Home » Мақалалар » Ұлағатты ұстаз туралы бір үзік сыр

Ұлағатты ұстаз туралы бір үзік сыр

 «Ұстазды алтын діңгекке балар едім» — деп, ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің айтқанындай, ұстаздық – тарихтағы ең ұлы істің бірі. Шындығында, мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен, ұлағатты ұстаз мәртебесі кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ.

Биылғы Тәуелсіздікдің 30 жылдығы мен Мұғалімдер күніне орай біліктілікті арттыру жүйесі құндылықтарының сабақтастығына, отандық білім беру жүйесінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ұлағатты ұстаздар жайында ой толғайтын болсақ, білім берудің барлық сатыларынан өткен, тәжірибелі мұғалім, әдіскер, оқытушы, білікті басшы, ұстаздардың ұстазы болған педагогикалық еңбек ардагері, Сарыарқа төсінде Қарағанды шаһарында дүниеге келген, бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан – Сара Балқашқызы Мұқанова жайында айтар едім. Ол педагогтер отбасында дүниеге келді. Мұғалім мамандығын таңдауына әкесі – Балқаш Әбиұлының ықпалы болған екен. Балқаш Әбиұлы Қарағанды облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының алғашқы директорларының бірі, барлық саналы ғұмырын халыққа білім беру саласына арнаған адал азамат.

Мақалаға арқау болып отырған кейіпкеріміз – ардагер ұстаз Қарағанды қаласындағы №2 мектеп-интернатының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, ҚарПИ-де орыс тілінің оқытушысы, Қарағанды қаласындағы №2 мектеп-интернаты директорының оқу-тәрбие ісі бойынша орынбасары, Қарағанды ПУ директорының оқу-тәрбие жұмысы бойынша орынбасары, Қарағанды қаласындағы №81, №86 мектептің директоры, Қарағанды облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының тарих және қоғамтану кабинетінің меңгерушісі, әдіскері, Ленин ауданы қалалық білім бөлімінде екі тілділік бойынша бас маман, Қарағанды медициналық академиясында аға оқытушы, Қарағанды қалалық әкімдігінің тіл бойынша бас маманы, мұғалімдермен жұмыс және жастарды адамгершілікке тәрбиелеу бойынша комиссияның Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы, облыстық ардагерлер кеңесі жастармен жұмыс жөніндегі комиссияның төрайымы, «Nur Otan» партиясының жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі болып қызмет атқарған.

Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен елі үшін еткен еңбегінде»,-деуінің өзі бекер емес, өйткені ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған әр адамның бойында үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек ету қасиеттері болуы шарт. Өз шәкірттеріне сүйіспеншілікпен қарай алмаған мұғалімнен жақсы маман шықпасы анық. Ал, Сара Балқашқызын алатын болсақ, сан мыңдаған шәкірттер мен жас мамандарды тәрбиелеуде өз бақытын еңбектен тапқан ұлағатты ұстаз. Ардагер ұстаздың білім саласын жандандыруға қосқан өлшеусіз еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Алған мақтау, марапат, алғыс ­ хаттарын тізетін болсақ, өз алдына бір төбе. Бірақ, адам ­ ның адамшылығы марапат қағазымен ғана өлшенбек емес, адамды одан да биік етіп, қосымша көрік беріп тұратын – адами қасиеттері, игілікті істері болмақ. Жүзінен шуақ, сөздерінен жылылық төгіліп тұрған ұлағатты мамандық иелері өнегелі өмірі мен еселі еңбегінің арқасында айналасына қадірлі болары сөзсіз. Әйел адам үшін қызметтік мансаптан басқа, дүниеге ұрпақ әкелу, оны тәрбиелеп жеткізу міндеті және бар. Міне, осындай аса жауапты қызметпен аналық парызын қатар өтей білген жан өзінің өмірлік жары металлургия саласындағы ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚазССР өнеркәсібінің еңбек сіңірген қызметкері, мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты, Қарағанды қаласының құрметті азаматы – Дімкеш Мұқановпен 54 жыл отасып, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Ата-анасының сүйіспеншілігіне, қамқорлығы мен мейіріміне мейлінше қанық болып өскен 3 қыз бүгінде өмірден өз орындарын тапқан, халқына сыйлы, жұртына абыройлы биік белестерді бағындырған тұлғалар. Атап айтсақ, Сәулеш Дімкешқызы – «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Зәуреш Дімкешқызы – ҚР білім беру ісінің үздігі, Казахтелекомда мемлекеттік тілдің оқытушысы. Дана Дімкешқызы  биология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан, Армения, Ресей суретшілер Одағының мүшесі, армян-қазақстандық қоғамының төрайымы, Мерекелер агенттігінің басшысы.

Әрине, кімнің де болмасын, жалпы адамзат баласының өлшеулі өмірі нәтиже беруді талап етеді. Бұл кез келген істің басты критерийі болмақ. Өмірде тындырған әр ісің нәтиже беріп жатса, бұл да өмірдің сыйы емес пе?! Ой салып қараған жанға бұл жолдар – бір адамның тағдыры, өмір тармағы, қайғысы мен қуанышы қатарласа жүретін батпандай бағы дер едім.

Кавказ халқында «Тауға жақындаған сайын оның биіктігін түсінесің»-деген мәтел бар. Ол – Сара Балқашқызына қатысты айтылғандай, өйткені, сол тау секілді өміріне үңілген пендеге биіктей түсетіндей. Оны сіз бен біз жақсы білеміз. Қастерлейміз, құрмет тұтамыз және мақтан етеміз!

Алла тағала бәрі адамға бірдей әдемі қартаюына және өмірдің өзі соншалықты сұранысқа ие болуына мүмкіндік бермейді. Әлі күнге дейін шаршауды білмейтін, табиғатынан шығармашылық дарыны еш сарқылмаған Сара Балқашқызы өзінің өмірлік ұстанымын мынадай өлең жолдарымен өрнектейді әрі басқаларға да ұсынады:

Жел үрлесе бетіңе иілме сен,

Мығым бол қайғы деген құйын мекен.

Есіктер жабық болса қаға білгін,

Тірліктің алам десең сыйын көкем.

Қорқақтар үндемесе айқайла сен,

Қуансаң – ән сал, сол да бұйым ба екен?!

Бәрі жақсы болады өзіңді сен,

Өз-өзіңмен болуға бейімдесең!

Ардагер ұстаздардың еңбегін ұмытпау – біздің парызымыз.

«Адамды тіріде тек бағалайық,

Ардақтап апалайық, ағалайық…» — деп Жұбан Молдағалиев жырлағандай, бақытын ұстаздықтан тапқан Сара Балқашқызына көкжиегіңіз кестелі, көретін қызығыңыз дестелі болсын демекпіз!

Т.С. Туғанбаева,
«Өрлеу» Қарағанды филиалының
оқу жұмысы мен мониторинг
қызметі бөлімінің бас маманы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.