Асаинова Айнур Рахимбаевна
«Павлодар қаласының
№ 24 жалпы орта білім
беру мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Мақал-мәтелдердің құрылымдық ерекшеліктері. Мақал-мәтелдің өң бойында поэзияға тән жинақылық, үнділік, саздылық, ұйқас, ырғақтылық байқалады. Онда артық сөз болмайды. Барлығы өз орнында, екшеленген, сұрыпталған, жымдаса біріккен, ой-өрнек ажыраспас туыстық тапқан, ішкі мазмұнына сыртқы формасы сай үндестік тапқан болып келеді. «Ер дәулеті — еңбек» деген мақалды талдап көрелік. Осындағы сөздердің бірін де өзгерту мүмкін емес. Мұндағы негізгі ой – еңбектің құдіретін, ол бүкіл игіліктің көзі екенін білдіру. Ой қазығы «еңбек» деген сөз ерекше естіліп тұр. «Дәулет» сөзінің мақал бітіміне кіруі де соған байланысты. Оның орнына «ырыс, байлық, молшылық» т.б. сөздердің біреуін де ала алмайсың. Сөздер сол бітімінде ғана үлкен ой жүгіне ие. Сөздерді ауыстырып қолдансақ, онда бұл мақал поэтикалық қасиетінен де, мән-мағынасынан да айырылады, мақалдың қасиеті түсініксіз болады. Мақал-мәтелдерде халық сөзді барынша үнемдеп қолданады. Тіпті кейде кейбір сөзді тастап кетіп отырады. Мысалы, «Ақыл – жастан, асыл – тастан» мақалында «шығады» деген сөз қалып қойған. Бірақ одан мақал ойсырап тұрған жоқ. Түсіп қалған сөз өз-өзінен ойға оралып, ишарамен білінеді.
Мақалдарды жасаудағы көркемдік тәсілдердің бірі – әсірелеу. Мысалы, «Көп түкірсе – көл», «Жақсы – ай мен күндей, әлемге бірдей». Сондай-ақ салыстыру әдісі жиі қолданылады. Мысалы, «Жақсы қыз – жағадағы құндыз, жақсы жігіт – аспандағы жұлдыз». Мақалдар мен мәтелдердің үш жақты ерекшелігі бар тұлғалар екендігіне ғалымдар ертеден-ақ назар аударып келеді. Біріншіден, мақалдар мен мәтелдер – фразеологизм сияқты тілдік құбылыс. Екіншіден, пайымдау мен ой-пікірдің түйіні ретінде логикалық тұлға. Үшіншіден, келелі ой, кең мазмұнды қысқа айтып, қорытынды жасаудың тамаша үлгісі. Мақал-мәтелдердің осындай үш жақты қасиеті оларды тілдік құбылыс ретінде және ойлау құбылысы ретінде бөлек-бөлек зерттеуді қажет етеді. Мақал мен мәтелдер де әртүрлі дәуірдегі нақты өмір шындығына, халықтың ерте кездегі ұғымына, ой-санасына сай келіп отырады. Мақал-мәтелдер фразеологизмдер сияқты құрамын сақтап қолданылады, олардың сөздерінің орнын ауыстыруға болмайды. Олар қай тұрғыда болсын, я морфологиялық, я синтаксистік тұрғыда болсын, өзгеріссіз, даяр күйінде қолданылады. Мысалы, «Аздың қадірін білмеген, көптің қадірін қайтіп білер» деген мақалда құрамындағы жеке сөздердің берер мағынасы сөз болып отырған жоқ, түгел бір мақалдың тұтас мәні сөз болып тұр. Мақал-мәтелдердің игі қасиеттерге үндеу, ақыл өсиет сипатында болатындары баршамызға мәлім, яғни, ішкі мазмұнның сыры олардың өздеріне ғана тән, меншікті мағынасы бар оралымдар екендігін дәлелдейді.
