Home » Мақалалар » Қазақ тілін оқытудың әдістемесі

Қазақ тілін оқытудың әдістемесі

Тасжанова Меруерт Джаксылыковна
«Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы
Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжі» МКҚК
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы 

(мемлекеттік тілде оқымайтын оқу орындарындағы қазақ тілі)

Мақсаты: Орыс тілді оқу орындарында қазақ тілі сабағында студенттердің сөйлеу тілін тиімді әдіс-тәсілдер арқылы дамыту жолдары.

Міндеттері:

  • Орыс тілді топтарда тіл дамыту жұмысының әдістемесі арқылы оқыту мәселесінің ғылыми-теориясын негізін айқындау;
  • зерттеуде қолданылған әдістер нақтылығы мәліметтер мен әдебиеттерге бақылау және талдау, баяндау, сипаттау, оқушылардың тілді меңгеру дәрежесін бақылау, тексеру;
  • Жүйелі және құрылымдық талдау әдісі орыс тілді сыныптардың оқушыларына ана тілімізді оқытып, үйретудің танымдық, амалдық табиғатын зерттеу.

Негізгі бөлім. Тіл дамыту – қазіргі оқу орындарының оқу-тәрбие ісіндегі басты проблема – тіл мен сөйлеу процесін жіктей оқыту, студенттің дұрыс сөйлей білуіне көңіл бөлу. Сондықтан, оқытушы қазақ тілі сабақтарында тіл дамытуға, байланыстырып сөйлеуге айрықша көңіл бөледі, тілдік материалдарды дұрыс бере білу, тілдің теориясы мен сөйлеу практикасының бір-бірімен қарым-қатынасы түрлі жаттығу жұмыстары арқылы іске асырылады.

Тілді дамыту дегеніміз – студенттің сөздік қорын дамыту, ойлаған ойын басқа адамға жеткізе алу, оның сөзін түсіне білу, қысқаша айтқанда еркін сөйлей білуге үйрену. Осыдан келіп тіл дамыту жұмысының кең аялы екенін көреміз.

Адам әрқашанда өз ойын ауызша және жазбаша жеткізеді, сол себептен бұл ұғымдар өзара байланысты. Ауызша жеткізу дегеніміз – сөйлеу. Сөйлеу – тілдің көмегімен қарым-қатынас жасау. Әр адам сөйлеу арқылы екінші адамға өз ойын жеткізе алады.

Сөйлеу әрекетінің өз сипатамалары бар. Солардың бірі – сөйлеудің мазмұнды да мәнерлі болып келуі. Егер сөйлейтін сөзде мазмұн болмаса ол сөз мәнін жоғалтуы мүмкін. Ал сөзді мәнерлеп айту – әрбір сөйлемге әсерлі үн, саз береді. Нақыл сөздерде айтылғандай, бір ауыз сөзбен адамды дертінен жазуға немесе өлтіруге болады. Демек, сөздің құдіреті өте күшті. Сабақтың пікірлесу кезеңінде студенттер әрбір сөзді орынды қолданып, әр сөзге екпінді дұрыс қоя білуі керек. Сол жағдайда ғана олардың сөйлеу әрекеттері дұрыс қалыптаса түседі.

Әр оқытушы қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту жұмыстарын шығармашылықпен жүргізіп, дұрыс ұйымдастыра білсе, ол студенттің күнделікті өмірдегі құбылысты жан-жақты түсіне білуіне жағдай жасайды.

Тіл дамыту жұмысы, негізінен, мынадай 4 бағытта жүргізіледі.

Біріншіден, мәдени, әдеби сөйлей білу нормаларына үйрету, яғни орфографиялық дағдыны меңгерте отырып, студентте мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыру.

Екіншіден, лексикалық жұмыстар жүргізу арқылы студенттің сөздік қорын байыту, тілдің лексика және фразеология бөлімдерінен кеңірек білім беру көзделеді.

Үшіншіден, жаңа сөздер үйрету

Төртіншіден, студенттің ойын жазбаша дұрыс, сауатты жаза әрі сөйлей білуге үйрету мақсат етіледі.

Тіл үйренуде ең басты міндет – студенттердің сөйлеу тілін жетілдіру.
— Студенттердің сөздік қорын дамытуға арналған әдіс-тәсілдер туралы мәлімет беру.
— Әдіс-тәсілдер туралы теориялық ұғым беру.
— Әдістерді тәжірибеде қолдана білуге үйрету.
— Қазақша сөйлеу дағдысын дамыту
— Жазбаша тілін дамытып, орфографиядан түсінік беру.
— Сөздікті дамыту.
— Сөйлеу тілінің грамматикасын қалыптастыру.
— Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету.
— Диалогтік сөзді қалыптастыру.
— Түсінгенін айта білу.
— Көркем шығармамен таныстыру.
— Сауатты жазуға дағдыландыру.

