Жексембаева Жансая Адилгазыевна
Қарағанды облысы
Бұқар жырау ауданы Ботақара кенті
«Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы
тірек мектебі» (РО) КММ жанындағы
«Балауса» шағын орталығының психологі
Кіріспе. Еліміз егемендік алып, өз мәртебесі биіктей түскен шақта ең алғашқы алға қояр міндеттердің бірі – ол бала тәрбиесі. Ел тізгінін берік ұстай білетін ұрпақ тәрбиелеу — біздің борышымыз. Еліміздің болашағын жалғастырушы ұрпақ тәрбиелеу. Ал сол жас ұрпаққа тәрбие беретін бүгінгі тәрбиеші мамандар тәрбиелеу мен білім берудің жаңаша жетілдірілген әдіс-тәсілдерін іздестіріп, күнделікті жұмыс барысында жаңашыл бағыттар қарастырып, оны өздерінің іс-тәжірбиесінде қолданып отырса бала тәрбиесі алға басары сөзсіз.
Қазіргі таңда қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне өтуі білім беру саласында, соның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға уақыт талабына сай өзгерістер енгізуді талап етіп отыр.
Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жаңа өзгерістер мен әлемдік білім беру тәжірибелерін пайдалана отырып, баланың жеке дара күшінің дамуын қамтамасыз ететін жаңа бағыттағы жобаны іздестіру және қолдануға арналған «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында «Әр баланың қабілетіне қарай интелектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын дамыту» сияқты мәселелер мемлекеттің білім саясатының басты ұстанымында атап көрсетілген. Елбасының сөзі мен осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, аналитикалық терапияның негізін салушы Карл Густав Юнгтің «Құм терапиясын» балабақшадағы балалармен жұмыс жүргізіуді жөн көрдім.
Негізгі бөлім. Құм терапиясы — адамға өзінің жан дүниесіндегі өз «Менін», өзін танытуға, өзіне өте маңызды, жан тебірентерлік және құпиясының ашылуына көмектеседі.
Құмдағы тераписын қолданудағы мақсатым:
- Бала өзін жайлы, қорғалған күйде сезініп, шығармашылық белсенділік танытатын табиғи стимулдық орта қалыптастыру.
- Танымдық және психикалық процестерді дамыту; түйсікті (форманы, түсті, тұтас түйсік), есті, зейінді, қиялды, кеңістіктік түсінікті, қолдардың ұсақ моторикаларын дамыту.
- Ауызша және ауызша емес әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, тәжірибелік қарым-қатынастық біліктіліктер мен дағдыларды жетілдіру.
- Қиялды, көрнекі-бейнелік ойлауды, сөздік-логикалық ойлауды, көрнекі іс-әрекеттік ойлауды, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлауды дамыту, балаларды белсенді іс-әрекетке және зейіннің шоғырлануына тәрбиелеу.
Міндеттерім:
- Танымдық сезімдерін дамыту (зейін, жады, қиял, қабылдау)
- Интеллектуалдық ортаны қалыптастыру – ойлай білу, көрнекі-шынайылық, көрнекі-бейнелік, сөздік-логикалық, шығармашылық ойлау.
- Эмоционалдық және коммуникативтік ортаны (қарым-қатынастың табысты ағымына қажетті, ауызша және ауызша емес құралдарды қолдана отырып) дамыту.
Құмдағы ойындардың негізгі принциптері:
- Шығармашылық белсенділік таныта отырып, бала өзін ыңғайлы әрі қорғалған күйде сезінетін табиғи ынталандыратын орта жасау. Бұл үшін біз баланың мүмкіншіліктеріне сәйкес келетін тапсырмаларды таңдаймыз; ертегі түріндегі ойындарға нұсқаулық құрамыз, оның нәтижесін, идеялары мен әрекетін жағымсыз бағалауға жол бермейміз.
- Ертегі ойындарының кейіпкерлерімен бірге әртүрлі жағдаяттарды ойнау, шынайы «бірге тұру».
Осы принциптің негізінде қиялдағыдан шынайылыққа және керісінше өзара ауысу жүзеге асырылады. Мысалы, Ханшайымның құтқарушысы рөлінде болып, бала жағдайдан шығатын жолды ұсынады, сонымен бірге оны құмда шағын фигуралардың көмегімен шынайы ойнайды. Сонымен, ол өзінің ісі мен таңдаған жолының дұрыстығы не қателігіне көз жеткізеді.
Құм – өте ұсақ ақ түсті, сары, қоңыр, сұр және қызғылт түсті болады. Құм бала үшін магнит сияқты өзіне тартымды зат. Бала құмды не екенін сезінгенше қолдары сарай, қоршау т.б. жасай бастайды. Ал оған ойыншықтар, кішігірім фигураларды қосса, онда баламен түрлі ертегілерді драмалау, ойын процесіне кіреді.
