Нәжім Мейрімхан Бахрадинқызы
Павлодар қаласының
№ 35 жалпы орта білім беру мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Сабақтың мақсаты: Қазақ халқын әлемге танытқан «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы, заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай оның өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер беру, өнегелі өмірі мен жазушылық жолын жастарға үлгі ету.
Сабақтың барысы. Мұғалімнің сөзі: Аты аталса жұрттың құлағы елең ете қалатын атақты адамдар болады. Жалғыз қазақта ғана емес, барлық халықта да солай. Ондай атақтылар қатарында құлақ құрышын қандыратын асқан әнші, ойынымен көрермендерді сүйсіндіретін әртіс, халық өмірінің арғы-бергісін молынан қамтып суреттейтін мықты жазушы мен басқалары да болуы мүмкін. Осындай ұлы адамдар өз елінің, өз ұлтының мақтанышы болумен қатар, бүкіл дүниежүзі халықтарының да сүйіспеншілігіне бөленеді. Нақ сондай ұлылардың бірі де бірегейі – Мұхтар Омарханұлы Әуезов. Биыл заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр. Бойындағы отаншылдық сезім мен адамзатқа ортақ гуманизм принциптерін ғұмырының соңына дейін қатар ұстап өткен ұлы жүрек иесі, әрдайым жұртының жадында жаңғырып тұратын, тарихтың да, тағдырдың да сынына төтеп берген ұлы тұлға туралы бүгінгі сабағымызды бастаймыз.
- «Балалықтан – даналыққа» кемеңгер жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы презентацияны тыңдайық. Оқушылар айтып береді.
- «Мұхиттай терең Мұхтар аға». М. Әуезовтей жазушымыз болғанына біз мақтанамыз. М. Әуезовтей оқымыстымыздың болғанына және мақтанамыз. Қазақ елінде теңдесі жоқ тереңнің болғанына өзіміз куәміз.
Қазақстанның халық жазушысы Т.Молдағалиев Мұқаң туралы мынадай естелік айтады: «Әуезов сөйлей жөнелгенде «Бағзы заманда» деп басталған сөйлемге сөйлемдер жалғаса беретін. Профессор өзендей тасып, бөгет бұзған тау суындай еркіндеп еңіске қарай жүгіргендей жүйріктік танытатын. Оның көмейінен сөздер емес, нұр төгілгендей, жыр төгілгендей. Оның аузынан өмір бойы аңсаған ақылды, аяулы сөздер ағылып жататын. Оның сөздерінен қанаттанып, ажарланып, жаның рақат тауып, бойың сергіп, ойың алысқа ұшып, ғажайып бір күйге бөленесің. Жаның тазарып, жүрегіңе шапағат нұры төгіліп, өзің дүниенің әсемдігімен әсерленіп әйбат болып кетесің. Бұлттан шыға келген айдай болып алдыңда Әуезов тұрғаны қандай ғанибет! Оны көрген менің көзім қандай бақытты еді…»
Осындай естеліктердің бірінен Ахмет Жүнісұлының естелігін тыңдаймыз.
Оқушы: «Өлген қазақтың жаманы, тірі қазақтың жақсысы жоқ» дейтін Абай сөзін дәл М.О. Әуезовке келгенде айтуға келмейді. Мұхаң көзінің тірісінде-ақ әлемге әйгілі бәйтерек екенін өзінің құлағымен естіп кетті.
Шөлін Ертістің суынан қандырып, ғұламалығын қазақ пен Батыстан, Шығыстан толықтырған осы бір алып адамның дүниеге келгенін көз алдыма елестетсем, Абайдың «Күз» деген өлеңіндегі дала елестейді: Аспанды жел көтерген түндіктей жөңкіле бұлттар басқан құсап Қазанның қара желі сол күні де азынаған шығар. Осындай елі де, жері де күйлі күздің бір күніндегі Шыңғыс өңірінде бір жапырақ қазақ дүниеге келді.
Күзеуде қатар отырған екі ауылдың етектеріне сүрініп дүниеге іңгәлап келген сәбидің алғашқы куанышын жарысқазаннан бастады… Бұл екі ауыл – тізелерінің жігі жазылмайтын, көшкенде түйелерін бірге қайырып, бір мезгілде бірге қомдайтын Құнанбай мен Әуез ақсақалдың ауылы еді.
