Айтимбетова Ктабия Турешовна
Маңғыстау облысы
Жаңаөзен қаласы
Абай Құнанбаев атындағы
№19 жалпы орта мектептің
ағылшын тілі пәні мұғалімі
Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан (Абай)
Ұлы ақынның ұлағатты осы сөзі менің ұстаздық еңбек жолымның ұстанымыма айналғандай. Өйткені әрбір адам баласы бұл өмірде арманына, мақсатына жету үшін өз жолын, мамандығын таңдайды. Ал мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау, себебі өмірде жар таңдау мен мамандық таңдауда адаспау – бақытты болашағыңның кілті деп білемін. Әрине дүниежүзінде мамандықтың түрі көп, бірақ өз қабілетімізге қарай мамандықты таңдай білу – ең бастысы деп білемін.
Менің ұстаздық мамандығын таңдауымның себепкері болған адам – ол менің анам. Әлі есімде мен анама түрлі көрнекілік құралдарды жасауға көмектесіп әрі өзім де қызығып жасайтын едім. Анам әрқашан мамандықтың данасы, атасы «Ұстаз» мамандығы екенін ерекше сезім мақтанышпен айтып отыратын. Сол себепті мен де сол ұлы мамандықтың иесі болуды армандадым және мен мұғалім боламын деп үлкен сеніммен, қуанышпен айтып жүретін едім.
Есімімнің ерекшелеу болғанына түсінбей, әжемнен «Кітабия» деп неге қойдыңыз? Ол қандай мағынаны білдіреді? — деп сұрағанымда: «Ол араб тілінен аударғанда білімді, тәрбиелі, сауатты дегенді білдіреді, ұстаз боламын дейсің үйрете жүріп, үйренуден жалықпа, қолыңнан кітап түспесін!»-деп баталы өсиетін айтқан еді. Сол өсиет жүрегімде сақтаулы, жаттаулы қалды, сәл қолым қалт етсе, ақын-жазушылардың көркем шығармаларын оқу – менің сүйікті әдетіме айналды. Әсіресе ағылшын тіліне деген қызығушылығым ағылшын тілі мұғалім болуыма жол ашты.
Орыстың атақты жазушысы В.Сухамлинскийдің айтқанындай «Мұғалімдік – мамандық, бұл адам тану, адамның күрделі және қызықты шым-шытырығы мол рухани жан дүниесімен үңіле білу» — десе, алдыңдағы шәкіртіңді ақ параққа теңесең, сол ақ парақтан құнды, байлыққа толы қазыналы кітап шығару – әрбір ұстаздың міндеті деп білемін. Ағылшын тілі –заман талап еткен тіл, ал Мәңгілік ел атанған қазақ елі өркениетті 30 елдің қатарында иық теңестіруге үлкен қадам басуда. Жастарымыз шет елдің ең атақты білім ордаларында оқып, білімдерін шыңдауда. Сол үшін еліміздің болашағын көркейтетін жастардың қатынас құралы, ағылшын тілін үйретуден бір сәт жалыққан емеспін.
Қазіргі таңда оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған, сонымен қатар керемет жаңа технологиялық әдіс-тәсілдер өте көп. Сол сияқты менде өзімнің көп жылдық тәжірибелеріммен бөліскелі отырмын. Қазіргі кезде барлық ағылшын тіліндегі оқулықтар шетелдік авторлар ұсынған тақырыптар, әдіс-тәсілдермен шығарылып отыр. Педагогикалық тәжірибемнен біліп түйгенім, оқушыларға өзімнің құрастырған ұлттық менталитетімізге жақын қысқаша әңгімелерді қосымша тапсырма ретінде беріп отырдым және сол мәтінге байланысты мақал-мәтелдер, қанатты сөздерді жаттатқызып және әңгімелеп беруді талап еттім. Оқушы жылдам игереді, өз ой-пікірін толық жеткізе алады және оқуға деген қызығушылығы артқанын түсіндім. Мысалы «Адал достар» ағылшынша аудармасы «True friends» деген қысқаша мәтінді, оқып соған бірнеше мақал-мәтелдер, қанатты сөздерді енгіздім.A friend in need is a friend indeed. Жақсы дос іс түскенде білінер.
