Қызмет бабымен әріптеспен жүздесіп отырып есте қаларлық естеліктің куәсі болып оқырманмен бөлісуді жөн көрдім.
Әріптесім Үміт Жолдасқызы медицина институтын бітіріп, Алмаханбет деген азаматпен тұрмыс құрып, балалы болып Өзбекстан мемлекетінде Тамды елді-мекенінде ата-енесімен тұрып жатады. Ұлтжанды Тамды азаматы Энгельс Ахметов Алматыға батыр атамыз Бауыржан Момышұлын арнайы іздеп барып, Өзбекстан Республикасындағы Тамды деген мекенде қалың қазақ тұратынын, сол мекенде тұратын бауырларыңыз Батыр атасын асыға күтетінін айтады. Батыр атамыз егер жол түссе «Сарыағашқа» барғанда хабарластынын айтады, Алланың қалаған күні 1976 жылы, 29 сәуірде «Сарыағаш» санаторийына батыр атамыз келіп, мектептерде кездесу болады. Ол жаңалықты естіген Энгельс Ахметов 30 сәуір күні Тамдыға үйіне алып келеді, мәдениет үйінде халықпен кездеседі деген қуанышты хабарды естіп, халық жиналып жатады. Таңертең ерте үйдегі шаруаларды тындырып, мен де барам ба деп жатыр едім, сапардан отағасым Алмаханбет те келіп: «Ел неге дүрлігіп жатыр?», — деді. Мен Батыр атамыз Бауыржан Момышұлымен кездесу болатынын айтып едім, «Онда мен барып келейін», — деді, мен үйде ата-енем бар еді бара алмай қалдым. Кенет сағат 10 шамасында телефон безілдей жөнелді, Әлекең: «Үйге Баукең атамыз келетін болды, атамызға сәлем берем деп жатыр, дайындала бер» — деді. Батыр атамызға сәлем беруге ауыл азаматы Сәбет Шерманов, уч. милиционер Шайзанда, Әлекең үшеуі Энгельс Ахметовтың үйіне барады. Баукеңнің әдеті сәлем берген адамның атын, кім болып істейтінін, руын сұрайды екен. Бірінші жасы үлкендер сәлем беріп танысқан соң, жасы кіші кезек отағасым Әбекеңе келгенде, «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем береді: «Атым Әлмаханбет, дәрігермін, руым кіші жүз, Жалайыр» — дейді. «О,О,О «ноқта» ағасы екенсің ғой. Қазақта үлкен жиындарда, бәйгеде, үлкен аста бірінші бәйгені Жалайырға береді, сол үшін «ноқта» ағасы атанған» — деп, «Кел менің қасыма отыр дегенде, Әлекең: «Көке үлкендер тұрғанда мен жоғары шыға алмаймын» — дейді. «Баукең өткір көзімен бір қарап үндемейді, маңдайымнан тер бұрқ ете қалды» — дейді Әбекең. «Әкең бар ма? Анаң бар ма? Жасы нешеде?» -деген сұрақтардың астыны алды. Әкем барын, анам барын, атамыздың жасы үлкен екенін білгеннен кейін, Әлекеңе «Онда мен сенің үйіңе барып көкемізге сәлем берем» — дейді. Тамдыда әдеп бар: «Үйге келген қонақты үй иесінің рұқсатынсыз басқа адам алып кетуге болмайды, ол үй иесіне деген құрметсіздік болады. Сол үшін бүгін осында болсаңыз, сізді ертең таңертең өзім келіп алып барамын» — дейді Әбекең. «Онда өзім – ақ барамын, менің бұйрығымды ешкім қайтармаған» — деп сұқ саусағымен нұсқап. Содан кейін куәгер болып отырған үй иесі Энгельс Ахметов ағайдан рұқсат сұрап, Баукеңді біздің үйге алып келеді.
Отағасым Әлекеңмен сөйлеген телефонды қоя салғанымда, үйге қайын ағам Орынбасар Шілманов пен абысыным Базаркүл келген еді. Осындай қуаныштан сасып, қадірлі қонақ күту бір адамның қолынан іс бітпейді ғой, ағайындай болған көршілерден сүйінші сұрап, ағайындарға хабар беріп, абысыным асханада басшылық жасап жатыр. Біреуі бауырсақ пісіріп, ас мәзірін, атамыз тез пісетін ірі марқаны сойғызып жатыр. Сағат 12:00 шамасында батыр атамыз бен Сәуірбек Бақбергенов келді. Есік алдында күтіп тұрған абысыным екеуміз иіліп сәлем салдық, атамыз батасын беріп отау жаққа бет алды. Менің атам мен енем отаудан шығып қарсы алып жатыр, Батыр ата бірінші болып атамды құшақтап бауырына басып болған соң, енеме барып көңілі толды ма: «Сізді көкеміз малға жығып алған – ау шамасы», — деп әзілдеп қойып, «Отауға енді табалдырықтан аттасымен, міне нағыз қазақтың отауы, бәрі орнында, басқұрлары, шашақтары. Қандай әдемі!» — деп шаттанып, «Сәуірбек! Сен мыналарды жазуың керек» — деп ескертіп қойды. Батыр Баукеңнің келгенін естіген алыс — жақындағы, үлкенді — кішілі ағайын, туыс көршілер атамызға сәлем беріп, ұлағатты сөздерін естиміз деп үлкен үйіміз түгіл, кең аулаға сыймады. Батыр атамыз көңілі толып, шешіліп, естеліктерін айтып отырғанда, балбырап піскен марқаның еті де келді, атамыз ұсынған басты құрметпен алып ауыз тиді де: «Мен сіздерге бөліп беруге жарамаймын» — деп, басты әкем Сатанов Мамырға ұсынды. Батыр атамыз тамақты аса сыпайы, аздап қана жейді екен, еттің қамыр асы өте маңызды ғой деп аздап дәм алды. Батыр атамыз еттен, қою тамақтан гөрі сұйық тамақты ұнатады екен. Батыр атамыз арнайы шақырумен Кубаға барғанын, Фидель Кастроның інісі Рауль Кастроның құрметпен қарсы алып, Куба жауынгерлерімен кездескен естеліктерін қызықты айтып, Құптан намазына дейін жалықпай әңгімелеп отырды. Біз Батыр атамыз шаршаған шығар деп, ертең таңертең 1-мамыр шеруіне, митингіге бару керек, аздап дем алыңыз деп ұсыныс жасап едік: «Мынандай қаракөздер менен талап етіп отырғанда, қалай мен жатамын» — деп, ұзақ түнгі сағат 1,5 дейін әңгіме айтып отырды да дем алды. Батыр атаның ұйқысы сергек, көп ұйықтамайды екен. Үміт бауырымыз таңғы 5-те тұрса, қашан тұрғаны белгісіз Батыр Баукең ояу екен, жылдам самаурынға шай қойып дастархан басына отырады. Баукең Үмітке: «Айналайын! Осы мен сені шаршатып қойдым ба? Қасымда отырып шай іш, мынандай самаурынның тәтті шайын біраздан бері ішпедім» — деп, жанашырлық білдіріп жатыр. Танертең ерте Әкем Сатанов Мамыр мен анам Төле келді. Әкеме сіз кім боласыз дегенде, «Ол мына тәрбие жасап жүрген қыздың әкесі боламын» — дегенде, Баукең: «О-О-О! Жақсы азаматша тәрбиелепсіз! Рахмет!» — деп ризашылығын білдірді. 1-Мамырда бәріміз шеруге бардық.
1 Суретте: Кішкентай Манас Батыр Атасының алдында,
артында тұрған Манастың әкесі Алмаханбет
Мерекелік шеруден кейін ауыл басшылары батыр атамызға дәмханада арнайы қонақ асы беріп, түсте біздің үйге келді. Үйде, аулада мамыр шеруінде естіп, кешеден де көп халық жиналыпты аяқ басатын жер жоқ, бәрінің арманы батыр Баукеңмен амандасып әңгімесін тыңдау. Көрші колхоздың да азаматтары мал сойылып, күтіп отырғанын айтып еді, ризашылығын білдіріп «Мен шаршап қалдым, аздап деп алайын деді, ол колхозға Сәуірбек Бақбергенов пен отағасым Алмаханбет кетті. Аздап, жарты сағаттай мызғып алғаннан кейін әңгімесін жалғастырды, менің 5-6 жасар үлкен балам Манас өжеттеу еді, батыр атасына сұрақтарды жаудырып жатыр: «Ата соғыста қорықтыңыз ба?». Баукең арқасындағы шұрық-шұрық оқ тиген тыртықтарын көрсеткенде, «Ата оқ тигенде жыладыңыз ба? Жаудан қорықтыңыз ба?» — дегенде Баукең: «Мен де пендемін, батырға да жан керек. Ия, қорқыныш болды, бірақ қорқынышқа ерік бермей, ол сезімді жедел жене білу керек. Бір мезгілде менің кітабым бар ма?» — деді Баукең. Ол кезде Өзбекстанға қазақша кітаптар жете қоймайтын, отағасым Әбекең бар тапқан кітабінің бірінші бетін ашып ұсынып еді, кітапқа біраз сөз жазды, Әлекең қарап, «Көке біз арабша оқи алмадық. Не деп жаздыңыз?» — дегенде Баукең: «Балам ер жетсін, батыр болсын! Манас батырға, атасы Бауыржаннан» — деп жаздым деді.
2 Суретте: 1 – Мамыр шеруінде Батыр Бауыржан Момышұлы,
сол жағында дәрігер Алмаханбет Жұманазарұлы
Бауке сөзінің соңында: «Тамды деген Қазақтың салт-дәстүрі, қаймағы бұзылмаған мекен екен» — деп халыққа ризашылығын білдірді. «2 мамыр күні батыр Баукеңді шығарып саламыз» — деп аэропортқа барса, кассада билет болмапты. Әлекең кассадағы келіншекке барып: «Анау отырған халық батыры Бауыржан Момышұлы. Қонаққа келіп еді» — деп еді, «За нами Москва» кітабының авторы ма?» — деп басқа ұлттың өкілі болса да, далада отырған Баукеңді барып бетінен сүйіп алады. Сонда Баукең: «Е-е-х! Был бы, двадцать пять!» — деп күлдіргені бар. Қысқасы, жанағы келіншек басшыларға барып, Сарыағашқа дейін апарып салуға менің інім Манай екеуіне билет әперіп, шығарып салдық. Осы жерде де батыр Баукеңе деген басқа ұлттардың да құрметін, сүйіспеншілігін байқадық. Осылай батыр Баукеңмен кездесудің сәті түсіп, Тамды жұртшылығы бір жасап қалды, осы күндер әр адамның есте қаларлық күндер болды деп естелігін аяқтады ол кездегі жас келіншек, қазір немерелердің әжесі, зейнеткер Үміт Жолдасқызы. Батыр атасы Баукеңнің таяғын ұстап жүрген, алдында отырып, батасын алған Манас мұғалімдер институтын бітіріп, қазақ тілі, араб тілі маманы, қазір кәсіпкер, ұйыған от басының иесі.
Серік Қолданұлы Орал
Сатпаев қаласының құрметті азаматы
денсаулық сақтау ардагері