Балалардың бірлігін нығайтқан шара
Оралда балалар үйі түлектеріне арналған «Ортақ мақсат. Қарым-қатынас. Ұйымшылдық» тақырыбында тимбилдинг өтті.
Шараны Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. «Балалар үйінің түлектерімен кешенді шараларды ұйымдастыру және өткізу» әлеуметтік жобасы аясындағы кешке қатысушылар топтық қызықты ойындарға қатысып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Өткізілген шара команданың әрбір қатысушысының жеке қабілеттері мен мүмкіндіктерін аша отырып, қаладағы «Шаңырақ» орталығының тұрғыны болып табылатын балалар үйі түлектерінің бірлігін нығайтуға үлкен септігін тигізді. Тимбилдинг аясында «Қарым-қатынас мәдениеті» тақырыбында психолог Альфия Жаксығалиева тренинг өткізді.
– Азаматтар тренингке қатысу арқылы позитивті ойлауды, өз-өздерін жоғары бағалауды, қарым-қатынастарын жақсартуды үйрене алады. Шарамыздың негізгі мақсаты — балалар үйі түлектеріне береке-бірліктің арқасында көп нәрсеге қол жеткізе алатынымызды түсіндіру, – деді шараны ұйымдастырушы «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігінің өкілі Тасболат Серікқалиұлы.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ
«Bilim ainasy»
Батыс Қазақстан облысы