Қызылорда облысы, Шиелі ауданы,
№47 Ломоносов атындағы мектеп-лицейі
бастауыш сынып мұғалімі,
Каренеева Каламкас Бахитовна
«Ел болам десең бесігіңді түзе» — бұл аталы сөздің түбінде үлкен пәлсапалық мән жатыр. Әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің қатарына қосылуға қадам бастаған тәуелсіз еліміздің ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл қазынасы, теңдесі жоқ мұрасы ол — ұлттық тәрбие. Ұлттық идеологиясыз ұлт та, ұлттық болмыс пен тәрбие де дамымайды. Сондықтан, осы өзекті мәселені халқымыздың ұрпағының болашағына аса маңызды ықпалын келтіретінін, ұлттық мүддемізге қоғамдық әсерін беретінін тұжырымдау қажет. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге-жерге, тілімізге деген құрмет жатыр. Ұлттық рухани құндылықтарымызды сақтап, келесі ұрпаққа оны бұзбай, қаз қалпында табыс ету баршамыздың парызымыз. Өйткені ұлттық тәрбиенің еліміздің өркендеуінде маңызы зор. Ұлттық тәрбиесі бар ұрпақ дені сау, білімді, ұлтжанды, ақылды, парасатты, мәдениетті болатыны абзал.
Ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, адам баласы отбасының тәрбиесін алады. Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті отбасында саналы тәрбиенің жүргізілуі -ол ұлттық тәрбиеміздің басты сатысы. Ұлттық тәрбиенің ошағы – отбасында. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мағынасы да осында. Сондықтан, біз отбасы мәселесін жоғары қойуымызды талап етіледі. Заманымыздың ағымы, демократиямыздың дамуының арғы беті- қазіргі уақытта отбасының бұзылу көрсеткішінің көтерілуі.
Отбасы — сыйластық, жарастық орнаған орта, шағын мемлекет іспеттес. Онда ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын азамат тәрбиеленеді. Сондықтан одан берілетін тәрбие мен әдет-ғұрып, дәстүрдің сақталуы ерекше мәнге ие.
Алайда, бүгінде түрлі жағдайлармен шаңырақтар шайқалып, бала тағдыры мен тәрбиесіне өз деңгейінде көңіл бөлінбей жатқандығы жасырын емес. Бұрынғы ата-бабамыз ерекше қастерлеген отбасылық құндылық мәселесі неге төмендеп кетті?
Әрқайсысының өз дәлелі бар. Бірі – тұрмыстық жағдайды алға тартса, енді біреулерінің мінездері сәйкес келмейді-мыс. Не десек те, ажырасудың аты – ажырасу. Одан қоғамға да, адамға да келіп жатқан пайда шамалы, зардабы көп. Басқасын айтпағанда, екі ортада шырылдап, түкке түсінбей, көздері жәудіреп бала қалады. Оған ата-анасының екі жаққа бөлініп кеткендігі оңайға тимесі анық.
«Жаста берген тәрбие – жас шыбықты игендей», — деп Ы.Алтынсарин демекші, ата-анасы екі жаққа кеткенін әр бала мінезіне сай түрліше түсінеді. Кейбірі қасақана теріс жолға түсіп, қылмыс жасауға бейім тұрады.
Ел басшысынан бастап даладағы еңбекшіге дейін ата-анадан тәрбие алып шығатыны белгілі. Ал, тәрбиеде кеткен қателікті түзеу оңай іс емес.
Отбасы құндылығы – мемлекеттің ұстанып отырған басты саясаты. Шаңырақтың үйлесімді дамуы мемлекеттің іргетасының берік болуына қызмет етеді.