Home » Мақалалар » АЛАШТЫҢ АЛДАСПАН АҚЫНЫ МАҒЖАННЫҢ ПОЭЗИЯСЫ –   МƏҢГІЛІК

АЛАШТЫҢ АЛДАСПАН АҚЫНЫ МАҒЖАННЫҢ ПОЭЗИЯСЫ –   МƏҢГІЛІК

 Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Білім басқармасы Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының ұйымдастырылуымен Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында 2021 жылдың 24-25 маусым аралығында онлайн форматта республикамыздың жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында ұлт ақыны, жыр пайғамбары, жырлары ұлтымыздың рухына айналған Мағжан Жұмабаевтың мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, мектеп оқушыларының классикалық әдебиетке қызығушылығын арттыру мақсатында дәстүрлі «Мағжан оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық байқауы болып өтті. Республикалық байқаудың мақсаты Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай және Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңын жүзеге асыру аясында жалынды ақын Мағжан Жұмабаев мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, олардың азаматтық ұстанымының, ұлттық ой-санасының қалыптасуына ықпал ету.

Аталмыш байқаудың республикалық сынына 12 облыстан 36 сайыскер қатысып,1-номинация бойынша 11, 2-номинация 14, 3-номинация 11 үміткер бақтарын сынады.

Үміткерлердің әрқайсысы таланттарын танытып, шеберліктерін паш етуге тырысып-бақты. Айталық, әділқазылардың таңдауымен «Өлең — менiң Шолпаным, Айым, Күнiм» (Мағжан шығармаларының жатқа білу және мәнерлеп оқу) номинациясында  Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқыр орта мектебінің 10-сынып оқушысы Сисенбай Нұрай бас жүлдені жеңіп алды, ал аталған номинация бойынша    Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы № 1 Ленинград орта мектебінің 11 оқушысы Басыбай Данагүл І орын жеңімпазы атанса, «Толқынмен толқын сырласып…» номинациясында (Мағжан Жұмабаевтың шығармалары бойынша зерттеу жұмыстары) Нұрсұлтан қаласы Республикалық физика-математикалық мектебінің 10-сынып оқушысы Ерзатұлы Әмірлан жүзден жүйрік атанды. «Ақын да бiр бала ғой айға ұмтылған» (жас дарындардың өз шығармаларын орындауы) номинациясында Атырау облысы Исатай атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Елеусінов Бекзат ақындығымен көзге түсіп, қазылар авлқасының шешімімен жеңімпаз болды.  Әр номинация бойынша алты орынға (1 бірінші, 2екінші, 3 үшінші орын) дипломдармен арнайы (ұялы телефон, планшет, смарт сағат, құлаққап тағы басқа) сыйлықтармен марапатталды. Дайындаған ұстаздарына алғыс хаттар мен сертификаттар  берілді.

Байқау барысында әділқазылар алқасы байқауға қатысушы оқушылардың жылдан жылға деңгейі жоғарылап, Мағжанның поэзиясы, Мағжанның сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған жас ұрпақты ерекше атап өтті. Байқауға қатысушы жас дарындар ұлы ақынның жалынды өлеңдерін, рухты жырларын тебірене орындап көпшіліктің көңілінен шықты.

Сайыс соңында Мағжан Жұмабаев алаңында ақынның рухына арналған салтанатты жиын болып, зиялы қауым Мағжан ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жастар Мағжанға деген құрметін ақын жырларын оқу арқылы көрсетті.

Көкбасқызы Жазира
«BILIM AINASY»,
СҚО

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.