Мақал-мәтелдердің мағынасы сөйлемнің бастапқы мағынасымен жарыса отырып дамиды да, келе-келе астарлы мәнге өтеді. Мысалы, «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында», «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» дегендер тура мағынасымен қатар, ауыспалы мағынаға да ие. Ол мағыналар бір-бірімен астарласып, байланысып жатыр. «Адам аласы», яғни адамның жаман пиғылы, жағымсыз жақтарын сырт бітімінен көре, сезе алмайсыз. Демек, сөйлемнің фразеологиялық мағынасы «ала» сөзінің ауыспалы мағынасының негізінде қалыптасқан. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» сөйлеміндегі туынды мағына «біреуге ор қазу» бөлігінің мағыналық өзгерісінің жемісі, яғни «басқаға жамандық жасау» деген ұғымды білдіреді. Ал «өзің түсесің» сыңары «ор» сөзімен байланысты туынды мағынасын дамытып, тұтас сөйлем «басқаға жамандық жасасаң, өзің де жамандықтан аулақ қалмайсың» дегенді білдіріп тұр.
Мақал-мәтелдердің өзара айырмашылығы. Мақал-мәтелдер құрылысы жағынан сырттай ұйқсас болып келгенімен, олардың мазмұнды түйіндеуінде, ойды шешуінде өзіндік ерекшеліктері, аыйрмашылықтары бар. Ол айырмашылықтар мен ерекшеліктер мақал-мәтелдің ойды түйіндеу жағынан да, құрылымы жағынан да байқалады. Мысалы, «Ерге жаттың тізесі батса, ағайыншыл болады» деген мақалда ердің ағайыншыл болуының себебі жаттан көрген қиянатымен байаныстырыла білдіріліп тұр. Яғни, іс-әрекеттің себеп-салдары сөз тіркесінен-ақ байқалып тұр. Мақалдардан өмір құбылыстары типтендіріліп, дәлелдеу мен қорытынды пікір бірдей жүріп отыратындығын байқаймыз. Ал мәтел құрылысы жағынан мақалдан өзгешерек. Мәтелде қорытынды ой, түйін айтылмайды, тұспал ғана болады. Бейнелі сөз айшығы арқылы берілген ойды тыңдаушы өзі топшылайды, тұжырым жасайды. Мысалы, «Көппен көрген – ұлы той» дегенде тұспал ғана бар. Бұл жерде мағынаны тыңдаушы өзі қорытуына тура келеді. Мәтелде дәлелдеу де, тиянақты тұжырым да болмайды, мағына ашық емес, қорытынды пікір жоқ. Мақалмен мәтел бір-бірінен осындай белгілерімен ерекшеленеді.
Мақал-мәтелдердің тақырыптары. Мақал-мәтелдердің тақырыптары әр алуан. Олар халықтың әлеуметтік, шаруашылық, рухани өмірін түгел қамтиды. Мақал-мәтелдердің басты тақырыбының бірі – Отан, туған жер, атамекенге байланысты. Елін, Отанын емірене сүйген халқымыз, Отанын шексіз сүюді ұрпағына өсиет еткен. «Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен де жақсы», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Өз елің — алтын бесігің», «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» деген мақал-мәтелдерде халықтың туған жеріне, атамекеніне, Отанына, еліне деген сүйіспеншілігі терең түйінделген. Мақал-мәтелдердің үлкен бір саласы еңбекке арналған. Халық еңбекті әр уақытта ардақтап, бүкіл игіліктің көзі деп таныған. Бұл «Еңбек түбі – береке», «Еңбек етсең, емерсің», «Ер дәулеті – еңбек», «Бейнет түбі – зейнет» деген мақалдардан айқын аңғарылады. Халық еңбек пен бақытты егіз деп қараған. Адамды ер атандырып, құрмет, қуанышқа жеткізетін де еңбек деп білген. «Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізет», «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік мұратқа жеткізер», «Еңбек еткен – мұратқа жеткен», «Әрекет болмай, берекет жоқ» — деп, халық еңбекті мейлінше дәріптеген. Сонымен қатар жалқаулықты, еріншектікті дәріптеген. «Тауық құс емес, жалқау кісі емес», «Ақымақ күлкіге тоймас, жалқау ұйқыға тоймас», «Жұмысы жоқтық – ырысы жоқтық», «Еріншектің егіні піспес», «Еңбек адамды бүтіндейді, жалқаулық адамды түтіп жейді» деп, халқымыз жалқаулықты шеней отырып, еңбек адамының беделін биіктетіп отырған. Мақал-мәтелдің енді бір саласы ерлікке, батырлыққа байланысты туған. Халық ерлік пен елдікті бірдей көрген. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар», «Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы», «Ер бір рет өледі, ез мың рет өледі» — деп, халық ел қорғаны батырды мадақтаған. Мақал-мәтелдерде ер мен ез, батыр мен қорқақ қатар сипатталады. Сөйтіп, елге ерді үлгі-өнеге етсе, қоян жүрек қорқақты жеріне жеткізе сынайды. Жастарды ерлікке баулуды мақсат етеді.
