Home » Жаңалықтар » Нұрдәулет Жабықбаев : Колледж ұжымы білім саласындағы өзгерістердің тек орындаушысы болмай, авторларының бірі ретінде қатысуға тырысады!

Нұрдәулет Жабықбаев : Колледж ұжымы білім саласындағы өзгерістердің тек орындаушысы болмай, авторларының бірі ретінде қатысуға тырысады!

Бүгінгі таңда колледж үлкен ізденісті талап ететін, халыққа өзіндік қызметін көрсетуге негізделген  білім ошағы. Елбасының қолдауымен колледжден білім алған қаншама жас өмірден өз орнын тауып, қалаған мамандық иесі атануда.

Сонымен, бүгін «Білім айнасы» газетінің кезекті қонағы Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Алматы қаласындағы Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің директоры Жабықбаев  Нұрдәулет Жақыпбекұлын сөзге тарттық.

  • Нұрдәулет Жақыпбекұлы, алдымен өзіңізбен таныса отырсақ. Жалпы білім саласына қалай келдіңіз?
  • Мен Алматы қаласынан 350 шақырымдай жердегі Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қапал-Арасан деген ауылда дүниеге келіп, сол жерде орта мектепті тәмамдадым. Ұстаздық ету,  менің бала кезімнен арманым еді. Мектеп қабырғасынан химия пәні мені қатты қызықтыратын. Сол арманымның жетегінде, Алматыға келдім.1985 жылы қазіргі Аль-Фараби атындағы Ұлттық университетінің химия факультетіне оқуға түсіп, 1992 жылы аяқтап шықтым. Жалпы, білім беру саласындағы тәжірибем 2000 жылы Жаңа заманауи технологиялар институтынан бастау алды. Міне, сол кезден бастап бүгінге дейін білім беру саласында қызмет атқарып келемін.
  • Колледждің ашылу тарихы?
  • Негізінде, біздің мекеменің тарихы Кеңес кезеңінен басталады. Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің бастауында 1961 жылы негізі қаланған Республикалық сауда-аспаздық мектебі тұр. 1961 жылы осы мектеп Республикалық сауда-аспаздық мектебі, ал 1985 ж. Қазақ ССР сауда Министрлігінің № 229 бұйрығымен Республикалық сауда-аспаздық мектебі №18 кәсіптік-техникалық училище болып өзгертілсе, 1996 ж. аталмыш училище №18 кәсіптік-техникалық мектеп болып өзгертіліп, 2002 жылы №18 кәсіптік мектеп болып, өз атауын тағыда өзгертті. 2005 жылы №18 кәсіптік мектеп «Алматы экономика және технология колледжі» деген жаңа атауға ие болды. Осы колледж 2008 жылы «Алматы мемлекеттік технология және менеджмент колледжі» болып өзгертілді. Оқу мекемеміз 2014 жылдан бері  «Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі» деген жаңа атауға ие болып, күні бүгінге дейін өз қызметін осы сала бойынша көрсетіп келеді. Колледж Туризм, Қонақ үй бизнесі, Тамақтандыруды ұйымдастыру, Менеджмент, Нан пісіру, макарон және кондитерлік өндірісі  мамандықтары бойынша кәсіби мамандар даярлайды.
  • Өзіңіз басқарып отырған білім ошағының өзге оқу орындарынан ерекешелігі туралы айта кетсеңіз?
  • «Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің» басты ерекшелігі еліміздің білім саласындағы өзгерістерге тек орындаушы ретінде қарамаймыз. Колледждің оқу жұмыс бағдарламасы жұмыс берушілермен өте тығыз жұмыс жасалу нәтижесінде құрастырылып, бекітіледі. Біздің ұжым ол бағдарламаны оқу барысында қолданамыз. Әрбір, жоспарланып жатқан реформаларға, көзделіп тұрған жаңашылдықтарға – біздің ұжым міндетті түрде өз ұсыныстарын беріп, мүмкіндігіше сол өзгерістерді талқылайтын комиссия немесе жұмыс топтарына қатысуға тырысады. Себебі, бүгін біз ешбір ұсыныс айтпай, белсенділік көрсетпей, немқұрайлық танытсақ – ертең сол өзгерістер білім туралы заңнамаға кіргізілгенде ең бірінші өзімізге қиындық тудырады. Сондықтан да, біздің колледж ұжымы білім саласындағы өзгерістердің тек орындаушысы болмай, авторларының бірі ретінде қатысуға тырысады. Менің ойымша, осы қасиеттері «Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің» басқа оқу орындарынан басты ерекшелігі деп айта аламын.
