми жобаларын іске асыруға жиі шақырылады. Олардың ішінде Г.Тулешова, З.Канаева, Д.Нұрғабыл, А. Абдухаирова, А.Тынысханова сынды ғалымдар бар.

2020 жылы ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі мен БҒМ-і арасында жасалған  шартқа сәйкес, 2019-2023 жылдарға арналған «Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі базасында  «Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Тарбағатай МҰТП аумағында Сиверс алмасын (Malus sieversii) сақтаудың қазіргі жағдайын бағалау» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның ғылыми жетекшісі б.ғ.к. А.Бахтаулова. Ал университет базасында «Қайнар-АКБ», Талдықорған қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік Мектебі» және т.б. кәсіпкерлердің тапсырысы бойынша шаруашылық келісімшарттағы ғылыми жобалар орындалуда.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыруға арналған «Jas Galym – 2021» және «Jas Galym – 2022» конкурстарының қорытындысы бойынша ақпараттық технологиялар (IT); агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі; су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін ұтымды пайдалану; экология; туризм бағыттары бойынша университетте жалпы сомасы 17 млн. теңгеге 15 жоба орындалуда. Сараптау комиссиясының құрамына І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жетекші ғалымдары, сондай-ақ Атамекен ӨКП, «Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы» ММ өкілдері кірді.

2021 жылы университеттің 5 оқытушысы «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде жүзеге асырылатын «500 ғалым» жобасы бойынша жетекші жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды: Б.Оксикбаев, Г.Сеитова – Хаджеттепе университеті, Ж.Есенбек – Нью-Йорк Кино Өнері Академиясы, А.Беделбаева   – Омск мемлекеттік техникалық университетінде және Д.Калдияров – Вашингтон университетінде тағылымдамадан өтуде.

Университет оқытушылары Р.Тасболатова, А.Алдабергенова, М.  Джакыпбекова және Д.Бекежанов «ЖОО үздік оқытушысы – 2021» республикалық конкурсындағы жеңісі үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қолынан төсбелгі алды. «ЖОО үздік оқытушысы» атанған  әрбір жеңімпаз 2000 АЕК (6 млн теңге) көлемінде сыйақы алды. 2021 жылы университет тарихында тұңғыш рет философия докторы (PhD) Л.Қарашолақова дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері болды.

Ғылымды дамыту мақсатында университет қабырғасында «Биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институты» жұмыс істейді. Институт құрамына «Экология  зертханасы»; «Биотехнология зертханасы» және «Молекулалық генетика және геномика зертханасы» кіреді. Биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институты қызметінің мақсаты – білім берудің барлық деңгейлерін ұйымдастыру әдістері мен технологияларын жетілдіру бойынша қолданбалы зерттеулер жүргізу.

Университеттің ғылыми әлеуетін одан әрі дамыту үшін заманауи құрылғылармен   жабдықталған, мамандандырылған зертханалық кешен салу жоспарлануда.

Мемлекетіміз индустриялық-инновациялық даму сатысына қадам басып отыр. Қазақстандық ғалымдардың пікірінше, бұл кезең қазіргі заманғы экономикалық талаптарға сәйкес ғылыми жүйені қайта бағдарлаумен  сипатталады, демек, тиісті нормативтік көрсеткіштермен реттелетін ғылымды дамыту, құрылымдық, ұйымдастырушылық, кадрлық, инфрақұрылымдық және қаржылық қамтамасыз ету түбегейлі өзгерістерге жеткізуі тиіс.

Қорытындылай келе, елімізде ғылымға негізделген жоғары технологиялық өндіріс құру үшін нақты жағдайлар бар және жақын болашақта республика әлемдік нарыққа өзінің инновациялық  өнімін ұсына алады деп сеніммен айтуға болады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.