Бүгінгі таңда баласының кеш сөйлегеніне, дұрыс сөйлемейтініне, сөздің соңын жұтып қойып немесе әріптерді толық айтпайтынына шағымданатын ата-аналар өте көп. Енді біреулер балабақша жасындағы баласының екі ауыз тақпақты жаттай алмайтынына налиды. Ал мектеп жасындағы балалардың өздігінен кітап оқып, өлең жаттап, мазмұндама айтатыны тіпті некен саяқ.
Ал бір кездері елімізге жер аударылып келген поляк революционері
А. Янушкевич өз естеліктерінде: «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалары шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңдана жазған екен. Әрине, одан бері өзгерген дүние көп. Мұндай тақырыптар қозғалғанда бәріміз бір ауыздан «Қазір заман басқа, қазір жаңа технологиялар дәуірі, бәрін гаджеттер басқарады, балалар соған тәуелді» деген секілді мың түрлі сылтауымыз бен жауабымызды алға тартамыз. Дұрыс, оны жоққа шығару мүмкін емес. Солай бола тұрған күннің өзінде, бұл баланы дұрыс сөйлеуге, естігенін тез жадында сақтап, тақпақты жылдам жаттап алуға және кітап оқып, оқығанын басқаларға баяндай білуге машықтандыру мүмкін емес дегенді білдірмейді. Бала біздің «солай жаса», «былай істе» деген нұсқауымызды орындамайды, өзіміз не істесек соны қағып алып қайталап әрекет етеді. Өзіміз бойға біткен тіршілікпен тілдесіп бастамайынша, сәбиге бесік жырын айтпайынша, балақайды ертегі айтып ұйқыға жатқызбайынша, ересек баламызбен оқыған кітабымыз туралы пікірталас жүргізбейінше, бала тілінің жатық болуына, оның дұрыс сөйлеуіне талап қоя алмаймыз. Дұрыс сөйлеудің ең бірінші шарты дұрыс есту екенін барлығымыз жақсы білеміз. Әр бала өз ана тілін анасының, айналасындағы өзге адамдардың сөйлеуінен естіп, үйреніп, қолданып өседі. Жартылай орысша, жартылай қазақша сөйлейтін отбасылар кейіннен балаларын бір тілде дұрыс сөйлеуге бейімдей алмай қиналады. Мұндай ортада өскен баламен жұмыс жасау мұғалімге де оңай емес. Адам сөйлер алдында әр сөзін әуелі ойда жинақтап алады, осы тұста қай тілде ойланатымыздың өзі аса маңызды екені көрінеді. Орысша ойлап тұрып, ойыңды қазақша жеткізу оңай емес. Тіпті, барлық сөзді біліп тұрғанның өзінде, ой мен тілде қайшылық туындап, шашыраңқылық пайда болады. Сондықтан, баламен мектеп жасына дейін қатаң түрде бір тілде сөйлесіп, сол тілге баулып өсіру қажет. Бүгінгі тәжрибеде ерте жастан-ақ балаға өзге тілдердегі мультфильм көрсету, кітап оқып беру кеңінен тараған. Бұл осы тіл баланың құлағына сіңе берсін, кейін тілді меңгергенде миының түкпірінде сақталған ақпараттар белсенділік танытып, тез үйренуіне ықпал етсін деген мақсаттан туындаған әрекет. Оның дұрыстығын көптеген зерттеулер де дәлелдеп отыр. Әйткенмен де, әлі сөйлей алмайтын, алайда жақсы еститін баламызбен тек ана тілінде сөйлесеміз. Бала ойын арқылы айналаны зерттейді, олардың үніндегі, қозғалыстарындағы ерекшелікті аңғарады. Осы кезде ересектердің осы заттың атауын атап, оның не үшін керектігін, не істей алатынын дауыстап айта отырып, көрсеткені маңызды. Тіпті, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмін еш түсінбестен тамашалап