Home » Мақалалар » Құммен сурет салу

Құммен сурет салу

Нургалиева Гульмира Байтурсыновна
Қарағанды облысы
Ұлытау ауданы
  «Оқушылар үйі» коммуналдық мемлекеттік
 қазыналық кәсіпорны филиалының әдіскері

Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Жезді кентіндегі «Оқушылар үйі»  2020 жылы қараша айында, Ұлытау ауданының филиалы болып ашылып, бүгінгі күнде: тоғызқұмалақ, дойбы, қолөнер, робототехника, сәндік қолөнер, живопись (кескіндеме), құммен сурет салу үйірмелері бала санымен толығып, өз жұмыстарын жүргізуде.

Осы үйірмелердің ішінде, ерекше әрі жаңаша бағыттағы, құммен сурет салу үйірмесіне қатысушы балалардың саны күннен-күнге көбейіп келеді. Әрине, бейнелеу өнерінің бұл түрі балалардың қызығушылықтарын арттырып қана қоймай, шығармашылық, шеберлік қасиеттерін де қалыптастырады.

Жоғарыда айтып өткендей, құммен сурет салу – бейнелеу өнерінің ерекше әрі жаңаша бағыты. Жалпы бұл өнер түрін игеретін адамға ең бастысы – шеберлік қажет. Себебі, суретшіден тек әйнек бетіне бейнелерді түсіріп қана қоймай, құмды сезіне білу қабілеті талап етіледі.

Құммен сурет салу кезінде педагог баланың шығармашылық қабілетін жетілдіруіне мүмкіндік жасап, дарынын дамытуға баса назар аударады. Құммен сурет салу баланың кеңістікті ойлау, елестету қабілетін, эстетикалық талғамын дамытады. Бір нәрсені білу және оны жасауға деген ұмтылыс баланың бойында болатын құбылыс. Баланың абстрактілі, логикалық және эмоциональді ойлау, көңіл бөлу, бақылау және елестету қабілеттері дұрыс дамыған жағдайда тәрбие процесінің оң нәтижесін көруге болады. Күнделікті ұйымдастырылған оқу қызметінде балалар тақырыпқа сай материалдарды меңгерумен шектеледі. Ал үйірме жұмысы осы материалдарды тереңдете меңгертуге, көркемдік білім беруге, балалардың қызығушылығын арттыруға, ой-өрісін тереңдетуге көмектеседі. Себебі, үйірме жұмысында құммен сурет салудың қыр-сырына қанығуға, оның техникаларын қолдануға мол мүмкіндік болады.

Құммен сурет салудағы негізгі қағидалар:

  1. Үдемелік. Сурет салу жылдамдығы және кадрдың ауысуының жиілігі жоғары болуға тиіс, әйтпесе бұл көрермендерді тез шаршатып, оларға қызықсыз болып кетуі әбден мүмкін.
  2. Салынған суреттің әсер қалдыруы (эффектілігі). Суреттер бейнелеуші, эффектілі әрі кенеттен болған жағдайда, ол суреттер көрермендерде ерекше әсер қалдыра алады. Бұндай өнер туындыларына көрермендердің тамсана қарауы, салынған құмдағы суреттің эффектілігін анық байқауға жол ашады;
  3. Бейненің ауысуы түпнұсқалық болуға тиіс. Бастапқы кезеңде бейнелердің ауысуы баяу басталып, әрі қарайғы ауысу бірқалыпты болуға тиіс. Әрине суретші бейнелерінің кезек бойынша ауысуы түпнұсқалық, кенетте пайда бола отырып көрерменге ерекше әсер қалдыруға ұмтылуы керек;
  4. Сюжет және шығармашылық идея құрылымы. Әрбір аяқталған құмды бейне «құмды фильм» деп аталады, яғни бұл тек қана құмды суреттердің жиынтығы ғана емес, сонымен бірге толығымен құмды анимациялық фильм болып есептелінеді. Сол себепті бұл өнерді драматургия деп атауға да болады. Онымен құмды фильмдер құрылымды шығармашылық негіздегі идеямен қалыптасады.

Бұл өнер жас талғамайды. Бала қиялындағысының қиюын әзірге келтіре қоймаса да, шыны бетіне қалаған мүсінді түсіруге болатынын түсінеді.

Құммен сурет салудың артықшылығы: өмірді жақсы қырынан қабылдауға бейімдейді, есте сақтау қабілетін дамытады. Жылдамдықты сезініп, уақытпен жұмыс істеуге үйретеді. Құм бойдағы жағымсыз энергияны сіңіріп алады. Дәрігерлер сал ауруымен ауыратын балаларға құммен сурет салуға кеңес береді. Өйткені, саусаққа тиген құм түйіршіктері бойдағы ұйықтап жатқан қан тамырларын іске қосады. Жүйке жүйесін тыныштандырып, балаға сенімділік сыйлайды. Бүлдіршіндердің шығармашылық қасиеттерін дамытады.

Қазіргі заманның құм суретшілері құмнан портрет, пейзаждар, мультфильмдер жасайды. Құммен сурет салу техникасы қазір өте танымал және барлық әлемге кең таралған.

Үйірме жетекшісі Жайлыбаева Сандуғаш Серікқызы болашақта тәрбиелеп отырған шәкірттерінің, осындай, керемет өнердің қыр сырын толық меңгеріп, биік белестерді бағындыратынына сенімі мол.

Қысқасы, құммен сурет салу – әрі кәсіп, әрі өнер, әрі дерттің шипасы. Құм терапиясының негізін қалаушы швейцариялық психолог Дора Кальф: «Құмға салынған сурет – адам жан-дүниесінің бір көрінісі. Тіпті, сол арқылы ешкімге айтылмаған ішкі сырды ақтаруға болады», – деп бекер айтпаса керек.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.