Home » Мақалалар » Әкімшілік әділет — тиімді жүйе

Әкімшілік әділет — тиімді жүйе

Әкімшілік әділет — тиімді жүйе

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді. Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.

Әкімшілік органдардың шешімімен немесе әрекеттерімен, әрекетсіздігімен келіспей, жария-құқыққа қатысты дау туындаса, жеке және заңды тұлғалар Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі негізінде жаңадан ашылған мамандандырылған әкімшілік соттарға талап қоюмен жүгіне алады.

Әкімшілік әділет жария-құқықтық дауларды қарайтын арнайы сот ісін жүргізу түрі. Әкімшілік әділет жүйесінің басты тиімділігі әкімшілік органдар мен азаматтардың өз құқықтары мен міндеттері аясында әрекет етуіне мүмкіндік беретіндігі болып табылады. Бұл өз кезегінде азаматтар мен әкімшілік органдардың арасындағы теңсіздікті болдырмайды. Заңдылық қамтамасыз етіліп, жария-құқықтық дауларды шешу тиімді түрде жүзеге асырылады.

Әкімшілік әділет институты бойынша дауларды қарау кезінде азаматтардың мүддесінің басым болуына мән беріледі. Бұл жөнінде Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан, осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу керек» – деп атап өтті.

Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексін қолданысқа енгізу – азаматтардың, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың ерекше тетігіне айналуда.

Н.Нұрбайқызы,
Байқоңыр қалалық сотының бас маманы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.