Home » Білім және тұлға » Балабақшадағы ұсақ қол моторикасын қалай дамытамыз?

Балабақшадағы ұсақ қол моторикасын қалай дамытамыз?

Баланың ұсақ қол моторикасының дамуы оның тікелей жалпы дамуына тікелей байланысты болып келеді.  «Балалардың қабілеттері мен дарындылығы олардың саусақтарының ұшында. Бейнелеп айтқанда, саусақтардан шығармашылық ойдың қайнар көзін сусындататын аса нәзік жылғалар бастау алады» деген екен ұлы ұстаз Василий Александрович Сухомлинский.

Ұсақ қол қимылдарын дамыту деңгейі — мектепке дейінгі жастағы баланың жалпы зияткерлік дамуының көрсеткіштерінің бірі.

Бұл осылай болады да, өйткені, миды зерттеу, тәнтану тұрғысынан, қолдардың білезіктерін, артикуляциялық аппарат сияқты қарастыру керек екендігін бекітуге мүмкіндік берді. Сондықтан да баланы сөйлеуге үйрету үшін, оны тек артикуляциялық аппаратын ғана жаттықтырып қоймай, сондай ақ қолдарындағы саусақтарының қимыл қозғалысын да немесе ұсақ қол қимылдарын да дамыту керек. Сонымен бірге, ғалымдар ұсақ қол қимылдары тек сөйлеумен ғана емес, сондай ақ зейін, ой, қиял, байқампаздық, көру және қимыл – қозғалысты ес тәрізді сананың жоғары қасиеттерімен өзара байланысты екенін дәлелдеді.

Баланың бұдан бұлайғы өмірінде киіну, сурет салу және жазу, сондай ақ көптеген тұрмыстық және оқу іс – әрекеттерін орындау үшін қолдардың білезіктерінің және саусақтарының дәл, үйлесімді қозғалысын пайдалануы қажет екені белгілі.

Сондықтан балабақша кезеңінде ұсақ қол қимылдарын дамытуға баса назар аударуы керек. Бас миының сәйкес зоналарының пісіп жетілуі, сондай ақ білезіктердің ұсақ бұлшық еттерінің дамуы негізінен 6-7 жасқа қарай аяқталады. Сондықтан психологтар ұсақ қол қимылдарын дамытуды ең кішкентай жастан бастауға кеңес береді.

Мектепке дейінгі ересек жастағы баллар үшін ұсақ қол қимылдарын және қолдар қимыл қозғалысының үйлесімділігін дамыту жөніндегі жұмыс мектепке деген дайындықтың бір бөлігі. Санамақтар, тақпақтар, әзіл әңгімелерді айта отырып, саусақтарды жаттықтыратын жаттығулардың балаға пайдасы көп.  Осы мақсатта балалармен көптеген жұмыстар жүргіземін, оны нәтижесінде бала :

  1. Қолдардың қимыл –қозғалысының бөгелісі жойылады, қолдардың білезіктері жақсы қозғалады, иіледі, саусақтар үйлесімді әрекет дағдыларына икемделеді;
  2. Сөйлеу, ес, зейін, қиял, кеңістікті бағдарлау, байқампаздық дамиды;
  3. Мектепке дейінгі жастағы бала жазуды меңгеруге дайындала бастайды;

Тәрбиеленушілерде қол моторикасын дамытуды саусақ гимнастикасы жаттығуынан бастаған өте тиімді.

  • «Саусақтар сәлемдеседі» — оң қолдың басбармағының ұшын кезек-кезек сұқ саусаққа, орта саусаққа, аты жоқ саусаққа және шынашаққа тигізесіз. Алдымен оң қолдың саусақтарымен амандасып, сосын бір мезгілде екі қолдың да саусақтарымен амандасуы керек.
  • «Кішкене адам» — қолдың (кейін сол қолдың да) сұқ саусағымен орта саусағы үстел үстіне жүгіреді.
  • «Кішкентай піл» — (орта саусақ алға қарай шығыңқы – тұмсығы, ал сұқ саусақ пен аты жоқ саусақ — аяқтар) үстел үстімен жүреді.
  • «Ағаштардың тамырлары» — қолдардың білезіктері қосылған, тарбиған саусақтары төменге түсірілген.
  • «Ағаштар» — екі қолдың алақанын өзіңе қаратып, көтеру керек, саусақтарды кеңінен ашу керек.
  • «Көзілдірік» — қолдардың бас бармақ пен сұқ саусақтарынан екі дөңгелек жасап, оларды қосу керек.

Мен өз тобымда әр сабақты осындай саусақ гимнастикалармен бастаймын. Және нәтиже де жаман емес. Балалар қызыға орындайды.

Ұсақ моториканы дамытудың маңыздылығы адамның бас миында саусақ қимылына және сөйлеуге жауап беретін орталықтар өте жақын орналасқан. Ұсақ моторикаға әсер етіп оның белсенділігін, көрші орналасқан сөйлеуге жауап беретін орталықты да дамыта аламыз.

Сонымен қатар түрлі көптеген  ойындар арқылы да дамытуға болады. Баланы қызықтыруда және жаңа хабарларды игеруіне көмектесуде үйретуді ойынмен алмастыру, алға қойған мақсатына жетуін, тапсырманы орындауда қиындыққа кездессе мойымауына үйрете отырып, аз мөлшердегі жетістіктерін де бағалап, мадақтап қоюды да ұмытпауы керек.

Сенсомоторикалық даму бала дамуының жетекші факторының бірі екені белгілі. Ендеше оның қоршаған ортамен (перцептивті, кинестетикалық, кеңістік) белсенді түрде өзара әрекеттесуі қабылдау жүйесін қалыптастырады.  В.А.Сухомлинский «балалардың қабілеттері мен дарындылығының бұлағы – олардың саусақ ұшында. Неғұрлым бала қолының қозғалысында ширақтылық болса, соғұрлым қолының еңбек қаруымен өзара іс-қимылы жіңішкерек болады, бала ақыл-ойының шығармашылық сұрапылдығы көрнекті болады. Ал бала қолында шеберлік көбірек болса, бала ақылды болады…» деп жазған.

Сандыбекова Рымкүл  Аскаровна
 Бауырсақ тобы. Қостанай қаласы 14 бб

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.