Ынтымақ – бірлік туралы да мақал-мәтелдер көп. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп, қазақ елді бірлікке үндеген. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» деген мақал елді бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға шақырып тұрғандай. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді», «Ынтымақтың арты – игі» деген дана халқымыз байлықта, ырыс-береке де, елдік те, күш те бірлікте екендігін меңзеп, үлкен түйін жасаған. Қазақ халқының негізгі күн көрісі, кәсібі, тіршілігі малға балайнысты болғанын білеміз. Сондықтан төрт-түлік малға қатысты мақал-мәтелдер де – өз алдына бір сала. «Мал – баққандікі, жер – жыртқандікі»ғ «Өлкенің көркі мал болар, өзеннің көркі тал болар», «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның – көл-көсір» деген мақал-мәтелдер – осы ойдың айғағы. Сол сияқты егіншілік кәсібіне байланысты мақал-мәтелдер аз емес. «Жердің сәні – егін», «Ексең егін, ішерсің тегін» деген сияқты т.б. мақалдар бар.
Енді бір алуан мақал-мәтелдерде өнер-білім, оқу, ғылым дәріптеледі. Халқымыз олардың қоғамдық өмірдегі орнын ерекше бағалаған. Адамзат баласының дүние тіршілігіндегі қол жеткен табыстары – адам еңбегінің, ғылым білімнің жемісі. Сондықтан халықтың «Білімді өлмес, қағазда аты қалар, ұста өлмес, істеген заты қалар», «Өнер – ағып жатқан бұлақ, білім – қайық», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген мақал-мәтелдері білімге, өнерге үндейді. Адамгершілікке байланысты мақал-мәтелдер де – қазақ мақал-мәтелдерінің ең бір қомақты саласы. Бұл тақырыпты қамтитын «Әдептілік, ар ұят – адамдықтың белгісі», «Жарлы болсаң да арлы бол», «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» деген сияқты мақалдар көптеп кездеседі. Қоғамдағы қатынастарға, әлеуметтік мәселелерге, ата-ана, туған-туысқан, денсаулық т.б. тақырыптарға арналған қазақ мақал-мәтелдері тілімізде кең орын алған. «Ата – ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жаралы болғанда білерсің», «Ананың сүті – бал, баланың тілі – бал», «Баласыз ана – гүлсіз алма» деген мақалдар баланы ата-анаға деген құрметке, сүйіспеншілікке баулуды көздеген. Ал, «Денің сау болса, жарлымын деме», «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» деген мақалдарда да ғибрат мол екендігі даусыз.
