Home » Айтарым бар » Медиация – дауды бітімгершілікпен шешу кепілі

Медиация – дауды бітімгершілікпен шешу кепілі

Медиация тараптарының келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады. Медиатордың қызметі кәсіби негізде кәсіпқой медиатор және кәсіби емес негізде қоғамдық медиатор жүзеге асырылуы мүмкін. Қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес, сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады. Жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар, отставкадағы судьялар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады.

Медиатор қызметін жүзеге асыратын тұлғалар заңнамада тиым салынбаған кез келген өзге қызметті де жүзеге асыруға құқылы. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген, заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған, оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды. Медиация тараптарының келісімімен медиаторға қойылатын қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.

Медиатор медиация барысында бір мезгілде барлық тараптармен де, тараптардың жеке-жеке әрқайсысымен де кездесулер өткізуге және оларға дауды шешу жөнінде ауызша әрі жазбаша ұсынымдар беруге, құпиялылық қағидатын сақтай отырып, өз қызметін жүзеге асыруы туралы жұртшылықты хабардар етуге құқылы.

Медиатор медиацияны жүргізген кезде медиация тараптарының келісімімен ғана әрекет етуге, медиация басталғанға дейін медиация тараптарына оның мақсаттарын, құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге міндетті. Кәсіпқой медиатор медиаторлар қауымдастығы бекітетін Медиаторлардың кәсіптік этикасы кодексін сақтауға, сондай-ақ медиаторлар ұйымы белгілеген талаптар бойынша атқарылған жұмыс туралы ай сайын есеп беруге міндетті. Медиатордың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтары мен басқа да міндеттері бар.

Медиация тараптары медиаторды  ерікті түрде таңдауға, медиатордан бас тартуға, медиацияның кез келген сәтінде оған қатысудан бас тартуға, медиацияны жүргізуге жеке өзі немесе өкілеттіктері заңда белгіленген тәртіппен ресімделген сенімхатқа негізделген өкілдері арқылы қатысуға, дауды реттеу туралы келісімді орындамаған немесе тиісті дәрежеде орындамаған кезде сотқа немесе оған байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медиация жүзеге асырылған, іс жүргізуінде жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жүгінуге құқылы.

Медиация тараптары дауды реттеу туралы келісімді осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға міндетті. Медиация тараптарының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтары мен басқа да міндеттері бар.

Медиация тараптары өзара келісім бойынша басқа медиаторды таңдауға құқылы. Азаматтық немесе қылмыстық сот ісін жүргізу барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар бұл туралы сотқа не қылмыстық қудалау органына хабарлауға міндетті. Медиация қағидаттарына сәйкес медиатордың өз функцияларын жүзеге асыруына кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайда, медиатор дереу өздігінен бас тартуды мәлімдеуге міндетті.

Медиатордың пікірі бойынша медиацияны жүргізу процесіндегі одан арғы күш-жігер тараптар арасындағы дауды шеше алмайтын болса, медиатор оны жүргізуден бас тартуға не тараптардың жазбаша нысанда бекітілген келісімімен медиацияны тоқтатуға құқылы. Әрбір медиаторлар ұйымы Қазақстан Республикасының аумағында медиацияны жүзеге асыратын кәсіпқой медиаторларының өзінің тізілімін жүргізеді.

 

Нұргүл Нұрбайқызы,
Байқоңыр қалалық сотының бас маманы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.