Қазақ тілі сабағындағы сөздік қорды дамыту жұмыстары мынадай әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асады. Ол – сұрақ-жауап, сөйлесу, әңгімелесу, әңгіме, түсінігін айтқызу, көрнекілік, аударма, кітап пен жұмыс, мәтінмен жұмыс әдістері. Әр сабақ сайын тақырыпқа сай көрнекі құралдар, түрлі суреттер, кестелер, видео каcсеталар, тақырыптар бойынша электронды оқулықтар мен сабақты көркемдеп отырса, студенттердің сөздік қоры біршама толығады деген сенімдемін. Әдіссіз оқыту процесі жүзеге асу мүмкін емес.

Осы оқыту әдісі дегеніміз не?

Оқыту әдісі – дидактиканың ең басты құрамды бөлігінің бірі. Оқыту әдістері білім берудің мазмұны сияқты, оқытудың жалпы мақсаттары мен және міндеттерімен анықталады. Оқыту процесінің нәтижелі және сапалы болуы оқыту әдістемесінің тиімді шығармашылықпен жүзеге асырылуына байланысты. Ол оқытушы мен студенттің бірігіп жұмыс атқаруы. Оның арқасында білім, іскерлік, дағдының қалыптасып, оқушының дүние танымдылығы мен қабілеттілігінің артуы.

Оқу орыс тілінде жүретін оқу орындарындастуденттерге қазақ тілінен үйретілетін сөздер біріншіден, белгілі бір тақырыптарға, екіншіден сөз таптарға қатысты болады, сол себептен қазақ тілі сабағы әрі тілдік, әрі әдебиеттік оқу материалдарын қамтиды. Кейбір грамматикалық түсініктемелер, жаттығу шарттары орыс тілінде берілетіндіктен, салыстырмалы грамматикаға байланысты мәліметтер де қамтылады. Қазақ тілі сабағындағы сөздік қорды дамыту жұмыстары мынадай әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асады. Ол – сұрақ-жауап, сөйлесу, әңгімелесу, әңгіме, түсінігін айтқызу, көрнекілік, аударма, кітаппен жұмыс, мәтінмен жұмыс әдістері. Әр сабақ сайын тақырыпқа сай көрнекі құралдар, түрлі суреттер , кестелер, видеокассеталар, тақырыптар бойынша электронды оқулықтар мен сабақты көркемдеп отырса оқушылардың сөздік қоры біршама толығады деп сенімдімін. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып отыр. Әр түрлі жаңа технологияларды оқу процесінде қолдануда.Жаңа технологияны, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану білім сапасын көтереді.Мемлекттік тілдің қоғамдағы орнын көтеру үшін бүкіл жүйе болып жұмыс істеуіміз қажет. Бала енді тілі шығып, балабақшаға барып, қазақ сөздерімен танысуы тиіс. Мектеп қабырғасынан күнделікті өмірдегі, қолданыстағы тілді үйреніп шықса, жоғарғы оқу орындарын да мектеп бағдарламасын қайталамай, тілдік категорияны тереңірек оқытылса, болашақта орысша және қазақша тіл білетін маман даярлар едік. Қаншама жазсақ та, айтсақ та ісіміз оңға баспай тұр. Себебі оқушылар тек сабақта ғана қазақша сөйлеп, оны тәжірибеде қолданбайды одан гөрі ағылшын тілінде сөйлегенді ұнатады.

Осындай күрделі де ауқымды мәселені шешу үшін сөздік қорды байытуға бағытталған әдістер жайлы бағдарламамды ұсынып отырмын. Себебі сөздік қордың бай болу маңызды мәселе. Бұған үлкен көмек беретін тақырыптық модульдік бағдарлама. Әр сабақты фонетикадан бастаған жөн болар. Дауысты, дауыссыз дыбыстарға көңіл бөліп, дұрыс айтылуы мен жазылуына, сөз, сөйлем құрастыру процесін бірізді түрде жүргізіп отырса тиімді болады.

Сөздік қорды дамытуға бағытталған әдістердің жалпы міндеті – сөздің мағынасын дұрыс түсініп, оны өз сөзінде дұрыс қолдану.

Түсіндіру әдісі — жаңа сөз, сөз тіркесі, сөйлемдерді түсіндіруде қолданады.Сабақ сайын үйретілетін жаңа сөздер бойынша, яғни сөздік жұмысында іске асады. Сондай-ақ қазақ тілі грамматикасының кейбір ерекшеліктері (алфавит бойынша қазақ тіліне тән ерекше дыбыстарды, дауысты дыбыстардың жуан, жіңішке, ал дауыссыз дыбыстардың қатаң, ұяң, үнді болып бөлінетіндігі, екпіннің соңғы буынға түсіп, не істейді сұрағына жауап беретін сөздердің сөйлем соңында тұратындығы, жалғау, жұрнақтардың жуан, жіңішке, екі вариантта болатындығы кім? сұрағының тек адамға қойылатындығы, ма, ме , ба, бе, па, пе деген қосымшалардың бірде жалғау болатындығы,т.б) түсіндіріледі.