  • Жақында талапкерлерді колледжге қабылдау науқаны басталады. Шетелден келген қандас жастарымызға оқуға қабылдану үшін қандай талаптар қойылуда?
  • Биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау бойынша ережеге өзгеріс енгенін білесіздер. Мемлекеттік тапсырыс бойынша байқау білімі туралы құжатына сәйкес міндетті және салалық пәндер бойынша бағаларының орташа балы арқылы талапкерлерді автоматты түрде бөлу жолымен Білім беру басқармасының ақпараттық жүйесі арқылы өткізіледі. Өтініш bilimalmaty.kz. порталы арқылы беріледі, ол жерге талапкерлер туралы мәліметтер енгізіледі, 4 колледжге және 4 мамандыққа дейін таңдау жасай алады. Сонымен қатар білімі туралы аттестаттағы салалық пәндер бойынша бағалары көрсетілуі керек. Білімі туралы аттестаттың сканерленген нұсқасы қосымшасымен бірге салынады. Ал шетелден келген қандас жастарымызға оқуға қабылдану үшін  Жалпы, ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы, 18 қазандағы № 578 бұйрығына сәйкес қабылданады. Көрсетілетін құжаттарды талапкердің өзі немесе заңды өкілдері ұсына алады.
  • Түлектеріңіздің жұмысқа орналасуы жөнінде айта кетсеңіз. Мемлекет тарапынан білім алып, жұмыссыз қалу проблемасы мазаламай ма?
  • Колледж 69 жыл бойы қонақ үй және мейрамхана бизнесі, азық-түлікті өндіру және қайта өңдеу кәсіпорындары саласындағы жоғары білікті мамандар даярлау және қайта даярлау бойынша халыққа білім беру қызметін ұсынып келеді. Жарты ғасырдан аса колледж өз қызметінде қызмет көрсету және өндірістік сектор саласында 60 мыңнан аса жұмысшылар мен мамандарды даярлады. Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің бастауында 1961 жылы негізі қаланған Республикалық сауда-аспаздық мектебі тұр. Қазіргі таңда Колледж қызмет көрсету саласында 5 мамандық бойынша студенттерді даярлаудамыз. Ең басты ерекшелігіміздің бірі – студенттерімізге заманауи дағдылар беру. Соның арқасында, жыл сайын колледж түлектерінің 80 %-дан астамы өздері тәмамдаған мамандық бойынша жұмысқа орналасып, Алматы қаласындағы ірі кәсіпорындарда жауапты қызметтер атқаруда. Яғни, техникалық және кәсіби білім беру мекемелері, өз түлектеріне нарық талаптарына сәйкес дағды мен біліктілік беруі керек екендіктерін  басты назарда ұстағандары дұрыс.  Менің ойымша, қазіргі жұмыссыздықты азайтудың бірден-бір жолы осы.
  • Колледжде сіздің басшылыққа келуіңізбен қандай жұмыстар іске аса бастады?
  • «Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжіне» мен 2017 жылы келдім. Сол кезден күні бүгінге дейін сәтті еңбек етудемін. Жалпы айтқанда, осы колледж маған дейінде Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің озат оқу орындарының бірі болған. Сондықтан да менің басты мақсатым – Колледждің осы жоғары деңгейін жоғалтпай, әрі қарай дамыту болды. Менің басшылық еткеннен кейінгі ілгері басып, тез дами бастаған салалардың бірі – ол дуалды оқыту жүйесін дамыту болды. Менің басшылығыммен – дуалды оқыту бойынша серіктестердің саны 5 есе көбейіп, түлектеріміз нарыққа керек дағдыларды кеңінен ала бастады. Барлық білім беру бағдарламаларының