отырған баланың қасына келіп, «бөпе жылады», «маса ыззз деді», «айдаһар ап деп жеп қоя жаздады» деп түсініктеме бере отырған артық емес. Сіздің айтқаныңызды түсініп отырмағандай болып көрінген ойын баласы әр сөзіңізді көкейіне түйе береді. Өз тәжірибемнен мысал келтіре кетсем, үш және төрт жасар қыздарым кішкентайларынан тек «Балапан» арнасын көріп өсті. Үйге келген туыстарымыз екеуінің сөз саптауына таңқалатын. Мен әу баста арнаның күніне не себепті айналдырған үш-төрт бағдарлама мен екі-үш мультфильмді үш рет қайталап көрсететінін түсінбейтінмін. Кейін қарап отырсам, екі қызым таңертең хикаяны бірінші рет көргенде анда-санда бір қарап, аса қызықпай, ойынға кетіп қалып, әйтеуір солай көріп шығады. Түсте қайта қайталағанда өзіне таныс дүние екенін байқап, кей сәттері есіне түсіп, кейіпкерлердің қазір не істейтінін қайталып, көбірек қарайды. Ал кешкісін үшінші рет бергенде, тіпті, әр қиымылы мен сөздерін алдын ала айтып отырады. Міне, осы кезде өзім үшін «Қайталау – білім атасы» екенін тағы бір мәрте бекіттім. Қазір төрт жасар балам балабақшадан жаттауға тақпақ әкелгенде, енді мұны жатта, қазір айт пен еш мәжбүрлемейміз. Жай ғана бүкіл отбасы болып қолымыз қалт еткенде тақпақты кезек-кезек оқи береміз, не жаттап алып, ойнап отырған, тамақтанып отырған баланың жанында анда-санда есіне сап айтып қоямыз. Осылай құлағына әбден сіңісті болған кезде, бір күн ішінде, бала өзі-ақ тақпақты жатқа айтып отырады. Ал ата-анасы бір кітапты талқылап, кітап кейіпкерлерінің әрекетін суреттеп, сюжеттің қалай өрбитінін өздерінше болжап, пікір таластырып отырса, ересек балалар ешкімнің ықпалынсыз сол кітапты мен де оқып шығайыншы деп қызығушылық танытады. Дастарқан басына жиналып, түрлі тұрақты тіркестердің мағынасын айшықтау, мақал-мәтел айтып жарысу, жұмбақ шешу секілді ойындар да тіл байлығын дамытып, көркем сөйлеуге жетелейді. Бүгінгі таңда жүргізіліп отырған көптеген зерттеулер бала зейінінің мүмкіндігі орасан зор екенін, біз үшін өте ауыр болып көрінетін жүктемені олардың оп-оңай іске асыратынын көрсетеді. Балаңыздың қолындағы телефонды қалай басқарып алғанына, қай тетіктің не үшін керектігін көз жұма білетініне, тіпті, сіз білмейтін қосымшалар мен ойындарды «шемішкеше шағатынына» назар аударыңызшы. Ендеше осы зейін мен машықты, қабілетті неге басқа мақсатта пайдаланбасқа? Тек мәжбүрлеуге жол бермеңіздер. Бұл жолда көмек болатын ойын, қызықтыру тәсілдерін пайдаланып, сөздерді дұрыс айтып, дұрыс сөйлеуге жетелеңіз. Бастапқыда «Санамақ», үш сөзді жолдан тұратын өлеңнің бір шумағын жаттатуды қолға алыңыз. Кейін, баланың қабілеті артқан сайын тармақ жолын да, шумақ санын да арттыра бересіз. Осылай бұл жұмысты бір қалыпқа салып алғаннан кейін, баланың өзі-ақ сұранып тұратын болады. Бұл тұста бастысы тұрақтылық керек. Өзіңіз ізденіңіз, алдын ала оқыңыз, балаңыздың жасына сай шығарманы табыңыз. Кейін бұл машықты күнделікті әдетке айналдырғаннан соң нәтижесін бірден байқайсыз.
Алимжанова Индира Балтабекқызы
№1 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі