Home » Мақалалар » МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫ – МҰҒАЛІМ

МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫ – МҰҒАЛІМ

Ғайша ҚҰЛСЫМАҚОВА
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы
Жаңаөзен мектеп лицейі химия пәнінің мұғалімі,
ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері.

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» — деп халқымыздың атақты педагогі Ыбырай Алтынсарин тілге тиек еткеніндей, білім мен тәрбие әлемі саналатын мектеп болса, әр шәкіртті дұрыс жолға бағыттап, сол мектепті жарық ететін мұғалім екені даусыз. Міне, сондай жарқын келбеті мен ұстаздық жолы айшықты танылған Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, Теңге ауылындағы №17 орта мектебіндегі химия пәні мұғалімі Мұхтар Тұрарұлы Сәрсеновті атар едім. «Адамның адамшылдығы… жақсы ұстаздан болады» — деген ұлы Абай Құнанбаевтың сөзін Мұхтар Тұрарұлынан түлеп ұшқан шәкірттер дәлелдей алады, себебі білімі мен білігі, ақылы мен нақылы, берері мен білгені ұштасқан шебер ұстаздың мақсаты да сол – білімін келешек өмірінде пайдалана алатын озық, бәсекеге қабілетті шәкірт даярлау ісіне өзіндік қолтаңбамен келу.  Ұстаздық әлем бала Мұхтарға жат болмаған, себебі әкесі Тұрар Сәрсенұлы -қарапайым ұстаздықтан мектеп басшысына дейін жеткен білікті маман. Осы бағыт әсер етті ме, жоқ мектеп қабырғасының 8-сыныбынан бастап химия пәнінен олимпиадаларға қатысуының ықпалы ма екен, Мұхтар Тұрарұлы дәл осы саланың мұғалімі болуды армандаған екен. Бала армандары есейгенінде жүзеге асып, мамандық таңдау жолында қателестірмегенін осы уақытқа дейін жеткен кәсіби жетістіктері мен озық тәжірибесінен байқауға болады. Атап айтар болсақ, 2017 жылы қалалық «Үздік педагог» байқауына қатысып, жүлделі 2-орынды иеленді. Бұл жетістік – Мұхтар ұстаздың кәсібилігі мен шығармашылығының, білімі  мен тәжірибесінің айқын дәлелі. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласын насихаттауға бағытталған «ҚР құрметті азаматы» атты республикалық байқауда І дәрежелі диплом иеленіп, байқау материалдарының жинағына жұмысы енгізілді. Аудандық, қалалық, облыстық пән олимпиадаларында, ғылыми жобалар байқауларында шәкірттері ұстазы дарытқан химиялық ілім мен білімнің озықтығын танытып, абыройын асқақтатумен келеді. Мұғалім деген ат-қасиетті ат. Мұғалім деген аттан таза еңбекті сүйетін мамандық иесі деген сөзді ұғынады. Елдің надандығымен алысатын адам мұғалім – деп Сәбит Мұқанов айтқандай, ұстаз деген қасиетті атқа лайық, таза еңбегі мен шеберлігінің арқасында зор құрмет пен сыйластыққа кенеліп отырған химия пәнінің мұғалімі Мұхтар Тұрарұлы Сәрсеновті үлгі етеміз.              Қызметіңіздің биіктік өрінен, шәкірттердің құрметтік төрінен көрініп, әрдайым бағыт-бағдарымыз атана беруіңізге шын тілекшіміз.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.