Home » Мақалалар » Копирайтер деген кім?

Копирайтер деген кім?

Жалгасбаева Жанар Умирзаковна
Қ.Дүтбаева атындағы
Атырау гуманитарлық колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі, копирайтер

Бизнес жасаймын деп жарнамадан ақша үнемдеу – сағатты тоқтатып қойып, уақыт үнемдеумен бірдей. Осы сөзді естуіңіз бар ма? Бұл шетелдіктердің ұстанымы екен. Иа, біз қазір ағылған ақпараттар заманында өмір сүріп отырмыз. Айналамыз қаптаған жарнама. Бірі өнімін сатса, бірі қызметін ұсынады. Бәсекелестерін басып озу үшін қызу жанталас. Бұл үрдіс Америкада осыдан жүз жыл бұрын басталып кеткен. Маркетингтің мәтінге негізделген түрін копирайтинг деп атап, мәтінмен сауда жасаушыларды копирайтер деген. Ағылшын тілінен аударғанда «copy» — мәтін «write» – жазу, яғни «мәтін жазамын» деген мағына береді.  Жалпақ тілмен айтсақ, копирайтер сөз арқылы оқырманның жүрегін жаулап алушы. Тұтынушының жанды жеріне тиіп, мәтіннің майын тамызушы. Оқырманды сатып алушыға айналдыратын шебер жазушы.

⠀         Қазір қазақ тілді аудитория әлеуметтік желіде өте белсенді. Сондықтан да кәсібіңізді дөңгелентіп, табыс тапқыңыз келсе, жеке бренд қалыптастырғыңыз келсе, сатылымдық мәтін жазғыңыз келсе, инстаграмда еркін жүзгіңіз келсе, копирайтер сізге көмекке келеді.

«Қалай күшті жазады, ә!» — деп кейбір блогерлердің жазғанын оқығанда аузымыздың суы құриды. Сол атақты парақшалардың мәтінін басқа адамдар жазады деп естігенде мен де аң-таң болдым. Оған дейін копирайтер дегенді тіпті естіп көрмеппін. Пост жазудың да өз тәртібі, ережесі, формуласы болады екен. Сіз де парақшаңызды жаңадан ашып, «ондай болмақ қайда?» — деп отырсаңыз мәтін жазудың кейбір құпияларын  айтып қояйын. Абай атамыз айтқандай: «Болмасаң да ұқсап бақ».

1) бір постта бір ой болу керек. Бірді айтып, бірге кетіп оқырманның ойын шашыратпаңыз. Алыстан орағытудың қажеті шамалы, ойыңыз нақты болсын.

2) тап-таза ауызекі стильмен жазуға болмайды, шұбырған бейнелеу сөздермен көркем әдеби стиль де оқылмайды. Екі стиль әдемі өріліп тұрсын.

3) жай сөйлемдермен дос болыңыз. Ең ұзақ сөйлем көп дегенде 10-12 сөзден аспауы керек. Аз сөзге көп мағына сыйғызып үйреніңіз.

4) оқырманға деген құрметіңіз көрініп тұруы үшін шынайы болыңыз. Біреудің сөзін, посттарын көшіру – ең үлкен мәдениетсіздік. Оны инстаграм алгоритмі ғана біліп қоймайды, оқырмандар да сезеді.

Егер менің осы ақпаратым пайдалы болса, @zhanar_umirzak парақшасына тіркелуді ұмытпаңыздар.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.