Home » Мақалалар » Тәуелсіздіктің тұғыры

Тәуелсіздіктің тұғыры

Ата-бабамызға сан ғасыр бойы арман болған тәуелсіздікке қолымыз жеткеніне де биыл отыз жылдың жүзі толып отыр. Әлем сахнасында көк туымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалып, алпауыт елдермен тереземіз теңелгені әрбір қазақ баласының жүрегіне қуаныш ұялатары даусыз. Небір қилы замандарды, тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерген қазақ халқы үшін бір кездері арман еткен тәуелсіздігімізді басымызға қонған бақ десек, артық айтқандық емес.

Бабаларымыз тәуелсіздікті тек бодан болған уақытта ғана аңсаған жоқ. Халқымыздың күреске толы ғұмырының бәрі ат жалында, түйенің қомында осы бір азаттық үшін, егемен ел болу үшінгі арпалыспен өтті. Жеке хандық құрамыз деп отау тіккен Жәнібек пен Керейдің, олардың аталарының, одан кейінгі хандардың барлығы да азат болуды көксеген, шаңырағын жеке көтеріп, түтінін бөлек ұшыруды аңсаған. Алайда шапқыншылық заман мұрша берген жоқ. Ел шетін бөлектеп билеп алған дұшпан ана жерді бір, мына жерді бір басып алып жатты. Халқымыз бейбіт тірлік кешуді қанша аңсағанымен, жаугершілік уақыт оған жеткізбеді. Дегенмен де хандық дәуірімізді біздің алтын кезеңіміз деп айтуға болады. Жан-жақтан анталаған көп дұшпаннан сақтану үшін өз еркімізбен Ресейдің қол астына кірсек те, көсегеміз көгерген жоқ. Алысқа бармай-ақ, өткен ғасырды еске алсақ та, тәуелсіздіктің қаншалықты құнды екенін жан-жүрегімізбен сезіне аламыз.

Өткен ғасырда болған түрлі нәубеттер бізге тәуелсіздігіміздің қадірін жете, терең ұғынуға жетелейді. Жат елдің боданында болған кездер азаттықтың қадірін еселейді. Ата-бабамыздың басынан өткерген ашаршылық, бір түйір нанға зар еткен кесір заман, адам етін жеуге дейін жеткізген қасіретті кезеңнің артта қалғанына, бүгінгі ұрпақтардың бейбіт өмір сүріп отырғанына қуанып, көкірегіңді шаттық кернейді. Одан кейінгі жылдардағы сұм соғыс, ананы баладан, жарды ерінен айырған қанды да қаһарлы күндердің келмеске кеткеніне қуанасың. Тәуелсіздікке қолымыз жеткен отыз жыл ішінде бейбіт те берекелі ғұмыр кешудеміз. Мұның өзі хақ тәңірдің назары түсіп, бізге жіберген тәтті сыйы – тәуелсіздіктің жемісі дер едім.

Қолдан жасалған аштық, қазақ арасынан әскер алу сынды жағдайлар қазақтың тәуелсіздікке деген ынтасын тіпті де күшейте түсті. Ол кездегі Алашорда үкіметі, қазақтың маңдайына біткен алыптар шоғыры осы кезде пайда болды. Олардың барлығының көкірегінде бір ғана арман, тәуелсіздік жайлы арман жатқаны айдан анық. Өз алдымызға жеке үкімет боламыз деген мақсаты желге ұшып, қазақтың аяулы арыстары «халық жауы» атанып, айдалып кете барды. Егер тәуелсіз ел болғанымызда ондай олқылыққа жол берілмес еді.

Соғыс – қасіретті уақыт. Бұл да қазақтың басынан өтті. Бар жанын салып қорғағанына қарамастан, қазақтың қадірі жете бағаланбады. Сол кезде де қазақтың басына өшпес нәубат орнады, ана баласынан, бала анасынан, ер-азаматтарынан айрылды. Бүгінгі бейбіт күнге мың қайтара тәубе етуіміз де осы себептен болса керек.

Тәуелсіздікті зарыға аңсаған қазақ жұрты қаншама қиындықты бастан өткерсе де жойылып кетпеді, қайта тіпті өршеленіп одан сайын ұмтыла түсті. Тілінен, дінінен айрыла бастаса да құдайға жасырын құлшылық ететіндер де бар еді. Осынша жыл шыдаған ел бір күні бас көтерері анық болатын.

1986 жылы елімізде еш күтпеген оқиға болды. Желтоқсанның ызғарлы бір күнінде алаңға жиналған жастар билікке қазақ ұлтынан басқа адамның келгеніне наразылығын білдірді. Оларды аяусыз соққыға жыққан сайын өршелене түсті, «Менің елім» әнін шырқап алаңға шыққан өрімдей жастар бүгінгі тәуелсіздігімізге қол жеткізуге себепкер болды. Сол ызғарлы желтоқсан жаңғырығы Кеңес үкіметінің іргетасын шайқалтып, уықтарын сықырлатып кетті. Нәтижесінде он бес республиканың өз тәуелсіздігін алуына септігін тигізді.

