Шабдаржаптан шыққан палуандар
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, әңгіменің төркіні қатарынан оза шапқан, татамиді сілкіндірген жас спортшылар жөнінде болмақ.
Ағымдағы жылдың 17-21 ақпан аралығында Қостанай қаласында оздырылған самбо күресінен жасөспірімдер арасында КСРО спорт шеберлері В.В.Попова мен В.И.Бабенконы еске алуға арналған Республикалық турнирге Ақжайық ауданы, Шабдаржап ауылынан жерлес ұл-қыздарымыз аттанған еді.
Спортшыларымыз бапкерлерінің еңбегі мен үміттерін ақтап, жарыстан қанжығалары майланып қайтқан болатын. Атап айтар болсақ, Шабдаржап ауылы, Х.Доспанов атындағы ЖОББМ оқушылары Қанатова Эльназ (40 кг), Оралбекова Ұлпан (36 кг), Камбаров Ерназар (46 кг), Мухамедияров Дулат (46 кг), Бакытов Дияс (42 кг) Тайпақ ауылы, Ы.Алтырсарин мектебінен Марат Мақсат (55 кг) сынды палуандардан құралған армандары асқақ, тек биікті көздеген командаға Дайынғалиев Еламан мырза жетекшілік етті.
Палуандар тотамиде еркін аунап-қунап, жарыста белсенділік танытып, оқ бойы оза жапты. «Белдессең – бекем бол» дегенді санасына мықтап сіңірген Эльназ палуан өз салмағында белдескен барлық спортшыларды ұра жығып, финалдан бір-ақ шықты. Одан әрмен де күш-жүгерін соңына дейін сақтап, қарсыласымен жекпе-жекте әдемі ұрыс түрін көрсетіп, ешқандай мүмкіндік берместен, жарысты бір деммен тәмамдады.
Ал, Ұлпан палуан 36 кг салмақ дәрежесінде белдесіп, 2 орынды иемденсе, 55 кг палуанымыз Марат Мақсат 3 орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздарымызға ынталандыру сыйлықтары табысталып, мойындарына медальдары тағылып, жеңістің тәтті дәмін сезіну бақыты бұйырды.
Болашақта еліміздің атын әлемдік аренада танытатын жас таланттыларымызды спортқа баулып, қызығушылықтарын оятып, саналарына сілкініс жасаған бапкерлеріміз Дайынғалиев Еламан пен Ситкалиев Азамат және төрелік еткен Ізмағанбетов Райымбек мырзаларға, оған қоса, шаршы алаңда еркін белдесуге қолдау білдірген Ақжайық ауданы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Марат Игильманов мырзаға ата-ана ретінде шексіз алғысымызды білдіреміз.
Самбо – бұл «қарусыз қорғану» деген мағынаны береді, орыстың «самозащита без оружия» деген сөзінің қысқартылған формасы екенін бірі білсе бірі білмес. Палуандарымыз спорттың тек жарыс үшін ғана емес, өздерінің салауатты өмір салты мен дендерінің саулығы, қала берді өмірлік қорғанысы үшін де маңызы зор екенін түсінеді. Алдағы додаларда тек табыстар мен жеңістер бағындыру бұйырсын.
Толағай табыстарда жаттықтырушыларымыздың маңдай терлері мен табанды еңбегінің қолтаңбасы жатқандығын айта кеткен артық болмас.
Спортшыларымызға жаңа жеңістер мен табыстар тілеймін!
мақала авторы
Риза Талапова