Көрнекілік әдіс – сабақ сайын жүргізілетін әдіс. Басқа тілді үйретуде ең нәтижелі және жиі қолданылады. Тілді жаңа үйреніп жүрген студенттерге түрлі суреттер мен заттарды, ойыншықтарды көрсету арқылы сөздерді үйретуге болады. Көрнекілік тақырыпқа сай, көзге тартымды яғни эстетикалық жағынан жақсы, ірі екі немесе үш түстен болуы керек. Мысалы: «Ұлттық киімдер» тақырыбын өткен кезде киімдердің суретін көрсету арқылы немесе топқа кәдімгі киімдерді әкелу арқылы жүзеге асып отырады. Әр түрлі тірек кестелер және таблицалармен сөздерді, сөз тіркестерін үйретуге болады. Ы. Алтынсарин натуралды әдіс туралы былай деген: «Балаға айтып түсіндіргеннен гөрі, қолымен ұстап, көзімен көріп, мұрнымен иіскеп түсіндірген сабақ ұғымды» деген. Бұл әдісті сөздік қорды дамытуға 1-курс (яғни тілді жаңа үйреніп жүрген) студенттеріне қолданады. Мысалы: Алма сөзін алманы көрсету арқылы ұғындырамыз. Бұл әдіс – жеміс-жидектер, оқу құралдары, ойыншықтар, тағамдар тақырыптарында жүзеге асады.

Келесі әдіс сұрақ – жауап әдісі.Бұл әдіс балалардың тілін дамыту үшін маңызды әдістің бірі. Қай сынып, қай топ болсын, сабақтың қай кезеңіңде болсын қолдануға болады. Өте белгілі де тиімді әдіс. Жас ерекшелігіне байланысты сұрақ дайындалады.

Мысалы: — Сен қай қалада тұрасың?

— Мен Ақтау қаласында тұрамын.

— Ақтау қай теңіздің жағасында орналасқан қала?

— Ақтау Каспий теңізі жағасында орналасқан қала.

Дәстүрлі сыныптық – сабақ жүйесінің барлық элементерінің және сабақты құрастыру технологияларын қолданумен қатар, оқытушы келесі педагогикалық технологияларды пайдалана алады:  ойын технологиясы, проблемалық оқыту, оқу зерттеуін ұйымдастыру технологиясы, жобалау әдісі, ақпараттық-комуникациялық технологиялар.

Интерактивтік әдіс. Интерактивтік деген сөз энциклопедияда көрсетілгендей, интеракция деген ұғымнан келіп шығады. Ал интеракция жеке индивидтердің , топтың, жұптың, өзара біріккен әрекетке бір – біріне алма-кезек әсер етуі. Бұл әдіс әсіресе, сұхбат құруда студенттердің белсенділігін арттырады . Бірігіп жұмыс істеуге үйретеді. Олардың ізденуін, шығармашылықпен әрекет етуін қамтамасыз етеді. Интерракция кезінде студенттердің істі ұйымдастыра білу қабілеттері де көрінеді. Интерактивті әдіспен сабақ өткізу кезінде оқытушы кеңесші, серіктес рөлін атқарады. Ал топ белсенді түрде әрекет ете отырып, бірін-бірі қолдау, толықтыру арқылы сұхбат құруға үйренеді. Екі студенттің сұхбатына үшіншісі де араласуына болады. Ол қарсы топтың студенті болуы да мүмкін. Бұл әдістің негізгі мақсаты – оқу процесінің барлық сатысында біріккен әрекетке жағдай жасау. Әр студент жеке тапсырмамен жұмыс істей отырып, топ мүддесін ойлауға үйренеді. Әрқайсысы өз міндетіне жауапкершілікпен қарай отырып, ортақ нәтижеге қол жеткізуге ұмтылады. Қандай әдіс болсын оқытушы өз сабағына икемдеп қолдануы керек.

Студенттердің білімге ықыласын, ынтасын, қызығушылығын арттырудың ең жақсы жолының бірі – сабақта ойындарды қолдану. Ойын – студенттердің шынайы және ойлап тапқан шындығына тез, еркін енуіне, өзіндік «Менін» қалыптастыруға және шығармашылыққа, белсенділікке, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік береді («Мен студентпін», «Мен және менің отбасым», «Мен жолаушымын», «Біз жолаушымыз», «Адамдардың кәсібі», «Мен кәсіпкермін», «Біз қонақтамыз»). Мұндай ойын түрлерінің ерекшелігі – жоғары көңіл күйде ойналатын рөлдер шынайы сезімге, ойға, ниетке толы болады және бала үлкендер сияқты дәрігер, эколог, жол көрсетуші болғысы келеді. Бұл ойындарда студенттердің мінез-құлықтары мен іс-әрекеттері реттеледі. Ойын іс-әрекетінің мотивациясы еркіндікті, таңдау мүмкіндігін, қажеттілігін, өз-өзіне сенімін, өзін-өзі дамытуын қамтамасыз етеді.

Кейбір педагогтар мен психологтардың колледж студенттерінің студенттерін  ойын жасынан өтіп кетті деуі бекер. Зерттеулер көрсеткендей, дәстүрлі ұйымдастырылған оқу процесіне қарағанда, студенттер ойынға қатыса отырып, неғұрлым аз шаршайды, оқу қызметінен  жағымды эмоциялар алады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.