Толқынай Тоқмағамбетова
Нұр-Сұлтан қаласы
№56 мектеп-лицейдің қазақ тілі
мен әдебиеті пәні мұғалімі
Ұлы ақын, композитор, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлауға арналған іс-шараларға біздің мектеп те өз үлесін қосып жатыр. Абай қазақ руханиятының басты тұлғасы. Оның шығармалары қазақ жерінде жылдан жылға мұра болып ұрпақтан-ұрпаққа берілуде. Мектебімізде Абай мұрасын насихаттау негізінде жұмыс жоспары құрылып, күнделікті әр сабақ Абайдың нақыл сөздерінен, өлең жолдарынан немесе қара сөздерінен басталады. Сыныптар арасында Абай әндерін айтудан челлендж ұйымдастырылып, 700 оқушы қатысып, жалғастырушылар күннен-күнге артып келеді. Мектебіміздің Абай еліне саяхат жасап келген 40 оқушысы ұлы ақынның өміріне қатысты ғылыми еңбек жазуларын жалғастырып, терең зерттеу жұмыстарымен айналысуда.
Мектебімізде өтетін әр пән бірлестігінің апталықтары да осы игі істерден қалыс қалған жоқ. Атап айтсақ, бастауыш пәні бірлестігі өткізген «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» тақырыбындағ ы апталықта «Абай ескерткіші жанындағы ой» мәнерлеп оқу байқауында 42 оқушы ақын өлеңдерін жатқа айтса, «Абай әлемі әдемі» атты табиғат өлеңдеріне арналған суреттер байқауына 34 оқушы өз шеберліктерін көрсетті. Ал «Абай туралы 101 сұрақ» танымдық сағатына 30 оқушы қамтылып, Абайдың өмірі мен шығармашылықтары туралы сұрақтарға жауап беруден жарысқа түсті.
Абай әлеміне саяхат клубының президенті, жазушы, ақын, сәулетші Назарбек Сайын Назарбекұлының «Абай әлеміне саяхат» жобасы бойынша жұмыс жүргізіліп 1-2 сынып оқушылары ұлы ақынның 70 өлеңінен үзінді жаттаса, 3-5 сынып оқушылары Абайдың қара сөздерінен үзіндіні 3 тілде айтып, 8-9 сынып оқушылары ақынның 45 қара сөзіне эссе жазып Абай әлемінен сусындап белсенділік танытты.
Абай әлеміне қызығушылықтарын туғызу, оқушылардың танымдық қабілеттерін арттыруға арналған «Махаббатсыз дүние бос» атты өзін-өзі тану бірлестігінің апталығында «Абайды тану-өзіңді тану» интеллектуалды ойынға 5-сыныптар арасында 35 оқушы қатысты. XXI ғасырдағы Абай «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» тәжірибелі –әлеуметтік жобаға 10 сынып оқушыларынан 22 оқушылар тартылып, олар Абайдың нақыл сөздеріне өз көзқарастарын білдірді. 4-сыныптар арасында адам бойындағы құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Адам болам десеңіз, бес асыл іс көнсеңіз» атты сахналық қойылымға 60 бала қатысып, өз үлестерін қосты.
Апталықта тек оқушылар ғана емес сонымен қатар ұстаздар мен ата-аналар да әр іс-шараға белсенділікпен қатысуда. Мәселен, «Пайда ойлама, ар ойла» жас мамандар арасында өткізген тренингке 15 мұғалім қатысып, ұстаз әдебі тақырыбына пікіралмасты. «Тәрбиесіз берген білім-адамзаттың қас жауы» атты ток-шоуға 40 ата-ана қатысып, көптеген ойландырып жүрген мәселелерге байланысты ой шертті. Сонымен қатар «Абай, Мұхтар, Шәкәрім –қазақтың інжу-маржаны» сайысына 35 ата-ана қызығушылықпен қатыссса, «Абайды оқы, таңырқа» байқауында 23 мұғалім өз өнерлерін көрсетті.
Абайды насихаттауға математика-физика әдістемелік бірлестігі де қызу кірісті. «Бес асыл іс көнсеңіз» тақырыбында өткізген квест ойындарына 300 оқушы қамтылса, «Абай мен Шәкәрімнің танымдық ақиқат алгебрасы», «Физика және Абай лирикасы» сайыстарына 8-9 сыныптар арасынан 60 оқушы қатысты.
Мектебіміздің шәкірттері Абай шығармашылығына қатысты әр түрлі байқауларға да белсенділікпен атсалысуда. Соның бірі, Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Біз –Абайдың ұрпағы» байқауына қатысқан мектебіміздің 9ә сынып оқушысы Есеналиев Мирас 2 орынды иеленді. Осындай іс шаралардың нәтижесі мектебімізде өтетін дәстүрлі қалалық Абай оқуларына ұласады.
Ұлы Абайдың даналығын таныту, даралығын көрсету мектебімізде өз жалғасын табады.