Home » Жаңалықтар » ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНДАҒЫ КОЛЛЕДЖДІҢ ТҮЛЕГІ «EUROSKILLS 2021» ЧЕМПИОНАТЫНДА ҚОЛА МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНДАҒЫ КОЛЛЕДЖДІҢ ТҮЛЕГІ «EUROSKILLS 2021» ЧЕМПИОНАТЫНДА ҚОЛА МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

Павлодар қаласындағы колледждің түлегі EuroSkills Graz 2021 Еуропа чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Дина Афанасьева Ұлттық құрама сапында зияткерлік жарысқа қатысып, «Веб-әзірлеу» бағыты бойынша жүлделі үшінші орынға ие болды.

Осы жылы Еуропа чемпионатында шамамен отыз мемлекеттен келген төрт жүзден астам қатысушы бақ сынады. Чемпионат екі жылда бір рет ұйымдастырылады. 2021 жылы жарыс Австриядағы Грац қаласында өтті.

«Мен бұрын-соңды халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстарға қатысып, бұл тәжірибем көп пайдасын тигізді. Елімізде сапалы білім беріліп, мектептер мен колледждердің білім алушыларына қолдау көрсетіледі. Әуел бастан-ақ жеңіске жетуді көздеп,  өз мақсатыма жеттім. Бірлесе жұмыс істеген ұстаздарым мен жаттықтырушыларыма алғысым шексіз. Бұл біздің ортақ жеңісіміз», – деді EuroSkills Graz 2021 жеңімпазы Дина Афанасьева.

Айта кетейік, Дина Worldskills Kazakhstan-2019 республикалық чемпионатының жеңімпазы және Worldskills Kazakhstan Ұлттық құрамасының мүшесі. 2020 жылы Дина First Virtual Skill Competition on Web Technologies и Second Virtual Skill Competition on Web Technologies чемпионатында үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ өткен жылы ол қашықтан өткен Worldskills Eurasia-2020 чемпионатында Қазақстанның намысын қорғап, алтын медальға ие болды. 2021 жылдың қаңтарында Дина қашықтан өткен «The 1st Unofficial European Web Development Competition 2021» чемпионатына қатысып, Қазақстанның қоржынын алтынмен толықтырды.

Қазақстан Ұлттық құрамасы чемпионатқа «Мехатроника», «Дәнекерлеу технологиялары», «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары», «Веб-әзірлеу» және «Шаштараз өнері» сынды 5 құзыреттілік бойынша қатысты.

ҚР БҒМ баспасөз қызметі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.