Home » Мақалалар » Балалармен өткен әдеби кеш

Балалармен өткен әдеби кеш

М.Шолохов атындағы Тараз қалалық кітапханасында Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай «Алғашқы ұстаз» әдеби таным сағаты болып өтті. Іс-шараға Жамбыл облысы Тараз қаласы білім бөлімінің «№38 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 3 «Ә» сынып оқушылары және сынып жетекшісі Бидайбекова Роза, кітапхана меңгерушісі Тасмағамбетова Айнаш қатысты.

«Әдеби кештің мақсаты —  шығыс жұлдыздарының ішінде өзіндік орны ерекше Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы туралы оқушылардың білімін толықтыру, еңбекке, иманжүзділікке баулу және тіл білімінің негізін салушы, ұлт мақтанышы атанған ағашқы ұстаздың шығармаларынан ғибрат алу», — дейді аталған іс-шараны ұйымдастырушы, балалар бөлімінің кітапханашысы Назым Кадырбаева. Сонымен қатар, ол қазақ жастарын оқу мен білімге шақырған ұлы педагог Ы.Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына тоқаталып өтті. Балаларға Ыбырай атамыз туралы шағын бейнефильм көрсетілді. Халимова Фариза, Бейсенова Гүлнұр, Сағындық Абылай Ы.Алтынсариннің «Кел балалар, оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар», «Ананың сүюі» өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ал, «Бақша ағаштары», «Асыл шөп» әңгімелерін дарынды балалар көрініс күйінде көрсетті. Көрініске қатысқан Бектұрсын Шыңғыс, Талғат Арнұр, Болат Алтынай, Сұңғат Назерке қатысып, көрерменнің көзайымына айналды. Оқушылармен бірге «Сұрақ-жауап» ойыны өткізіліп, «Ы.Алтынсарин – тұңғыш қазақтың педагогы» кітап көрмесі таныстырылып, «Қазақ хрестоматиясы», «Кел балалар, оқылық» кітабына библиографиялық шолу жасалды.

Қорыта айтқанда, әдеби кеш балалардың танымын кеңейтіп, алғашқы педагогтың өмірі мен шығармашылығы жастарға үлгі-өнеге болды.

Жансая Құрманғалиқызы,
«BILIM AINASY»
Тараз қаласы  

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.