мазмұны кәсіби стандарттарға, WS халықаралық талаптарына сәйкес жаңартылды. Екіншіден – ХХІ ғ. цифрлік ғасыр. Ал 2020 жылдың көктемінен бері пандемияға байланысты қашықтықтан оқыту еңгізілді. Сондықтан, мен өзім басқарып отырған ұжымға неғұрлым тез және сапалы түрде өзінің цифрлық-инновациялық әдістерді игеріп алуына жағдай жасауға тырыстым. Көптеген арнайы оқу семинарлары, тренингтер, шебер-класстар өткізу және ұжымды ынталандырудың арқасында «Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі» қашықтықтан оқыту кезінің басында-ақ онлайн білім беру технологияларына бейімделіп үлгерді. Сонымен қатар, колледж базасында Алматы қаласы білім басқармасы, «Талап» КЕАҚ қолдауымен «Жас Маман» мемлекеттік жобасы жүзеге асырылуда және қонақжайлылық индустриясы мамандарының қажеттілігіне орай білім берудің бірегей оқу-материалдық базасы құрылды.  Жобаның мақсаты — колледждерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Бұл әлемдік еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін қажетті қазіргі заманғы, инновациялық жабдықпен жарақтандыруға мүмкіндік береді. Оқу шеберханаларының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі жобаға 2020 жылы қатысты. Бұл білім беру жүйесін дамыту мен жетілдірудің негізі ретінде сапалы жаңа инновациялық және кәсіби орта құруға мүмкіндік берді, оқыту процесін өзгертті, оған жаңа сапа берді. Колледж заманауи инновациялық жабдықтармен жабдықталған. «Аспаз», «Кондитер», «Мейрамханалық сервис» құзыреттілігі бойынша ресурстық орталықтар ашуға мүмкіндік берді. Колледждегі «Жас маман» жобасы білім алушылардың, өндірістік оқыту шеберлері мен педагогтардың іс-әрекеттерін ынталандыру мүмкіндігін кеңейтті. Қазіргі заманғы құрал-жабдықтарда жұмыс істей отырып, олар өздігінен бағдарланады, табиғи қабілеттерін барынша ашуға байланысты шығармашылық ойлауды қалыптастыра алады. Сондықтан бұл жоба колледжіміз үшін тиімді жоба болды.  Жыл сайын колледж оқытушылары «Үздік оқытушы» байқауының қалалық кезеңінде жүлделі орындарға ие болады. Бүгінгі таңда колледждің 3 оқытушысы Қазақстан Республикасының «Үздік оқытушысы» атағын иеленген. Біздің ұжым халықаралық тәжірибе алмасу жұмыстарын дамыту барысында Ресей, Қырғызстан, Италия колледждерімен халықаралық ынтымақтастықты дамыту үстінде. Осы сөзімнің дәлелі ретінде 4 мемлекет оқытушыларымен қатысуымен бейне сабақтарының халықаралық байқауы өткендігін айта кеткім келеді. Осындай байқауларда біздің колледж студенттері де топ жарып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Мысалы 2019 жылы Педжакова Екатерина мейрамханалар қызметі құзыреті бойынша WS республикалық чемпионатында 2 орынға ие болды.
  • Газет оқырмандарына тілегіңіз?
  • Қазақстанның дамыған мемлекетке айналуының басты факторларының бірі – сапалы да, өзекті білім беру екенін түсінетін кез келді. Енді сіздердің баспаларыңыз «Білім айнасы» деп аталғандықтан, атына заты сай бола біліп, білім беру саласында болып жатқан өзгерістерді кеңінен насихаттап, оқырмандарыңызға кеңінен түсіндіріп жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Осы орайда, баспаларыңызға шығармашылық табыс, журналистеріңізге еңбек жолында қажымас қайрат пен жетістіктер тілеймін!
  • Нұрдәулет Жақыпбекұлы, салиқалы сұқбатыңызға рақмет! Түлектеріңіз төрден орын алсын!

Сәния СҮЛЕЙМЕН,  «Білім айнасы»,
Нұр-Сұлтан-Алматы-Нұр-Сұлтан

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.