Қазіргі кезде білім беру үрдісінде әртүрлі жобалар құрастырылып жатыр. Соның бірі – SHARE жобасы (педагогтың іс-әрекетті жоспарлауы). 2019-2020 оқу жылында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша SHARE жобасындағы пилоттық мектептер қатарына бірнеше мектеп іріктелді. Оның арасында Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясы да бар. Іс-әрекеттегі зерттеуді ұйымдастыру және оны жүзеге асыру үшін бірлесе жұмыс жасау, коммуникативті орта құру маңызды. Осы қарқында a, b, c шағын фокус топтар таңдап алынып, талдау жұмыстары жүзеге асырылуда.
Бұл топтарға негізгі SHARE жобасының 5 жетекшісі мен 25 ерікті (SHARE 1) аптасына 1 рет жиналып, сыныптағы жалпы жағдайды және байқаған өзгерістерді ортаға салып, алдағы әркеттерді жоспарлап отырады. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табуда. Кeмбридж университетімен бірлесе жүзеге асып жатқан SHARE жобасы әр педагогтың біліктілігін көтеріп қана қоймай, жұмысына басқаша көзқарасын тудырады. Іс-әрекетті зерттеуге өткеннен бері педагогтер қауымдастығы арасында идеялар базасы кеңеюде. Мұғалімдер бір-біріне пікірлерін білдіріп, іс-тәжірибемен алмасуда. Ал, SHARE 2 деп аталатын жобаға болашақта қосымша еріктілерді тартатын боламыз.
Жалпы бұл жобаның 4 негізгі концепциясы бар:
- Іс-әрекетті зерттеу;
- іс-әрекеттің тұрақты дамуы;
- оқу мен оқытудың өзіндік көзқарасын қалыптастыру;
- көшбасшылық және басқару.
SHARE жобасы біріккен, талқыланған жұмысты қажет етеді. Жаңа оқыту бағдарламасында жан-жақты сыни ойлай алатын оқытушы ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Қазіргі оқыту технологиясы бойынша да бір нақты затқа фокус жасау арқылы оқыту қажет. Ол білім алушының зейіңнің, сыни ойлау жүйесін, білімін тезірек дамытуға ықпал жасайды.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің бір сөзінде «Бағдарламаларды толығымен жаңарту керек. Бір бағадарламамен бірнеше жыл жұмыс істеуге болмайды. Сапалы білім алудың бірден-бір шарты – мұғалімнің жаңашыл болуы. Себебі, еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақтың білім деңгейімен өлшенеді» деген болатын.
Сондықтан қазіргі заман мұғалімі өз пәнінен білімді ғана емес, тарихи танымы мол, педагогикалық, психологиялық сауатты, озық педагогикалық технологияларды меңгерген ұстаз болуы қажет және сол деңгейге сәйкес болуы шарт.
ҚР педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының теориялық негіздері негізі жеті модульдан топтастырылған екен. Аталған бөлімдер ғылым мен тәжірибеге негізделген жаңа идеялар мен технологияларға толы. Осы модульдарды меңгерген кез келген оқытушы сауатты және білікті маман болатыны анық.
Ал екінші деңгей бағдарламасының міндеті – біз айтып отырған іс-әрекетті жоспарлау және жүргізу болып табылады. Мұғалім іс-әрекетті жоспарлау үшін оған анализ жасап алуы тиіс. Яғни, білім беріп отырған сыныбында қандай проблемалар бар. Ол жағдайларды күрделі, орташа, жеңіл деп үш деңгейге бөлу арқылы шешімін табу. Себебі, білім беру процесінде оқытушының тек білімді болуы жеткіліксіз. Ол сол сыныптың тамырын ұстап қалғанда, сыныптың жалпы ахуалын білуі маңызды.
Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанмен оның мұғалімдігі жойылатыны сөзсіз. Сондықтан білімнің кемел жолында тыңбай еңбек етуіміз – мықты болашақтың кепілі.
Нұр—Сұлтан қаласы,
№58 мектеп-гимназиясының
директоры
Самал Ботахановна