A man is known by the company he keeps.
Адамды досына қарап таниды.
Қанатты сөздер — «Quatation». «My friends are my estate»
«Менің достарым, менің байлығым».
Мен қосымша оқулығымнан тек ғана бір мысал келтіріп отырмын. Менің ұққаным өзіміздің жанымызға жақын тақырыптарды тез игереді және қазақ тіліндегі баламасын да айтып үйренеді, сөздік қоры артады. Себебі қазақ тілінде осы мақал-мәтелдерді оқиды және ағылшын тілінде қайталаған кезде оқушыларға есте сақтауы оңай болады. Бұл менің көптен қолданып келе жатырған нәтижелі тәжірибем деп айта аламын және оқушылар да өздерінің қысқа осындай мәтіндерін әңгімелеуге үйренді.
Осындай қарапайым тиімді әдіс-тәсілдерімді қолдана отырып менде төмендегідей пікір-ұсыныстар туындады.
Бастауыш сыныптан бастап ағылшын пәні оқулығының мәтіндеріне қазақ халқының менталитетіне сай келетін мәтіндер берілсе екен.
Қазақ ақын-жазушыларының балаларға арналған өлең жырлары ағылшын тілінде берілсе, мысалы А.Құнанбаев, М.Мақатаев сияқты қазақ ақын-жазушыларының балаларға арналған өлең-жырлары ағылшын тіліне аударылып енгізілсе екен.
Мектеп бағдарламасындағы барлық сыныптардың ағылшын тілі оқулықтарында, қазақ халқының салт-дәстүрін, тарихын, болмыс-тіршілігі жайлы мәтіндер көбірек болса нұр үстіне нұр болар еді.
Қазіргі таңда оқушылардың кітап оқуға қызығушылығы жоқ, керісінше көп уақыттарын ғаламторда өз денсаулығына, тәрбиесіне, біліміне зиянын тигізетін бағдарламаларды қараумен өткізетіндігі баршамызға мәлім және бұл қоғамның ең басты көңіл алаңдатар мәселесі. Себебі бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ұлт болашағы. Оқушыларды кітап оқуға қызықтыру мақсатында өзім оқытатын сыныптарға «Үздік оқырман», «The best reader» сайысын ұйымдастырып отырамын. Ата-аналардың қатысуымен бірлікте, сондағы мақсатым ата-аналар да қолдау жасап балаларының қызығушылығының артуына көмектессін деген ой, себебі шәкірт, ұстаз, ата-ана арасында тығыз қатынас орнаса ол жерде міндетті түрде жетістік болатынын он сегіз жылдық тәжірибемде көзім жетті. Ата-аналарда балаларының жеңімпаз болуына және ғаламторда уақыт өткізбей кітап оқып білімін нығайту керек екенін ескертіп отырады. Ең көп кітап оқыған оқырманға өзімнің арнаған сыйлықтарыммен шабыттандырып отырамын. Әрине балалар сыйлық алуға және өзара сайысуға жақсы белсенділік танытады, және ата-аналар да қолдап отырады.
Менің осындай қарапайым әдіс-тәсілдерім мені жақсы жетістіктерге, нәтижелерге жетуіме ықпалын тигізді. Өйткені ата-ана, мұғалім, оқушы арасындағы бірлікте болған тығыз байланыстың арқасында оқушылар ғаламторда отырудан бас тартып, кітап оқуға деген қызығушылығы арта түсті. Әрине бұл таңқалдырарлық жаңа идея болмаса да, әрбір мектепте, әр ұстаз ұйымдастыра алатын және ең бастысы дұрыс нәтиже көрсететін әдіс екенін өз тәжірибемнен сеніммен айта аламын.
Ой толғауымды ұлы данышпан Абайдың даналық сөзімен қорытындылағым келеді.
Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ — демекші, ағылшын тілінде еркін сөйлейтін, бәсекеге қабілетті ұлт, жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру – менің ең басты міндетім!