Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығы. «Ел еркіндігі» – әлемдегі ең құдіретті сөз. Қазақстан тәуелсіздіктің туын биік көтергеніне, міне, 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлем таныған тәуелсіз мемлекетке айналды. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елдердің қатарына енді.
Тәуелсіздікке жету – оңай жолмен келген жоқ, ол бәрімізге мәлім. Бұл қазақ халқының ғасырлар бойы көздеген арман-мұраттарының орындалуы. Тәуелсіз мемлекетке айналу, бізге үлкен серпіліс, күш берді. Біздің өз еркімізбен алға ұмтылуға, мемлекет болып өркендеуге жол ашылды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Терең білім тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой азаттығымыздың алдаспаны». «Біз «білім, ғылым, инновациялар» үштігі билеген постиндустриялық әлемге қарай жылжып келеміз» деген. Білім мен ғылым кез келген мемлекеттің даму мен өркендеу дәрежесінің көрсеткіші. Сондықтан да Тәуелсіз Ел атанған алғашқы күннен бастап білім, ғылым саласын әлемдік өркениет талаптарына сай сапалық жағынан жақсарту мақсатын қойды. Бүгінде осы талап биігінен көрініп, елімізде білім, ғылым салалары айрықша даму жолына түсті. Жыл сайын елімізде қаншама мектептер бой көтеріп жатыр, оның іші заманауи технологиялармен жабдықталған, мықты мамандармен толығып отыр. Яғни, білім аламын деушілерге барлық жағдай жасалып қойған. Себебі нарық заманында бәсекеге тек білімді азамат қана түсе алады. Рас, азаттық алумен іс бітпейді. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін заманға сай амалың болуы керек екен.
Қазір біз болашағымызға алыстан қарай алатын, зайырлы, өркениетті, индустриалдық жаңғырту жолында жоғарғы қарқынмен дамып келе жатқан мемлекетпіз. Жалпы, Қазақстанның білім жүйесін жаңғырту арқылы, елімізде халықаралық озық тәжірибеге негізделген білім беру бағдарламаларын енгізуге мүмкіндік алдық. Қазіргі уақытта жаңа технологияларды қолдану арқылы жаһандану үрдісіне көшудеміз. Сондықтан білімді ұрпақ тәрбиелеп отырған мемлекет ешкімнің қол астында қалмай, азаттығымен мәңгі мақтанатын ел болатынына нық сеніммен қараймын.
XXI ғасыр – ақыл-ой, білім-ғылым, инновация мен креативтілік негізінде үнемі өзгеріп отыратын орта қалыптастырды. Жылдам өзгеріп отыратын өзгермелі кеңістікте сапалы білім арқылы осы қасиеттерді азаматтар бойына сіңіру адам танымын дамытудың бірден-бір жолы.
Қорыта келгенде 30 жыл ішінде жеткен жетістіктердің маңыздылығын бағалай отырып, біз болашаққа үлкен сеніммен қарай аламыз. Елбасымыздың 90-шы жылдарда анықтаған стратегиясының арқасында біздің еліміз осындай аз уақыт ішінде құрметке ие, жетістіктерін танитын, сөзіне құлақ салатын мемлекетке айналып отыр. Елбасымыздың осы қиын жолда сіңірген еңбегі зор, баға жетпес. Өз сөзінде «Менің арманым — Қазақстанның «Мәңгілік ел» болуы. Заман өтеді, адамдар өтеді. Бірақ тәуелсіздік қалады» демекші, ата-бабамыз аманат етіп кеткен тәуелсіздігімізді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру, оны сақтап қалу біздің борышымыз.
Педагогика ғылымдарының кандидаты,
І.Жансүгіров атындағы
№58 мектеп директоры
Самал Ботаханқызы