Home » Жаңалықтар » БҚО мектептері оқу жылын 111 мыңға жуық оқушымен аяқтағалы отыр

БҚО мектептері оқу жылын 111 мыңға жуық оқушымен аяқтағалы отыр

Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында болып, облыстағы білім беру ұйымдарының кезекті 2020-2021 оқу жылын тәмамдау барысынан хабардар етті.

Басқарма басшысы биылғы 25 мамырдағы «Соңғы қоңырау» салтанатты жиынын санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты 3 форматта ұйымдастыру ұсынылғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, 9, 11-сыныптарға өңірлік Бас санитарлық дәрігерлердің келісімі бойынша санитарлық нормаларды сақтай отырып, мектеп аумағындағы ашық алаңда – салтанатты жиын түрінде, сыныпта – сынып сағаты түрінде және онлайн (сынып сағаты) форматта. Сондай-ақ педагогикалық этика және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мектеп әкімшілігіне және педагогтерге  кез-келген түрдегі сыйлықтар алуға қатаң тыйым салынған.

Айгүл Әділгерейқызы мектеп бітірушілерге аттестау табыстау рәсімі ағымдағы жылдың 14 маусымында  «Тәуелсіздік ұландары» тақырыбында өтетінін хабарлады. Бұл салтанатты іс-шараға мектеп түлектерінің ата-анасының немесе заңды өкілінің біреуі ғана қатыстырылады. Ал мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау 28 мамырда басталады. 9 (10)-сынып оқушыларының қорытынды бітіру емтихандары – 2021 жылғы 28 мамыр мен 5 маусым аралығында; 11 (12)-сынып оқушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары 1-10 маусым аралығында өтеді деп жоспарлануда. Алғашқылары қорытынды аттестаттауды үш пән бойынша (оқыту тілі, математика, қазақ тілі мен әдебиеті немесе орыс тілі мен әдебиеті) тапсырса, мемлекеттік бітіру емтихандары төрт пән (оқыту тілі, алгебра не анализ бастамалары, Қазақстан тарихы, қазақ тілі немесе орыс тілі) бойынша өтеді.

– Биыл «Алтын белгіге» үміткерлердің жазбаша жұмыстарын білім басқармалары жанынан құрылған комиссия тексереді. Өңір мектептерін 2020-2021 оқу жылында 111 мыңға жуық оқушы аяқтауда. Олардың ішінде 5916-сы – 11-сынып түлектері, 8690–сы – 9-сынып оқушылары.  «Алтын белгі»  төсбелгісіне – 430 қушы, «Үздік аттестатқа» 185 оқушы үміткер, – деді облыстың бас мұғалімі.

Бұдан әрі жазғы мектептердің жұмысына тоқталған БҚО білім басқармасының басшысы А.Мыңбаева құзырлы министрліктің бұйрығына сәйкес барлық ниет білдірген білім алушылар үшін пандемия, шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білім олқылықтарының орнын толтыру және оқыту сапасын арттыру мақсатында 26 мамырдан – 19 маусымға дейін жазғы мектептер жұмыс істейтінін айтты. Жазғы мектептерге балалар ата-аналардың немесе заңды өкілдердің өтініші негізінде қабылданады. Облыс бойынша барлық аудандар мен қала мектептерінде 53509 (55,5%) оқушыны қамтитын 376 мектепте осы жұмыстарды тегін ұйымдастыру жоспарланған. Жазғы мектепте оқу сабақтары, жобалық қызмет, зерттеулер, зертханалық жұмыстар, таза ауадағы сабақтар өткізіледі. Үйге тапсырма берілмейді.

ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 30 сәуірдегі қаулысы негізінде балаларды сауықтыру лагерлері (қала сыртындағы) қызметінің алгоритміне сәйкес шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңіне стационарлық демалыс және сауықтыру ұйымдарының жұмыс процесін ұйымдастыруға рұқсат берілген. Батыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 2021 жылғы 14 мамырдағы №24-30-9-12/1422-И-хатына және өңірдің наурыз айынан бастап күні бүгінге дейін эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «қызыл аймақта» орналасуына сәйкес мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысын ұйымдастыруға шектеу қойылған. – Бүгінгі күні облыста қала сыртында 20 лагерь бар. Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға дайындық аясында барлық мүдделі ұйымдарды шақыра отырып, білім беру бөлімдерінің жауапты мамандары мен қала сыртындағы лагерь директорларына жазғы демалысты ұйымдастыру, балаларды сауықтыру және жұмыспен қамту мәселелері бойынша семинар-кеңес ұйымдастырылды. Балаларды сауықтыру лагерлерінің қызметі кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады. Жазғы уақытта орта және қосымша білім беру ұйымдары іс-шараларды онлайн форматта жалғастыратын болады, – деді Айгүл Әділгерейқызы.

Өз баяндамасында басқарма басшысы барлық жағдайда оқушылардың денсаулығын сақтау мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталатынын жеткізді.

БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.