Құммен ойын — балалар мен ересектердің эмоционалдық хал-жағдайларына оң әсер етеді, бұл баланың өзіндік дамуы үшін тамаша құрал болып табылады.
Құмдағы ойындар — баланың табиғи әрекеті формаларының бір түрі. Сондықтан да мен құммен ойнайтын орындарды оқыту және дамыту сабақтарында қолданып отырамын. Құмнан суреттер салып, әртүрлі оқиғаларды ойлап тауып, біз бала үшін әлдеқайда қызықты түрде оған өзіміздің біліміміз бен өмірлік тәжірибемізді, қоршаған әлемнің заңдылықтары мен оқиғаларын жеткізе аламыз.
Құм терапиясына керекті құрал-жабдықтар:
Құм терапиясында стандартты өлшемде (50 х 70 х 8 см) ағаш тақтай, құм, су және ұсақ пішіндер жиынтығы қолданылады. Құмзардың түбі мен жиегі көгілдір түске боялады, ол аспан мен суды модулдеуге мүмкіндік береді.
— адам кейіпкерлері;
— жануарлар (үй, жабайы, тарихқа дейінгі, теңіз және т.б.);
— көліктер (құрғақта жүретін, суда жүзетін, ғарыштық және т.б.);
— өсімдіктер (ағаштар, гүлдер, көкөністер, жаңғақтар және т.б.);
— Пластикалық немесе ағаш әріптер мен сандар, геометриялық пішіндер.
Бір сөзбен айтқанда, қоршаған әлемде кездесетін заттың бәрі «коллекцияда» лайықты орынға ие бола алады. Егерде ойын кезінде қандай да бір бейнелердің фигуралары жетіспесе, оларды ермексаздан, қамырдан илеп, қағаздан қиып жасауға болады.
Бала құм терапиясында тек қана қиял, көрнекі-бейнелік ойлауды, сөздік-логикалық ойлауды, көрнекі іс-әрекеттік ойлауды, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлауды дамыта отыра процесс барысында бала өзінің ішкі қобалжуларын ішкі сезімдерін сыртқа ойын барысында фигураларды таңдау барысында толығымен өз назарын салады. Бала ойын барысында өзінің терең эмоционалдық қобалжуларын айта алады.
Құм терапиясының маңыздылығы:
- Сөзбен айтып жеткізе алмайтын ойлаумен қобалжуларды сыртқа шығаруға көмектеседі.
- Іште туындаған қиын жағдайларды, шығармашылық потенциалдарын босатады.
Құм терапиясын 3 жастағы балалармен бастауға болады. Кейбір адамдар бұл әдісті психоанализге әкеледі деп ойлайды, бірақ менің тәжірбиемде терапияның еркін әдіс екені көрсетіледі.
Мысалы көгілдір түсті құмзар, онда бала мен ересек бірлесе ойнайды. Ойында ойыншықтар қолданылады.
Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеу барысында балалардың байланыстырып сөйлеуі және сөздік қорларының кемшіліктері басым болуда. Осымен қатар оларда сөйлеу тілі өте төмен дамыған олар агрессивті, бір-біріне қайрымды болмауы және бір-біріне мейірімділік шыдамдылық танытпауы басым.
Экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы және қоғамда тудырылатын мәселелер: өмірдегі және теледидардағы қатыгездіктің өсуі, дұрыс тамақтанбау және ата-аналардың денсаулыққа қайшы келетін қылықтары, қиын отбасылардың көбеюі. Ата-аналардың көбі балалармен қарым-қатынас жасауға және тәрбиелеуге уақыт бөлмейді және ниеттері жоқ, оларда бірінші орында отбасын қаражатпен қамтамасыз ету. Балаларға ата-анасымен тікелей қарым-қатынасын компьютер мен теледидар алмастырады. Осындай келеңсіздіктердің нәтижесі балалардың тез және жиі шаршайтындықтары, сабаққа деген қызығушылақтарының төмендеуі, байланыстырып сөйлеуін және сөздік қорларының аздығын болдырады, коммуникативтік дағдыларының дамуын тоқтады. Тәрбиешіге түрлі мінездегі балалармен жұмыс істеуге тура келеді. Мен өзімнің тобымда балалардың сөздік қорларының дамуына және жалпы өзін-өзі ұстау жұмыстарына назарымды аударамын. Осы жұмыстарды шешудің бірден-бір жолы «Құм терапиясы». Біз топта жыл бойы құмды қолданамыз. Балалар құммен ойнауды өте жақсы көреді. Жазғы маусымда балалар шаршамастан бірнеше ай бойы құмзарда «еңбектенеді»: түрлі кеңсарайларды жасап, түрлі тоқаштар «қуырып», торттарды жасайды. Құм балалардың өзара түсінушіліктерін табуға көмектеседі. Құм агрессиялық қуатты шешеді, сондықтан құмзарда ойнап отырған барлық балалар бірге ойын жоспарлап оны жүзеге асырады. Балалардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауға мүмкіндігі туады да, ол тілдік және коммуникатвті дамыуына жағымды әсерін тигізеді. Қыс мезгілінде де біз құммен ойындарымызды тоқтатпаймыз. Мен өзімнің тобымда шағынқұмзар жасадым. Ол ағаш қорап ені мен ұзындығы 50х 70 см биіктігі 8 см. Құмзар топтын арнайы бөлінген орнында орналасқан, тудырылған жағдайға байланысты құмзарды басқа жерге қоюға болады. Біздің шағынқұмзар кең қолданыста. Біз оны оқу әрекеттерінде, балалармен бірлескен әрекеттерінде, дербес ойындарда және шығармашылық жұмыстарда қолданамыз.
Әрекет үстіндегі құмды қолдану. Тіл құзіреттілік дамыту сабақтарында мен келесі әдіс-тәсілдерді қолданамын:
- Әңгімелесу «бөлмедегі құммен ойнау ережелері» бұл сабақта және топта не істеуге болады және не істеуге болмайтынын талқылаймыз (құмды шашуға, лақтыруға, басқа жерге тасуға т.б.)
- Балаладың өз тәжірибесі туралы әңгімелесу «Құммен ойнағанда мен не сеземін». Балалар өз сезімдері, құммен ойнау барысындағы туындаған қиялдары туралы әңгімелейді.
- Сусымалы құмды қарастыру (Құм сағаты) «Менің сезінулерім». Балалар сусымалы құмды, бірнеше рет аударып отырып бұл процесті өте ұзақ қарап отыра алады. Бұл көрініс оларды қатты қызықтырады. Содан кейін олар өз сезінулері туралы әңгімелейді.
Математика сабақтарында төмендегіндей жаттығуларды қолданамын:
1.«Өлше де сана». Балалар қасықпен құмды өлшейді және санын санайды.
- «Түрлі өлшемдермен өлше». Бірдей мөлшердегі құмды балалар түрлі белгілері бар қасықтармен өлшеп салыстырылады және санын санайды.
Сурет сабақтарында келесі сабақ түрлерін қолданамын:
- «Құммен сурет салуды үйренеміз». Осы сабақты балалармен бастапқы кезеңде әрқайсысымен жекелеп өткіземіз. Бір заттың бейнесін саламыз немесе көшірме қағаз арқылы бейнелейміз. Суреттің ортасына жіңішке қылқаламмен желім жағып үстіне құм себеміз, 1-2 минуттан соң артық құмды алып тастаймыз да, қайта өз ыдысына қалдық құмды саламыз.
- «Суретті құммен саламыз». Сабаққа түрлі түсті гуашпен боялған және түрлі табиғи реңкі бар құмдарды қолданамыз. Түрлі түсті құмды біртіндеп желіммен әр түсті жеке алып отырып суретті шығарамыз.
- «Бауырсақ және түрлі безендірілген қуыршақтар» дымқыл құмнан мүсіндеу.
Қорытынды. Қорыта айтқанда «Құм терапиясының» негізін қалаушы Карл Густав Юнг «Қиялдау – ол барлық мүмкіндіктердің анасы, онда қарама-қарсы сыртқы және ішкі дүние бірге қосылады» деген. Демек бала қиялындағы сөзбен айтып жеткізе алмайтын дүниесін құмға түсіре алатындығына көзім жетті.
Бала қолымен және табиғатпен жасалған шынайы, тартымды және тартымсыз пішіндерді қолданады, ал қолдан жасалған заттар шындықты қабылдауға көмектеседі. Құм терапиясы арқылы баланың мынадай құзіреттіліктерін дамыттым: Шығармашылық, Танымдық, Интеллектуалдық, Қарым-қатынас.
Құмзар ойындарды, жаттығуларды пайдалану балалардың эмоциясын, шығармашылығын, зейіндерін, қабілеттерін дұрыс көзқарастарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Педагогикалық процестің негізгі бағыты әрбір жеке тұлғаның мәдениетін тәрбиелеу, әрбір баланың жеке дара ерекшелігін ескере отырып, қойылған міндеттерді іске асыруда жеке тұлғаны жан-жақты етіп қалыптастыру бірлікте шешімін табады. Заманауи инновациялық әдістерді мектеп жасына дейінгі балалардың дамуында қолдану арқылы, балаларды шаршатпай, жалықтырмай, жан-жақты дамуына «Құм терапиясының» тигізер үлесі өте зор.