Оралдағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жаңа жылдан бастап «Алтын ұрпақ» жобасы қолға алынды. Жаңа жобада 7-сыныптың ер балалары қазақ күресінің тарихын зерделеп, аптасына екі рет төл спортымыздың негізгі әдіс-тәсілдерін меңгереді.
Осы жоба аясында қазақ күресі секциясының тұсаукесері мен жаттығу залының ашылу салтанаты өтті. Жалпы зияткерлік мектеп әлемді жақсартуға дайын, сыни тұрғыдан ойлайтын, әлеуметтік жауапкершілігі мол белсенді тұлға тәрбиелеуді мақсат етеді. Соның ішінде ұлттық болмысқа негізделген тәрбие – басты орында.
Зияткерлік мектеп директоры Шолпан Қадырованың айтуынша, жаңа жобаға байланысты 7-сынып оқушыларының әкелерімен кеңес өткен.
– Әкелер өз кезегінде қазіргі ұлдардың физикалық денсаулығы алаңдатпай қоймайтынын мойындап, жобаның маңызы мен қажеттігін айтты. Бүгінгі зияткер оқушы – ертең елімізді әлемдік қауымдастықта таныстыратын болашақ көшбасшы. Оларды жасөспірім шағынан ұлттық құндылыққа толы, нағыз ер азамат етіп тәрбиелеуіміз парыз. Ал күрестің текті түрі саналатын қазақ күресі – біздің ұлттық болмысымыздың қайнар көзі. Ол қазақы рух, ептілік, қайсарлық, уақытылы әрі дұрыс шешім қабылдауға тәрбиелейді, – дейді Шолпан Маратқызы.
Бүгінде зияткерлік мектепте ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында тоғызқұмалақ, домбыра, қазақ биі сияқты қосымша үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар «100 күйдің тарихы», «Қазақ әндері», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Менің өмірімде қолданатын мақал-мәтелдер», «Екі апта ауылда» жобалары бар. «Алтын ұрпақ та» осы табысты жобалардың жалғасы іспетті.
7-сыныптың ұлдарын төл өнерге самбо және дзюдодан спорт шебері Нұрымжан Серікбайұлы Ғаббасов баулитын болады. Тағы бір айта кетерлігі, қазақтың ұлттық күресі – ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген спорт түрі.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО