Home » Мақалалар » ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ ҒҰЛАМА ҒАЛЫМЫ – ӘЛ-ФАРАБИ

ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ ҒҰЛАМА ҒАЛЫМЫ – ӘЛ-ФАРАБИ

Сандыбаева Гулнур Бимуратовна
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы,
№174 мектеп-гимназия
тарих пәнінің мұғалімі.

ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ ҒҰЛАМА ҒАЛЫМЫ – ӘЛ-ФАРАБИ

Аты бүкіл әлемге мәшһүр ұлы ғұлама, данышпан, энциклопедист Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз әлемнің екінші ұстазы атанған ғалым. Ол 870-950 жылдары Сырдария бойындағы Отырар қаласында туып-өскен. Шын есімі Мұхаммед Ибн Ұзлағ Тархани. Отырар қаласы сол кездері Фараб деп аталғандықтан, ғұлама ғалым өзінің Әбу Насыр Мұхаммед Ибн Мұхаммед Ұзлағ Ибн Тархан есімін туған жеріне байланыстырып, Әл Фараби деп атаған. Яғни, Фарабидің әкесінің есімі Ұзлағ, арғы атасы Тархан болған. Әл Фараби 870 жылы Жібек жолының маңызды орталықтарының бірі болған Отырар қаласының маңында дүниеге келген.

Ол бала кезінен сол дәуірдегі өркениет пен мәдениеттің ірі орталықтары саналған Бұхара, Самарқан, Мерф, Бағдат, Харран, Рей, Каир, Алеппа, Шап қалаларында болып, үнемі білімін жетілдіріп тұрды. Жасөспірім шағында елге келген керуенмен ілесіп, Бағдатқа барады. Әл-Фараби сауатын түркі тілінде ашып, өзін ақын-күйші, әнші ретінде танытқан. Ғұламаның өлеңдерінен үзінділер де сақталған және күйшілігі туралы деректер де кездеседі. Әл Фараби өмір сүрген заманда бүкіл Орта Азия мен Түркістан Араб халифатының ықпалында болғандықтан, халық қарым-қатынас жасау үшін араб, парсы, түркі тілдерін қатар қолданған. Солар секілді Фараби де бірнеше тілдерді жетік меңгерген.

Ғылым, білім іздеп, жер жерді аралаған ойшыл парсы, түрік, араб тілдерінен бөлек грек, қытай, латын, санскрит және басқа тілдерді үйренеді. Сол заманда дамыған барлық ғылым салалары мен өнер түрлерін жетік меңгеріп, оның дамуына өз үлесін қосады. Осылайша, кейінгі ұрпаққа мол мәдени асыл мұра қалдырды.

Оның заманы Жібек жолы бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің дамыған кезіне тұспа-тұс келді. Әл Фараби Парсы, Ирак, Араб елдеріне жиһангездік сапарлар жасап, тез есейді. Барған жерінде көптеген ғұламалар мен ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысады. Тарихи деректерде Әл Фараби 70-ке жуық тіл меңгерген деп көрсетіледі. Өзінің ғылыми көзқарасы мен дүниетанымы жағынан өмір сүрген заманынан алда тұрған, озық ойлы тұлға болған.

Әл Фарабидің ғылыми қызметі ортағасырлық араб-мұсылман мәдениетінің гүлдену дәуіріне, яғни біздің дәуіріміздегі 10-ғасырдағы мұсылман реноссансына сәйкес келеді. Қазіргі уақытта Әл Фараби ойларының өзектілігі қайтадан арта түсуде. Оның көзқарасында саясат, дін және бақыттың өзара терең қатынасы көрсетілген. Бүгінде әлем ислам және батыс өркениетінің текетіресу қаупі алдында тұрғанда, ислам мәдениетімен астасатын экстремистік және лаңкестік көңіл-күй үдеп келе жатқан кезде, ұлы философтың мұрасы адамзаттың күллі көзқарасын шешуге көмек бере алады.

Өздігінен білім алып, көп ізденген ойшылдың бүгінгі күнге дейін «Логика, «Метофизика», «Этика», «Саяси және әлеуметтік философия», музыка мен медицинаға арналған жүзден астам трактаттары сақталған. Ол ең алғаш болып музыканы математикалық негізде жүйелеп, оны ғылымның бір бағыты ретінде көрсеткен данышпан. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады.

Білім-ғылымды үйретумен қатар тәрбиелік мән зор шығармалар жазды. Әл-Фараби сезім мен ойлау, тәрбие мен іс-әрекет жүйесін жетілдіру мәселесіне қайта айналып соғып отырған. Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзінің абзал қасиеттерін тани алмайды. Ұлы ойшыл ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани сауаттылыққа жол ашылады, мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді деп ескертеді. Ғалым дене тәрбиесі мен адамгершілік тәрбиесінің ұқсастығына, оның бір-біріне тигізетін әсеріне ерекше мән берді.

Әл-Фараби «адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол кезешекте оның өміріне зиян әкеледі» деп тәрбиеге аса қатты көңіл бөлу керектігін түсіндірді. Ғұламаның ғылыми философиялық еңбектерін байыптап, қайта қарау барысында оның педагогика тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі болғандығын көреміз. Ол Шығыс еліндегі тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы. Әбу Насыр Әл-Фараби өзінің «Риторика», «Поэзия өнері», «Бақытқа жол сілтеу туралы» трактаттарында этикалық- эстетикалық мәселелерге көңіл бөліп, білім дәрежелерін саралап, солардың негізін дәлелдеп берді.

Әл-Фарабиге қатысты түрлі көзқарастарға тоқтала кетейік. Кейбір еуропашыл ғалымдар «Әл-Фараби ешқандай жаңалық ашқан жоқ, ол тек Платон мен Аристотельдің мұраларын насихаттап, түсіндіріп келді» – деп есептейді. Ал  немістің шығыстанушы ғалымы А.Мюллердің: «Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы әл-Фараби грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияның ғылыми зерттеудің шын мәнінде, бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек» деген пікірінде Әл-Фарабидің әлем өркениетінде алар орны ерекше екенін  көруге болады. Антика дәуіріндегі ғұлама ойшылдар Платон мен Аристотель – бүкіләлемдік мәдениеттің ең жоғарғы шыңы. Әл-Фараби осы антикалық мұраны игеріп, оны араб-мұсылман мәдениетінің гүлденуіне жұмсап, үлкен жаңалық ашты.

Әл-Фараби антикалық заман мен исламды өзара жақындастыра синтез жасап, жаңа бір мәдениеттің өркендеуіне жол ашты. Келесі кезекте ол грек ойшылдарының асыл мұрасын жаңғыртты. Сөйтіп, шығыста үлкен қозғалыс, жаңа бағыттар басталды. Араб-мұсылман мәдениеті негізінде антикалық дәуірдегі шешілмеген мәселелерді шешіп, оны ілгері дамытты.

Сондықтан әл-Фарабидің қайнар көздерін айтқанда міндетті түрде тек шығыс пен батыс, гректің ғана емес, оның қазақтың құнарлы топырағынан түлеп ұшып, Отырар өркениетінен нәр алғанын ұмытпауымыз керек. Әл-Фараби араб елінде аты шығып, «Шығыстың Аристотелі» атанып, артында мол мұра қалдырған. . Ол: «Мен Қыпшақ елінен ешқандай атақ-даңқ іздеп келген жоқпын. Мен білім іздеп келдім, сол білімді араб елінен таптым, бірақ менің Қыпшақ еліне сүйіспеншілігім шексіз»,- деп өзінің туған жерге деген сағынышын өлеңге түсірген

Әл-Фараби жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, еңбекке үйретіп, еңбек тәрбиесін беретін адамды (ұстаздық ететін адамды) өте жоғары бағалаған. Оның ойынша, тәрбиеші адам (қазіргі мұғалім) – «мәңгі нұрдың қызметшісі».

Фарабидің шәкірті, оның ілімін әрі қарай жалғастырушы Ибн-Синаның «Фарабидің тәрбие тағылымдарының ең маңыздысы әрбір жеке адамды еңбекке тәрбиелеу болды. Өйткені, еңбексүйгіштік, еңбек ете білуге және еңбекке ынталы болуға тәрбиелеу. Ол кімде-кім өзінің тіршілігі үшін, өзіне пайда келтіретін еңбекпен айналысқанда ғана нағыз ел адамы бола алады деген өмірлік өсиет қалдырып кетті» — деуі бекер емес.

Түйіндеп айтқанда, ұлы ғұлама Әбу-Насыр әл-Фарабидің философиялық, логикалық-гноселогиялық, әлеуметтік пікірлерімен, эстетикалық, теориялық, жаратылыстану ғылымдары салаларындағы пікірлерімен, ғылыми тұжырымдарымен жете танысу, оның дәуірін терең түсінуге мүмкіндік береді. Оның ғылыми ой-пікірлері өзінен кейінгі дәуірдегі Шығыс пен Еуропа халықтарының философиялық, эстетикалық, қоғамдық этикалық ой-пікірін және өнердің дамуына, жалпы рухани құндылықтардың дамуына әсер етіп, үлкен ықпалын тигізіп отыр. Ұлы өркениет философы Әбу-Насыр әл-Фараби рухани әлемі адамзат өркениеті мен рухани құндылықтарының биік шыңы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.