Осы Мұхаң ит көйлегін бесігінде тоздырып, тұсауын үйінде кескізісімен атасы Әуездің баулуына болды. Атасы бұған әдебиет дейтін әлемнің, Абай дейтін ұлының есігінең алғаш өзі ашып берді. Жиырманың қырқасына шыға сала «Қорғансыздың күнін» жазып, жалпақ қазақты жалт қаратты.Сол кездің өзінде-ақ тайлақ басымен атанның теңiн қабырғасы қайыспай, тәлтiректемей көтердi. Алдындағы Ахмет Байтұрсынов бастатқан ағаларын қуантты. Әдебиеттің күлтөбесіне конып алып қара қарға қанша қаңқылдағанымен ол бәрiбiр жыʌқұсы бола алмайды ғой. Ал, Мұхаң осы әңгімесімен қазақ әдебиетінің жылқұстарына қосылды.
Оқушы: Осыдан бір жыл бұрын марқұм Ишанбай Қарақұлұлы Қарақұловпен бір-екі дәмдес болғанымда, ол кісі білдей ғалым бала тұра өзін Мұхаңнан көп төмен санап: «Мен Мұқаңның қолына су құйып, атын ерттеуге әзер жараймын. Шетелдің ғалымдарымен болған сұхбатта Мұхаң бәрімізден биіктігін көрсетуші еді. Кейде сол шетелдіктердің өзін өз елінен аса арыдағыны айтып шұлғытқанда біз қайран қалып, аласалығымызды мойындайтынбыз», – дегенді бірнеше рет қайталап еді. Мұны мынамен дәлелдесек, 1957 жылы шетелдік ұйғырдың аса дарынды ақыны Типжан Әлиевтің Мұхаңның қабылдауында болғаны әлі есімде. Екі елдің есебінде отырған екі адам мұндайда өз тасын төрттен санап төбесін көрсетеді емес пе…Сонда әлгі ақын өз ұлтының бір ұлы ақынын Абайға шендестіріп дәріптей берсе керек…
Ақынның әуселесін – аужайын естіп болған Мұхаң біраздан соң сол елдің әдебиетінің арғы-бергісін қозғап, ақынның кейбір ағаттықтарына түсінік беріп, тіпті оған ұйғырдың өзін түсіндіріпті…
Еліне қайтып келген соң әлгі ақын маған кезігіп «Сенің қара шалыңның қасқа басына бүкіл шығыс ғалымы қалай сиып кеткен! Мен өз ұлтымды бір кісідей білетінімді былжырап нем бар еді. Кемеші келгенде қайықшы жол беретіндей, әптігім басылып, іштей қатты ұялдым. Құлақ молдасы болып отыра бергеніме өкіндім», – деп өзінің пүшәйман болғанын айтып еді.
Оқушы: 1917 жылы Ералының көгалынан кесе өткен құлын бір сүрінбей өте алмайтын шілде айында мынадай бір тарихи оқиға болады:
Құнанбай ауылы мен Әуез ауылы тағы да қатар қонған. Шіркін, қайран баяғыдағы қазақтың жасыл жайлауға жапа тармағай кеп қонған кезі – бұл дүниенің ұжымағына көшкенмен бірдей еді-ау! Той да, думан да, төркіндеу де, нағашылау да басталатын осындай мәре-сәре кезде Абайдың ұлы Тұрақұлдың аяулы қызы Ақылия он жетіге келіп, бойжетіп, онжақтан аттанатын болады да, ауылдың аяулы «қонағын» ел-жұрт болып ұзатпаққа кіріседі. Ол кезде жақсы қыз аттанарда дүйім ел:
Ит үрмес сеңгір таудан ел кеткен соң,
Қайран ел сәнің қалмас қыз кеткен соң, – деп күңіренетін кезі.
Осындай қарбаласта Мұхаң ауылында демалып жүрсе керек. Ақ мол. Жұрт көңілді. Осы орайды пайдаланған жас Мұхтар ең алғаш Әйгерімнің сегіз қанат отауында ауыл жастарың ұйымдастырып «Еңлік-Кебекті» сахнаға шығарады. Бұл – Қазақ сахнасының бастамасы. Қазіргі М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының тарихтағы алғашқы күні.
Трагедияны ылғи еркектер ойнапты сол күні.
Жазған да, ұйымдастырған да – бота тірсек бозбала Мұхтар. Ойнағандардың бірі – Мұхаңның ағасы Ахмет Әуезов. Төмен етектіні от басынан ұзатпайтын, ұзаса кер қамшы керегеден тулап, түсіп басында ойнайтын ол кездегі жуан мойын феодализм «Еңлік-Кебек» қойылды екен деп тобықтынның қызын топ алдында тайраңдата ма.