Биыл біздің қастерлі тәуелсіздігімізге отыз жыл толып отыр. Осы отыз жыл біздің тәй-тәй басқан алғашқы қадамымыздың куәсі. Осы ширек ғасыр уақытты әрбір қазақ баласы тебіренбей айта алмаса керек. Өз қолымыз өз аузымызға жетіп, өз алдымызға жеке отау болып шыққан алғашқы жылдары қазақ елінің жағдайы мәз болмағаны жасырын емес. Бүгінде аяғын нық басып, келешекке батыл қадам жасап келе жатқан еліміздің өткенін еске алсақ, бүгінгі күнімізге деген қуаныш көкірегімізді кернейді.

Әлемде ұлт пен ұлыс қаншалықты көп болғанымен, мемлекет саны одан әлдеқайда аз. Өз Отаны, өзінің шекарасы жоқ елдер қаншама?! Тоқымдай жерді аңсап жүрген сол ұлттарға қарап, бүгініңе тәуба етесің. Ата-бабамыздың бізге осынша ұлан-ғайыр жерді тарту еткеніне, түн қатып, түсі қашып жүріп, қаны мен терін төккеніне, сол арқылы байтақ далаға ие болғанымызды мақтанышпен айтамыз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Осынша қиындықпен қол жеткізген егемендікті сақтай аламыз ба?» деген сұрақ күн тәртібінде тұрды. Бұрынғы үкіметке сүйенетін көзқарас өзгеріп, нарықтық экономика келді. Әркім өз арбасын өзі сүйрей бастады. Осы кезде халқымыз біздің Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігіне үміт артты, сарабдал саясатына сенді. Соның нәтижесінде еліміз аяғына нық тұрды, әлемнің алпауыт елдері біздің тәуелсіздігімізді мойындады, халықаралық дипломатиялық байланыстар орнады. Тек өз елімізге тиесілі елтаңба жасалып, әнұран айтылды, төл теңгемізді қолымызға алдық, Ата Заңымызды қабылдап, бекіттік.

Мұның барлығы елеусіз айтылғанымен, әрқайсысы терең тарихи мәнге ие. Өз егемендігімізді жариялау, Тұңғыш Президентімізді сайлау, Қазақстан республикасының қарулы күштерін құру – барлығы да маңызды оқиғалар. Рәміздерді де мыңдаған нұсқаның ішінен таңдап, бекітіп алдық.

Еліміздің халықаралық саяси аренада өзіндік беделі болуы, түрлі әлемдік маңызы бар оқиғалардың бастамашысы болып, бел ортасында жүруі де республикамызды әлемге танымал ете түспек. Семей ядролық полигонының жабылуы сынды ірі оқиғалар ел беделін арттыра түсті. Бір ғана ЭКСПО-2017 шарасы да өзіндік биік деңгейде өтіп, әлем назарын бізге аудара білді.

Тәуелсіздік кезеңі бізге көп қуаныш алып келді. Еліміз ешкімге жалтақтамай, иығын тік ұстап, болашаққа қадам басып келеді. Жыл сайынғы жаңа жобалар еліміздің Мәңгілік Ел болуына сенімімізді еселей түскендей. «Елу жылда ел жаңа» дейді қазақ халқымыз. Енді жиырма жылдан соң қазақ халқының жеке ту тігіп, шаңырақ көтергеніне елу жыл толады екен. Осы отыз жылда да толағай табыстарға жеттік. Тәуелсіздіктің құрдастары бүгінде атпал азаматтарға айналды. Шетелден қандастарымыз келіп, ортамызды толтырып жатыр. Еліміздегі өз ұлтымыздың саны жылдан-жылға өсуде. Жас мемлекетімізді әлі де қаншама белестер күтуде.

Тәуелсіздігіміздің – 30 жылдығы, Желтоқсан оқиғасына – 35 жылдығы қарсаңында  республика көлемінде түрлі мерекелік іс-шаралар өткізіліп жатқаны белгілі.  Алматы қаласы, Наурызбай ауданы №200 мектеп-гимназиясының ұстаздар қауымы мен оқушылары да осы атаулы күнге белсене атсалысуда. Атап айтсақ, «Тәуелсіздік – мәңгілік ел тұғыры» атты                 V Республикалық  оқушылар айтысының қалалық кезеңіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қару Нұрзаттың жетекшілігімен  8 «Ғ» сынып оқушысы  Тұңғатар Қалина қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлады.                     Сонымен қатар, 7 желтоқсан күні 8-сыныптың сынып жетекшілері Б.О.Тюменбаева, А.Төлегенқызы, Н.К.Мадалиева, Г.Ахановна, Ж.Налибекова, Ж.Ш.Ахметованың ұйымдастыруымен 1986 жылы атойлап алаңға шыққан Желтоқсан қаһармандары Омаров Әлімжан Қадірұлы, Мырзағалиева Шолпан Төкенқызы, Мыржықбаев Ерлан Сейсенбайұлымен кездесу өткізді. Желтоқсан көтерілісін көзбен көрген, тарихи оқиғаға куә болған қаһарман ағаларымыз сол қаһарлы күндердегі жастардың қайсар ерліктері туралы естеліктерімен бөлісті. Кездесу өте әсерлі болды. Жас ұрпақ Желтоқсан құрбандарын еске алып, олардың рухына тағзым етті. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен қанды желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыра түсетіні анық. Әрдайым туымыздың тұғыры биік, еліміздің іргесі тыныш болсын!

Алматы қаласы  Наурызбай ауданы
№200 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі:
Дуйсембаева Жамила Талапхановна

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.