Home » Мақалалар » «Тәрбие тал бесіктен»

«Тәрбие тал бесіктен»

Ғасырдан ғасырға қайсар рухты ұл, инабатты қыз тәрбиелеп, оларға елі   мен жеріне қорған болар қасиет дарытып келе жатқан қазақ халқының өнегесі – бұл, ұрпақ жалғастығын ұлт болашағымен ұштастыратын тәрбие мектебі.

Ұлттық кұндылықтарымыз балаларды ерте жастан толыққанды дамытудың заманауи теорияларымен үйлесім табатынын ғалымдарымыздың зерттеулері анық дәлелдейді. Сондықтан ұлы  тұлғалар мен Алаш зиялыларының  рухани мұраларын  білім беру мен тәрбие мазмұнының өзегіне айналдыра отырып, мектепке дейінгі балалықтың жас кезеңдеріне сәйкес толыққанды дамытуды және өмірлік дағды қалыптастыруды қамтамасыз ету қажет.

 «Тәрбие тал бесіктен» деп, ата-бабамыз — бала тәрбиесі, оның дүние есігін ашқан күнінен басталатынын айтқан. Үш айлық нәрестесімен алдына келіп, баласын қалай тәрбиелеу керектігін сұраған жас ата-анаға «үш айға кеш қалдыңдар» деп жауап берген көреген көзді дана қария туралы аңыз ел аузында. Ерте жастан бастап лайықты күтім,  өмірге қажетті дағдыларын дамыту және оны тәжірибеде үйрету, ойын баласы үшін тек еркін іс-әрекет барысында, оның жас ерекшелігіне сәйкес келетін жолмен жүзеге асырылуы тиіс.

Баланың жеке тұлғасына деген құрметтің зор болғанын «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал тұрып сәлем берер» деген сөздерден аңғаруға болады. Осылардың негізінде отбасы құндылықтары мен ұяда алған тәрбиенің орнын ештеңе алмастыра алмасына көз жеткізуге болады. Олай болса, отбасы институтын дамыту, мектеп жасына дейінгі баланы үйде тәрбиелеп отырған ата-анаға кеңес беру, педагогикалық қолдау көрсетуді ұйымдастыру, балабақшадағы тәрбие мен білім беру процесінің қатысушысы ретінде ата-анасын, ата-әжелерін тарту іске асырылуы тиіс. Мұндай маңызды қадам өз нәтижесін берері сөзсіз, себебі монитринг қорытындысы балабақшалардағы ата-аналармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың 5 %-ы ғана тиімді, нәтижелі тәсілдерге құрылғанын, көбінесе салтанатты көрнекі іс-шаралардың аясынан шықпайтынын көрсетіп отыр.

Осы орайда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделінің 25-тармағында « тәрбиелеу мен дамыту ерте балалық шақтан басталады, бұл ғылыми тұжырымдармен дәлелденген. Балаларды тәрбиелеуде отбасындағы жайлы жағдай, ата-аналардың моральдық қасиеттері зор маңызға ие. Сондықтан балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін отбасы мен мектепке дейінгі ұйымның күш-жігерін біріктіру қажет» деп атап көрсетілген.

Баламен байланысты матрицаны қарастыратын болсақ, ол ана-бала-әке немесе әже-ана-бала-әке-ата т.б. осындай біртұтас жүйеден тұрады. Яғни, бала тәрбиесіндегі ықпалымыз, тек осы жүйенің құраушыларының іс-әрекеті бір бағытта жүргізілгенде ғана өз нәтижесін береді. Сондықтан, бала тәрбиесінде «ата-аналармен үнемі қарым-қатынаста болу және оларды бейімдеу мен оқыту процестеріне тарту мектепке дейінгі ұйым ұжымының басты міндеттерінің бірі болуға тиіс» (модель 48-т.)

«Мектепке дейінгі балалық шақ»
Республикалық орталығы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.