Бүйтудің өзі – ол кезде қазақтың заңына қайшы, исламияттың темір заңына күнә. Мұхтар «ойын» жазыпты деп әйелдерімен намахрам бола ала ма? Мұндай жаңалықты бірінші рет көрген жұрт дүрлікті, ұнатты, ренжіді. Сол күні жұрт не десе, о десін: «Еңлік-Кебек» сол қойылғаннан мол қойылды.
Оқушы: «Егер батыстың аласа мойнағына шығып оның арғы жағындағы қазақ делінетін жомарт халықты, ұлан-ғайыр ғаламды көргіңіз келсе, оны саған анықтап көрсететін ең тұнық айна – «Абай жолы» дегенді Л. Арагон текке айтпаған. Европаның қазақ туралы қақас еститiн, қате бiлетiн кейбір кеуделілеріне бұл сөз дөп айтылған. Бөжейдің асында атпен шапқылап тартылған төбе-төбе ет пен сан-сан сабадағы сапырылған сары қымызды оқып француздардың бұған сенбеуiнiң – Мұхаңды суайт деуiнiң төркiнiнде де гәп бар. Бiз бұл арқылы Мұхаң қазақты басқа барлық (Абайды, Шәкәрімді, Ахметтi, Мағжанды, Мiржақыпты, Жүсiпбектi қоспағанда) жазушылардан көп бiлетiнiн байқаймыз.
Өмірдің өтпейтіні, уақыттың тоздырмайтыны жоқ қой.
Сен жапанға біткен шынарсың,
Қазаң жетiп сынарсың, Қазаң жетiп сынған соң,
Ойға-қырға шабармын, Орныңды қайдан табармын,– деп, Ергенекті Саршуаш биге Тіленшiнiң айтқанындай, 1961 жылдың шiлдесiнде қазақ өзiнiң Алатаудай алыбынан айырылған.
«Қазақта Мұхтардай мұхит бар!» – деп мақтанған қазақ жастарына бұл қаза қайдан жеңіл тисін. Қазір ол күндерден де ұзап барамыз. Кұнанбайдай азулы, Абайдай дана, Әйгерімдей apy, Тоғжандай шерлі, Оспандай тентек, Дәркембайдай жатақ, Еңлiк пен Кебектей ғашықтар данышпан ағамызды қазір де бірге қоршап жүргендей болады…
Сондықтанда біз Мұхаңдай бәйтеректі сынбайды, иіледі деймiз. Сондықтанда қалың қазақ өз алыбын «өз төрiнде мәңгi қасқайып отырады» деп, туған күніне байланысты аруағына биыл да тағзым етеміз.
- Мұхтар Әуезов туралы ыстық лебіздер
Оқушы. Ғабит Мүсірепов: Мұхтардың балалық шағы қазақ даласында кездесіп көрмеген, батыс елдерінде де сирек кездесетін өлең мен әнге, ертегі мен жырға, жұмбақ пен жаңылтпашқа, шежіре мен шешендердің лұғатты сөздеріне күні-түні шашылатын творчестволық ерекше жағдайда өтеді. Ол Абай аулы, Абай айналысы – Абайдың ақын балалары, Абай аулына үсті-үстіне ағылып келіп жататын ақындар, әншілер, домбырашылар, қобызшы-күйшілер,бишілер, шешендер… Қазақ халқының қалыптасқан әдептілігі, инабаттылығы, мінезділігі, адамгершілігі – бәрі осы ауылда. Абай елегінен өтіп өнделгені де бар. Абай айналысында өрескел мінез, ерсі сөздерге тыйым салынған. Бұл ауыла кітап бар, кітап оқу бар. Науаи, Низами, Омар Хайям, Фирдоусилер аудармасыз өз тілінде оқылады. Абай айналасында осындай жайлар болғанын Мұхтар өзі ұзақ жыр етіп айтатын еді.
Мұхтар Абайды босағадан ғана сығалап көрген бала емес. Абайдың өз балалары мен немерелеріне ере жүріп, еркін көрген. Кең маңдайлы, көзі бадырайған, жуан шал сегіз-тоғызға келген жас баладан әлдеқандай өнер күткендей үмітті көздерінен мейірім төге жылы қарайды екен.