Мақал-мәтелдер –ауыз әдебиетінің бір түрі. Мақал-мәтелдерде нақыл сөз, ақыл, білім айтылады. Мақалды көп біліп, көп қолданылатын адамның білімі де, ақылы да арта түседі. Мақал-мәтелдердің шығу тарихы туралы айтылады. Қазақ халқы мақал-мәтелге өте бай. Мақал мәтелде халқымыздың өніп-өсуіне, мінез-құлқын қалыптастыруға, тіршіліктің қыры мен сырын түсінуге, оның қайшылығын тануға терең баға беріледі. Мақал-мәтелді кез келген адам шығаруға құқылы. Ал ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, уақыт арқалатқан жүкті мойымай көтеріп, сөйтіп, қалың елдің мұқтажын өтейтін мақал-мәтелдер салиқалы ой иесі, ділмар шешен, адуын мінезді ақындар араласуымен жасалған. Қазақтың мақал-мәтелдеріне өз үлесін қосып, отты сөздері ел аузына кең тараған М. Әуезов, Б.Момышұлы, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сияқты ұлы адамдар есімі ел есінде сақтаулы. Қазақ халқының даңқын шығарып, абыройын асырған ұлдардың бірі – жазушы, қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының «Ер серігі – сергек ой», «Сын ерді шыңдайды, қорқақты қинайды», «Азаматқа өмірден ар қымбат, өлімнен ұят күшті», «Қорқақ – дөрекі, әрі ақымақ» деген ұлағатты сөздері қанатты сөздер қатарынан шығып, мақал-мәтелдер қатарынан мықты орын алуы заңды құбылыс десе болады.
«Тәрбие тілден басталады» дейтін халқымыз ана омырауынан ажырамаған кезден-ақ бөбегің ана тілінің ақ уызымен ауыздандыра бастау керектігін, ана тілі – адамның ғұмыр бойғы серігі, рухани қуаты, күрестегі құралы екендігін меңзеп отыр. «Әкесіне қарап ұл өседі, шешесіне қарап қыз өседі», «Әкесіне қарап, ұлын сына» деген мақалдардың ұлағатына көз жіберіңізші. Өзіне тартқан өнегелі ұл өсіре алмаған әке ұятты, ал абыройлы әкеге тартып өсе алмаған жасық, болбыр ұл да ұятты деп тұрған жоқ па? жақсысы мен жаманын саралай алады, өзі де терісінен түңіледі, безеді, тектісіне еліктейді, өзгелерді де еліктіре ертеді. «Білімсіз бүлдіреді, ата-анасын күйдіреді» … бұл да бір ақылды мақал. «Ананың алдында асқар тау да аласа», «Ана – өмірдің қайнар бастауы», «Ана болған дана болады», «Ана – бала бақытының бағбаны» деген мақалдар кімге болсын ана алдындағы парызды ақтаудың биік маңызын ұқтырып тұр. Ержеткен ұл, бойжеткен қыздың ешбір жарғымен бекітілмеген, халық өзі шығарған заңында аталған парызы бар. Ол: «Ана алдында – құрмет, ата алдында – қызмет». Ана парызын өтеуден артық құрмет, ата парызын өтеуден асқан қызмет жоқ екенін ұғындырып тұр бұл мақалдар. «Көпке пайдаң тисе, төбең көкке тиер» деген мақалдың тәрбиелік мәнін ашып көрейік. Кез келген адамның өзіне бұйырғаны тек өзінің ғана игілігі емес екені белгілі. Жеке азамат тағдырының мәнділігі қалың қауымға тигізетін себімен, көмегімен өлшенетіні де даусыз. Ендеше көпке тигізген пайда арқасында кім болса да құрметке ие болатыны да айғақ нәрсе екені ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін сияқты. Халқымыздың кемеңгерлігін дәлелдейтін даналық сөздерді бір еңбектің аясында жинау мүмкін емес.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- М. Әлімбаев. «Халық – қапысыз тәрбиеші». Алматы – 1976
- Б. Адамбаев. «Халық даналығы». Алматы – 1976 3. С. Ұзақбаева. «Оқушыларға эстетикалық тәрбие беру». Алматы – 1988
- С.Қалиев. «Халық педагогикасы хақында бірер сөз». Алматы – 2000.
- Ж.Алтаев. «Ежелгі рухани таным және қазақ философиясы». Алматы – 1999
- Қ.Жарықбаев., С.Қалиев. «Қазақтың тәлімдік ой -пікір антологиясы» Алматы – 1994 6. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы №5, 2004