Home » Мақалалар » ЖУРНАЛИСТИКАҒА БІР ҚАДАМ: ҚАЛАЙ ЖӘНЕ ҚАЙДА?

ЖУРНАЛИСТИКАҒА БІР ҚАДАМ: ҚАЛАЙ ЖӘНЕ ҚАЙДА?

    Бүгінгі күні журналистиканың болашағы жоқ деп айтып жатса, мүлде назар аудармаңыз. Біріншіден, оның артта қалған мамандық екеніне ешқандай дәлел жоқ. Екіншіден, соңғы жылдары бұл мамандыққа қызығушылар өте көп. Мысалға, оның бірі сіз.

Жиі қойылатын сұрақтардың бірі – «журналистикаға түсу үшін қандай пәнді таңдау керек?». Журналистика факультетінде таңдау пәнінің еш маңызы жоқ. Тек оқу сауаттылығы мен Қазақстан тарихы пәндерінен жинаған ұпайларыңыз ғана есепке алынады. Екі пән бойынша максималды көрсеткіш 35 ұпайды құрайды: оқу сауаттылығы- 20, Қазақстан тарихы- 15 ұпай. ҰБТ- да екі пән тапсырып болғаң соң, бір жоғарғы оқу орнын таңдап алып, сол жерде шығармашылық емтихан тапсырасыз. Себебі, шығармашылық мамандыққа түскелі жатқан түлектер тек бір жоғарғы оқу орнын таңдауға құқығы бар.

Журналистикаға қадам жасаудағы ең маңызды кезеңдердің бірі- шығармашылық емтихан. Шығармашылық емтихан екі кезеңнен тұрады: эссе жазу және сұхбаттасу. Әр шығармашылық емтиханның максималды көрсеткіші 45 ұпай. Талапкерлер жалпы 125 баллдық жүйе бойынша мемлекеттік гранттар байқауына қатысады.

Екінші танымал сұрақтардың бірі- «шығармашылық емтиханды қалай тапсыру керек?». Сіз таңдаған оқу орны жазбаша емтиханға бірер күн қалғанда дайындыққа эссенің әртүрлі тақырыптарын жібереді. Олардың беретін тақырыптарың бірі ертеңгі емтиханда сізге түсіп қалуы мүмкін, сондықтан барлық тақырыпқа дайын болыңыз. Эссенің тақырыбына сай дұрыс структуралық эссе жазуға тырысыңыз. Келесі күні немесе бірер күннен кейін соңғы қадам жасайсыз, бұл- екінші шығармашылық емтихан. Әр жоғарғы оқу орнында екінші шығармашылық емтихан, яғни сұхбаттасу, әртүрлі өтеді. Бірақ барлық жерде сізден портфолио сұрайды. Яғни, соңғы жылдары журналистика бағытында жеткен жетістіктеріңізді көрсету керексіз. Бұл газетке немесе сайтқа жарияланған мақалаларыңыз, өзіңіз шығарған өлеңдеріңіз, диплом мен сертификаттар,медаль,  аудио және видео материалдар. Жаңа ойлап тапқан жобаңыз болса, тіпті жақсы. Портфолио- сіздің көмекшіңіз. Оны барынша жақсы толтыруға тырысыңыз. Журналистика бағытында жетістіктеріңіз болмаса, уайымдамаңыз. Комиссия мүшелерінің алдында өзіңізді ерекше таныстырсаңыз, олардың сұрақтарына сенімді жауап берсеңіз және мамандығыңызға деген қызығушылығыңызды, талпынысыңызды көрсетсеңіз, максималды ұпай алып кете аласыз. Ең бастысы- өзіңізге сену және уайымды артқа қалдыру.

Басында айтылып кеткен үш маңызды қадамнан сүрінбей өтсеңіз, тамыз айында мемлекеттік грантқа қатыса аласыз. Грантқа түсу үшін әр жылы түсу ұпайлары әртүрлі болады. Мысалы, 2020 жылы грантқа қабылдау үшін минималды түсу ұпайы 113 болса, 2021 жылы 123 болды. Бұл тапсыратын оқушылардың санына және алған ұпайларына байланысты. Тағы да айта кетелік, шығармашылық мамандықтардың жалпы ұпайы- 125.

Мемлекеттік грантқа өтініш жіберген оқушылар Алтын Белгі, қызыл аттестатқа бітірсе немесе республикалық «Елбасы Медалі» бағдарламасына қатысқан болса, бұл үлкен плюс. Бірдей ұпай жинаған үміткерлер болса, үміткерлердің біреуінде айтып кеткен жетістіктердің бірі болса, ол артықшылыққа ие болады.

Журналистиканы оқытатын көрсеткіші жоғары және танымал жоғарғы оқу орындары: Халықаралық Ақпараттық Технологиялар университеті (ХАТУ), Сүлеймен Демирел университеті (СДУ), Еуразия Ұлттық университеті (ЕНУ), Қазақ Ұлттық университеті (КазНУ) және Астана Айти университеті (АЙТУ). ХАТУ-да электрондық журналистиканың төрт түрі оқытылады, ал таңдау тек өзіңізде. ХАТУ әр жылы журналистикадан олимпиада өткізіп отырады және ректор гранттарын бөліп отырады. Сондықтан, мұндай мүмкіндіктен қапы қалмаңыз, әлеуметтік желіден бақылап отырыңыз. Ең бастысы, өзіңізге сеніңіз және бұл жауапты мамандықтың өте қызық мамандық екенін ұмытпаңыз.

Халықаралық Ақпараттық Технологиялар
университетінің (ХАТУ)  журналистика
факультетінің
1 курс студенті
ДИНА БОЛАТОВА

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.