Оқушы. Зейнолла Қабдолов: Мұқаң – әрі жазушы,әрі ғалым,әрі ұстаз,әрі қоғам және мемлекет қайраткері.Ол осының бірде-бірінде осалдық көрсетпеген,бәрінде де орасан күшті,бәрін де қатар және тең ұстаған кісі. Бұл – ғажайып бүтіндіктің,сегіз қырлы,бір сырлылықтың,Абайша айтқанда, «тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімнің» үлгісі еді.Шешендік,халық тілінің күллі байлығына жан бітіре сөйлеушілік – Мұқаңның көп қырының бірі ғана…
Оқушы. Шыңғыс Айтматов: Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге ала жүретін екі түрлі ұлттық асылым бар: бірі – «Манас», бірі – Мұхтар Әуезов.
Оқушы. Мирза Тұрсын-Заде: Ұлы суреткер,қазақ халқының ғұлама перзенті Мұхтар Әуезов бүкіл шығыс әдебиетінде реализм жолын салған тамаша жазушылардың бірі.Бүкіл әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылған «Абай» ғажайып көркем эпопея ғана емес,бүкіл қазақ халқының тарихи шежіресі,энциклопедиясы.
Оқушы. Бауыржан Момышұлы: Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар. Мұқаң «Сегіз қырлы, бір сырлы» қазақтың ұлы еді. Біріншіден, драматург болып беташар істеді. Екіншіден, ақынша ойланатын еді. Үшіншіден, тарихшы, терең ғалым, психолог, филолог, сыншы, халықаралық өкіл. Мұқаң нағыз патриот еді, өз халқын қадірлеп, қатты сыйлайтын, ал орыс әдебиетін танытуда қанша еңбегі бар. Өз халқын сүймесе, басқа халықты сыйламаса, онда «Сегіз қырлы, бір сырлы» болмас еді…
- «Кемеңгердің кемел ойларынан»
М.О.Әуезовтің кемел ойларынан жасырынған сөздерді құрастырып оқу.
- 5. «Мұхтар мәртебесі» Мұхтар Әуезовке арналған жыр жолдары.
Оқушы: Кенен Әзірбаев «Мұхтарға»
Жігіті едің Арқаның, Абай ақын-дарқаның.
Сырласып әр кез өзіңмен, Көп құмардан тарқадым.
Жалған емес шындығым, Расымды айтамын!
Алыс шабар тұлпарым, Қырымнан келер сұңқарым.
Бірге болып Мәскеуде, Осы сапар байқадым.
Абайды жазып шығардың, Қарамай пәлен дегенге.
Қырандай қағып қанатты, Ой жібердің тереңге.
Қазағымды таныттың, Біле бермес әр елге.
Азығы болып халықтың, «Абайың» жүр жер-жерде.
Әлем саған бас иед, Әуезұлы дегенге.
Әнуар Әлімжанов «Ұстаз ұлағаты»
Оқушы:Бүгін той! Мұхтар аға тойы бүгін!
Сексен жыл – биік асу жолы қиыр.
Осы жыр-шашуымен жалғастырам,
Кезінде айтылмаған ой үзігін.
Есімде: ай маңдайың, күн қабағың;
Есімде: ойға тұнған нұр жанарың;
«Абайтану» танытып өзіңді де,
Есімде: егіле сөз тыңдағаным.
Ойлаушы ек: өзіңізді тез келсе,– деп,
Тезірек көңіл ұйып, көз көоре,– деп.
Тұрушы ек: ұнатып сіз бәрімізді
Өзінің баласындай сүйсе екен,– деп.
Тілеуші ек: сағат баяу жүрсе екен,– деп
Электр қоңырау сымы күйсе екен,– деп
Лекция Сіз оқитын көбейтіліп,–
Сабақтың кестелері өзгерсе, – деп.
Сонда бір сөйлейтінсіз ағытылып,
Тыңдаушы ек: кең бөлменің бәрі тұнып:
Ұлдар да қыбырлауық қымыс етпей,
Қыздар да сыбырлауық жағы тынып.
Оқушы:Көрдік біз өзіңізден адалдықты
Адалдық арқа тірер адамдықты
«Абай жолы» арқылы аспанға өрлеп
Тамсантты талантыңыз талай жұртты.
Көрдік қой … Ұғу, рас, ала құла
Біреу жүр оратылып балағына.
Біреу жүр «ең мықтыға қос» деп өзін
Сыншының сүйек тастап табағына.
Шәкірттік салтын сақтап келем мен де;
«Есейдім, шашта қылау» дегенмен де;
Інілік ізетіммен басымды иіп
Сізге мен қызмет етем төбеммен де.
