Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№ 108 ЖББМ
Қазақ тілі әдебиеті пәні мұғалімі
Темирбекова М.
Тәуелсіздік-ТӘҢІРдің тәтті тартуы. Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес. Жыл сайын жанымызды шүберекке түйіп, не қуанарымызды, не қайғырарымызды білмей, өз-өзімізді жұбатып жүргендейміз. Қазақстан Республикасы-тәуелсіз ел! Оның бастамасы 1990 жылы 25 қазанында қабылданған егемендігіміз туралы декларация еді. Тәуелсіз мерекесін 25 қазанда Республика көлемінде кеңінен атап өтіп, күз жемісін молынан беріп жатқан шақта барша ел неге шын шаттанбасқа?!
Тәуелсіздік монументіне тәу етуге келгендерге күдікпен, қорқынышпен қарайтын күйдеміз. АЛЛАның қалауымен, бабаларымыздың батырлығымен, аналарымыздың дұға-тілегімен, егемен елміз. Елбасымыздың елеулі еңбегімен шекарамыз шегенделген.
Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Өз алдына ел болуға өзіндік тілі, әдебиеті бар ел ғана жарамды» деген екен. Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігін нығайтудың, ұлтымыздың тұтастығын сақтап қалудың негізгі алғышарттарының бірі – ана тіліміздің мерейін көтеру, пайдалану аясын кеңейту. Осы ізгі парыздарды орындауда қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің рөлі ерекше деп санаймын. Ана тіліміздің ғажайып әуездігін сезінуге, ақын-жазушыларымыздың бай мұрасын меңгертуге ұстаздың атқаратын қызметі күрделі.
Жалпы білім берудің Қазақстандық санасында өз халқының тарихи тамырын, рухани және адамгершілік қағидаларын , азаматтық және отансүйгіштік идеяларын сіңіре білу керек. Сондықтан да еліміздегі ұлттық кемелдендіру ел болашағы – жас ұрпақты жаңа инновациялық әдісте рухтық тәлім және білім негіздерімен сусындатып, қалыптастырумыз керек.
Мен «Тәуелсіздік» ұғымын білімді ұрпақпен байланыстырғым келеді. Қазіргі заман – жаңалықтар, іздену мен білім ғасыры. Біз барша адамзат баласы қоғаммен бірге дамып келеміз. Ал қоғамның оңтайлы дамып, дамыған елдер қатарын толықтырғымыз келсе, біз оқушыларымызға сапалы да тиімді, өз өмірінде қолдана алатындай білім беру жолдарын қарастырып жүруіміз шарт.
Тәу етер тәуелсіздігімізді көш бастаушы, халық тағдырын сеніп тапсырған тарихтағы тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың есімімен байланыстыруға толық хақымыз бар. Елбасы салиқалы саясат ұстанып, қай істе де елге иек артты, ақсақалдың ақылына, жастың жалынына сүйенді, сертіне берік болды, антын ардақты етті. Бір кездері бодан атанған ел енді Азия алыптарының қатарынан орын алуға талпыныс жасауға ұмтылды. Елбасының «Мәдени мұра», «Қазақстан-2030», «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан», «Дағдарыстан дамуға», «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» сынды жоспарлы Жолдаулары мен бағдарламалары бүгінгі бақытты елдің басты бағдары мен ұстанар бағытына айналып отыр. Жылдар жылжып, уақыт өткен сайын Тәуелсіздігіміздің мәні жарқырай ашылып, маңызы арта түскенін бүгінгі қол жеткен табыстарымыз бен жеңістеріміз дәлелдеуде.
Мемлекетіміздің береке-бірлігін, бостандығы әрі туыстығын білдіретін, туған жердің мақтанышы болып келетін бұл мереке әрі патриоттық деп есептеледі. Бірлескен ұйымшылдық болып, бірге жаңа мақсаттарға жетуіміз, халқымыздың ырысы және гүлденіп өсуі, сыйласуы мен түсінісуі, әрқашанда рухтарымыздың биік болып, салт-дәстүрімізді әрқашан бағалап жүрсек, алда көптеген жаңа табыстарға жетеміз деген ойдамын. Бүгінгі заман талабына сай елімізде көптеген оң өзгерістер болып жатыр. Біздің еліміз дамыған 30 елдер қатарына қосылу мақсатын алдына қойып отырғаны баршаға аян. Бұл, әрине, алдымызға көптеген мақсат-міндеттерді шешу бағдарын қойып отыр. Өзгерістер еліміздің әрбір саласында болып жатқанда, білім саласын айналып өту мүмкін емес еді. Себебі, біз, ұстаздар қауымы, осы өркениетті дамыған мемлекеттің негізін қалаушы, алдағы мақсат-міндеттерді шешуші күш, өскелең ұрпақты тәрбиелеп отырмыз.
Әлемдік көштен қалмау үшін, біз ұлы атамыз айтқандай «ЕЛ боламын десең, бесігіңді түзе» деген өсиетін орындауымыз керек. Ең бастысы, біз, ұстаздар қауымы, мектеп қабырғасынан өзіндік пікірі бар, өзінің білімін күнделікті өмір қажеттілігінде қолдана білетін, функционалдық сауаттылығы қалыптасқан тұлғаны тәрбиелеп шығаруымыз керек. Үштілділік мақсаты алдымызға қойылып отырған заманда оқушыларымыз өзге тілдердің қажеттілігін айқын сезініп, құлшыныспен үйреніп жатыр. Бұл мемлекеттік тілді игеруге де ықпалын тигізері сөзсіз.
Әрбір адам өз елін, өз жерін мақтан тұтуы керек. Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болсын!
Тірімізде «Мен-қазақпын»- деп қызмет ете береміз. Ұрпақтарға да осылайша қызмет етіп кетеміз. Адалдығымызбен, адамшылығымызбен, шынайы қазақшылығымызбен, дәстүрімізбен, салтымызбен, ата-баба аманатымен, кешегіні ойлай отырып, ертеңгіден әдемі қартайып, ұрпағымыздан сый-құрмет көрген күйде , ана дүниеге адал іс жасап барсақ дейміз….