Бір мен емес, Мақтансыз сан мыңдарға .
«Бүйрегім бұрар» – десем, қалдым дауға
Сонда да «Мұқаңа анау қара!»– деймін
Әлдекім ыңғайланса қалжыңдауға.
Оқушы: Тіл бармай Шыңғыстауды дара атауға,
Сүйеді Сыр бойы да, Қаратау да;
Оралтау,Алтай, Көкше – ортақ мекен,
Шырқаған даңқын биік Алатауда.
Асылзатым! Миллиондар ағасысыз,
Ел көзінің ағы мен қарасысыз;
Бөстегінде бір үйдің туғанменен,
Исі қазақ жерінің баласысыз.
Асыл аға. Ел-жұрттың кұт, арысыз.
Мандайына мақтан ғып тұтқанысыз.
Исі қазақ жерінде туғанменен,
Бүкіл одақ халқының Мұхтарысыз!
Әулие (Мұхтар Омарханұлына) З.Иманбайұлы
Оқушы:Ұққандарға ғаламат дана едіңіз,
Сәл нәрсеге алданғыш бала едіңіз.
Партияға қайтадан өтпей қойған,
Мұха қандай көреген жан едіңіз!
Сізден ешкім күтпеді мұндай қылық,
Өз бойында жатса да сыймай былық.
Сорлы Жантық коммунист көсемдерге
Өңін бұзып жеткізді жырдай қылып.
Көре алмаған күншілдер өзіңізді,
Аңдуменен күн кешті сөзіңізді.
Бәле қуды қаламдас досыңыз да,
Іштей тілеп сүрінген кезіңізді.
Бәрімізге белгілі арғы жағы,
Жабылардың алдамшы жанды бағы.
Пенделердің қысастық жасауынан
Жүрегіңіз шыдамай қан жылады.
Аз болғанадй зардапты шеккеніміз,
Қарайтып та жібердік өкпені біз.
Сондықтан да шығар бұл қу өмірден
Құтылғанша асығып кеткеніңіз.
Оқушы: Шеттерінен классик, жоқ төмені,
Бір-біріне қимайды Көктөбені,
Өлгеннен соң зарлайды бауырым деп
Тірісінде өлердей жек көреді.
Шіркін, қазір болсаңыз арамызда
Зор төңкеріс жасалып санамызда
«Абай жолы» тазарып «социзмнен»
Еліктер ек Құнанбай бабамызға.
Тұлпарымның түбірі қырды үгітіп,
Бақтығұл да бақытын жүрді күтіп…
«Өскен өркен» өзгеше түлер еді.
Коммунизм елесін мүлде ұмытып.
Көрсеңіз ғой заманның өзгергенін,
Шын мәнінде әлсізді теңгергенін.
Қазақтың да еңсесі көтеріліп,
Жаңартқанын ойын да, боз көйлегін.
Көрсеңіз ғой тәуелсіз көк Байрағын
Жас Қасымның сілкініп шоқ шайнарын.
Асыл аға «ат басын» үйге тіреп
Қанжығама ырысты бақ байлағын.
Ұққандарға ғаламат дана едіңіз,
Сәл нәрсеге алданғыш бала едіңіз.
Партияға қайтадан өтпей қойған,
Мұха, қандай әулие жан едіңіз.
Қорытынды сөз: Бүгінгі «Кемеңгер жазушы» атты танымдық сабағымызды мынадай өлең жолдарымен аяқтаймыз:
Даласындай дарқан халық, батыр ел,
Білгің келсе бізді, досым, жақын кел.
Қазақ халқы – Мұхтарымен жазушы,
Қазақ халқы – Мұхтарымен ақын ел.
Кім еліне Мұқаңша сыр ағытты,
Кім Мұқаңша бағындырды уақытты.
Қазақ халқы – Мұхтарымен Алатау,
Қазақ халқы – Мұхтарымен бақытты,– дей отырып, Мұқаңның шыңына бас иеміз.
Аспаныңда жарқыраған күнің бар,
Мұхтар шыққын зәулім биік шыңың бар.
О, жас ұрпақ, жасқанбаңдар биіктен,
Әрбіреуің бір-бір шыңға шығыңдар! – деп, сабағымызды аяқтаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- «Түркістан» газеті, 1995 жыл, 27 қыркүйек.
- «Ұлан» газеті, №38, 1997 жыл, 23 қыркүйек.
- М.О.Әуезовке арналған өлеңдер (түрлі жинақтар мен баспасөз беттерінен)